Бүгін Бөкей ордасы ауданына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор, «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты еңбектің авторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жұмыс сапарымен келді.
Ғалым 17 жылдан астам уақытын Еуропа мен АҚШ-тың ұлттық және корольдік кітапханаларында, мұрағаттары мен ұлттық мұражайларында, әлемнің жетекші университеттерінің картографиялық коллекцияларында Қазақ мемлекеті туралы деректер сақталған ескі карталарды іздеуге арнаған жан. Осы сапарында ол 45 мыңнан астам картаны, 300-ден астам көне қолжазба атластарын зерттеген. Нәтижесінде, Қазақ мемлекетінің үздіксіз мемлекеттілігін көрсететін жаңа жазбаша дереккөздер енгізді. Ғалымның бұл жұмысын отандық ғылымдағы бестселлер деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың бұл еңбегін жоғары бағалап, жеке қабылдаған еді.
Біздің облыс басшылығы да еліміздің тарихы, саясаттану мен этнологиясына ғылыми деректердің жаңа массивін әкелген және ата-бабаларымыздың баға жетпес мұрасын дәріптеген ғалымымызға қолдау көрсетіп, еңбегін насихаттауда. Санаулы күнде XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің көне еуропалық және американдық карталарының галереясын ұйымдастырмақшы.
Ауданымызға ат басын тіреген ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров музей-қорық кешенін аралап, өлке тарихымен танысты. Кейін музей қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерімен кездесіп, дәріс оқыды. Тарихшы ағамыздың дәрісі мазмұнды, тағылымды болды.
Үш сағатқа созылған дәрісте қазақ тарихына, топонимия және ономастика, география, лингвистика және басқа да салаларға қатысты тың мағлұматтар айтылды. Мұхит-Ардагер Сыдықназаров айтуынша, Еуропалық тарихшылардың еңбектерінде Қазақ мемлекетінің ғана емес Бөкей хандығы да картаға түсіріліпті.
- Сонау 1856 жылдары неміс, француз, ғалымдарының картасында Бөкей ордасы белгіленген.Бөкей ордасының тарихы - тамырын тереңнен тартқан, ашылмай жатқан ақтаңдақтары көп тарих. Бөкей ордасы - әлі күнге үстірт зерттелген, бізге мәлім тарихынан ашылмаған жаңалығы көп, саяси-географиялық феномен. Бөкей ордасы сонау көне заманның өзінде еуропалықтардың назарында болған. Бір емес, бірнеше монографиялық еңбектер де жазылған, - дейді ғалым.
Автор музей-қорыққа құр қол келмепті. Музей-қорық кешенінің басшысы Ғайса Махимовке Бөкей ордасына қатысты қос бірдей картаны тарту етті.
Ғайса Махимов та қонаққа "қош келдіңіз!" айтып, музейде де Қазақ мемлекетінің көне тарихына қатысты карталар галереясын жасақтауды қолға алынатынын айтты.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы