Ғұмар Қараштың көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы екенін Қазақстанның халқы біле ме екен? Дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ақын туралы Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы ғана біледі десек қателеспейміз. Ол өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.
Келесі жылы ақынның туғанына 150 жыл толады. Мерейлі датаны республика деңгейінде атап өтуіміз қажет.
Осы орайда жуырда Жәнібек аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға қоғамдық кеңестің төрағасы Ескендір Елемесов пен кеңес мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев және дербес бөлім басшылары қатысты.
Басты мәселе Ғ.Қараштың 150 жылдығын кең көлемде атап өту. Соның ішінде аудандық тарихи-өлкетану музейін Ғ.Қараш атындағы тарихи-өлкетану музей деп өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Мирболат Бижанұлы айтып өтті. Оның айтуынша, музейдің дәрежесі музей болса, республика деңгейінде, ал жай ғана орталық болса, аудан деңгейінде қабылданады екен.
- Республика бойынша Ғ.Қараш фотосы тек Ақмола облысы, Алжир музейінде тұр. Бұл өте аз. Ғұмар Қарашты кеңінен насихаттауымыз керек. Сол себепті аудан орталығындағы музейге ақын атын беріп, республикаға танымал ету қажет. Қазіргі музейдің ғимаратын өзгерту керек деген ұсынысым бар. Мысал ретінде жобасын өздеріңізге ұсынып отырмын, - деді Мирболат Бижанұлы.
М.Ерсаевтың сөзін қостаған Ж.Каримоллаұлы музей орналасқан ғимараттағы кітапхананы жаңа ғимарат салынғанша уақытша «Аграршылар үйіне» көшіру қажет деген ойын айтты.
- Жалпы бұл мәселе 45 жыл бұрын көтерілген еді. Сол кезде «Dana» журналында да жарық көрді. Бұл мәселенің басы-аяғында өзім жүрдім. Орталықта музей болса, туған жері Борсы ауылында музейдің филиалы болу керек. Сонымен қатар Қазақстанның «100 киелі нысанының» қатарына енген Ғ.Қараштың кесенесі 2018 жылы бой көтерсе де, көбі біле бермейді. Ақынды ұлықтау, насихаттау жұмыстары тоқтап қалды деуге болады, -деді Амангелді Мырзағалиұлы.
Қоғамдық кеңеске Ғ.Қараш атындағы тарихи-өлкетану музейін ашу және келесі жылы атап өтілетін 150 жылдығын республика деңгейінде тойлау ұсынылды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы