Өлең – жүрек сөзі. Кеудедегі жұмыр еттің шынайы дүрсіл қағуы. Егер жазушы сол дүрсілге ғана құлақ асса, жазғаны тап-таза болмақ. Оған төреші оқырман қауым мен мәртебелі уақыт қана. Яғни ғұмыры ұзақ поэзияны қарапайым халықтың өзі төрге оздырады. Облыста айтыс өнері ерекше сипатта дамып, құлашын кеңге сермеуде. Айтыс ақындарына қолдау да лайықты деңгейде көрсетіліп жүр. Айына бірнеше айтыс додасы өтеді. Жүлделері де қомақты, қатысушылары да демеуден шабыттанып, өңір намысын республикалық, халықаралық айтыстарда қорғап, үкілеген үмітті жарға жықпай, аспандата түседі. Осындай қолпаштау жазба ақындарына да бұйырса екен деген ойдың мазалайтыны да өтірік емес.
Әрине, олар Мұқағали Мақатаевтың «Барлық ақын – баласы бір ананың» деген өлең жолдарына көз жүгірте отырып, бөлінуден аулақ екендігін қаперге берейік. Дегенмен қағаз бен қаламға мұң шаққан жазба поэзия ақындары қай уақытқа дейін жәутеңдейді деген сұрақ өзекке тіреледі де тұрады. Үш айда, тіпті жылына бір өткізілетін мүшайралардың жүлдесі де көңіл көншітпейді. Бұл тез арада «босағада» тұрған облыс ақындарын төрге шығару керектігін ұқтырады емес пе?..
Өлеңді құрметтеген басшылар немесе ұнамды ұсыныс
Осыдан бір ай бұрын аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті жас жазба ақындарын ынталандыру һәм орта қалыптастыру мақсатында аудандар бойынша жаңалық болар бастаманы ұсынды. Жәнібек өлкесінде апта сайын спорттық сайыстардың өтетіні жасырын емес. Спорт дүбірінің жиі естілгені қуаныш, әрине. Шынығып шымыр болсақ, құптарлық әрекет. Бірақ рухани шараларға шөліркеп қалған ағайынның үнін қапқа салып, аузын матап қоя алмаспыз. Айтайын дегеніміз, аталған ұсыныспен аудан әкімі Тимур Шиниязовтың есігін қақтық. Ережесін, бағытын, бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндіріп, тың идеяның мақсатын жеткіздік. Аудан басшысы Тимур Серікұлы бір ауыз сөзге келмей, келісе кетті. Орынбасары Жақсылық Абдолов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев ұйымдастыру жұмысына білек сыбана кірісті. Іштей өлеңсүйер басшылардың ауданымызда барына, олардың көптігіне қуандық. Биыл қоғам қайраткері, ақын Рахметолла Егізбаевтың туғанына 100 жыл толғанын айтып, ақын атымен байланыстыруды жөн санаған басшылардың арқасында облыстық жас жазба ақындар арасындағы поэтикалық дуэлінің алғашқы жұмыстарын бастадық.
Поэтикалық дуэль аудандарда өтпеген
Індеттің өршіп тұрған тұсында облыстық Халық шығармашылығы орталығы «Жанартау жыр» атауымен онлайн бағытта поэтикалық дуэлін ұйымдастырған болатын. Ережесі бойынша ақындар бейнетүсірілім жасаған. Жыр қақтығысы әлеуметтік желіге жүктелген. Ал республика көлемінде бұл дода дәстүрге айналып, Шымкент, Түркістан қалаларында өтіп жүр. Батыс Қазақстан облысының ақындарына бұл бағыт жақсы таныс болса да, өз сахналарында тұрып, бір-біріне жырмен найза түйреп, арқа-жарқа болып өлеңдерін оқып көрмеген.
Екі аптада отызға жуық өлең келді
Ел ісіне араласа жүріп, өлең жазуын тоқтатпаған, аудандық газетке өзінің туындыларын үзбей беріп жүрген Рахметолла Егізбаевтың 100 жылдығына орай «Іздедім сені» облыстық поэтикалық дуэлінің ережесі жарияланғаны сол екі аптада жас ақындардан отызға жуық өлең келген. Ереже бойынша ақындар іріктеу кезеңнен өтулері үшін Рахметолла Сүйіндікұлына немесе ғасырлық тарихы бар Жәнібек ауданына арнаған өлеңдерін жолдаған. Соның ішінен комиссия мүшелерінің шешімімен үздік сегіз ақын келесі кезеңге жолдама алуы тиіс болған. Ойлап көрсек, отыз өлеңнен сегіз өлеңді ғана таңдау – қандай қиын дүние...
Ақынын қолдаған Есқайыр кәсіпкер
Сараптай келе, ұйымдастырушылар ережеге өзгеріс енгізген. Бұл туралы байқаудың ұйымдастырушысы Гүлзара Төреғалиева:
- Бәрінен бұрын поштаға келген «сен тұр, мен атайын» деген отыз өлеңнен бар болғаны сегіз ақынды өткізу өте қиын болды. Арнайы құралған комиссия мүшелері де біраз терледі. Наурыз айының он бесіне дейін қабылдау жүрді. Одан кейін келген өлеңдерді қатаң түрде қабылдаудан бас тарттық. Соның өзінде ақындар белсенділік танытты. Бірақ біз сегіз емес он ақынға жолдама бердік. Ішінде енді ғана жарқылдап келе жатқан студенттер болды. Өлеңге обал жасамауымыз керек деп шештік,- деді өз сөзінде.
Айта кетейік, жүлделер іріктеуден өткен сегіз ақынға деп келісілген болатын. Қалған екі ақынның өтетінін естіген өлеңді құрметтейтін «Символ» ЖШС-нің негізін қалаушы Есқайыр Елемесов өз атынан қос ақынға жүлде беремін деп, кеңдігін көрсетті.
Бір-бірін іздеп келген ақындар
Жыр додасының тақырыбына сәйкес іріктеу кезеңінен өткен он ақын бір-бірін іздеп, сағынып көрісті. Оларға аудан әкімдігі қалаға арнайы көлік жіберді. Ақындарды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов кіреберістен қарсы алып, қазақы дәстүрмен дәм ұсынды. Қонақжайлылыққа риза болған олар ғасыр жасаған ауданның тарихына үңілгісі келді. Сөйтіп аудандық музей бөліміне қарай қадам басты.
Тасының өзі сыр шерткен, ғимараттары соғыс жылдарынан қасқайып тұрған Жәнібек ауданының бүгінгі келбетіне сүйсіне қарап, музейге де жетті. Музей экскурсоводы Әсел Жәрдемғалиева музейдегі әр жәдігерге тоқталып, ауданның тыныс-тіршілігін кеңінен айтып берді. Ақындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ақжайық ауданынан келген ақын Бекболат Қаленов музей дәптеріне әсерін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Көлемді көрмеден ой түйді
Жас ақындар ауданға келген күні түнгі Жәнібекті тамашалап, біраз серуендеп қайтты. Келесі күні, яғни 19 наурыз күні аудандық мәдениет үйінде поэтикалық дуэль өтті. Әуелі олар орталық алаңдағы Ғұмар Қараш ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етті.
Содан соң аудандық кітапхананың кітапханашысы Ақтілек Әлібекұлын тыңдап, көлемді көрмемен танысты. Көрмеде ауданның мерейтойына орай жарық көрген анықтамалықтар, талантқа бай өлке дарындарының өмірдерегі табылды. Сонымен қатар Рахметолла Егізбаевқа арналған «Көлборсыны түлеткен жан» атты көрмені тамашалап, ақынның жан-жақты қырына қанықты. Журналистер Одағының мүшесі Жазушылар Одағымен тығыз байланыста болып, республикаға танымал ақын-жазушыларды ауданға шақырып, аудан жұртшылығымен кездесулер ұйымдастырған. Ғабит Мүсірепов, Қадыр Мырза Әли сынды қаламы қарымды қаламгерлер Жәнібек төрінде көсіле сөйлеп, қазақ әдебиеті хақында ойларымен бөліскен. Борсы ауылында әр жұма сайын әдебиет жұмасын өткізуге мұрындық болған. Көрменің атауы да сол үшін «Көлборсыны түлеткен жан» деп аталды. Ақындық қырынан бөлек Рахметолла Сүйіндікұлы білікті басшы бола білген. Ол кісі билікке келген жылдары ауданда бірқатар құрылыс нысандары бой көтерген. Оның ішінде бірнеше көп қабатты тұрғын үй, аудан әкімдігі, №1 орта мектебі мен Жәнібек колледжі бар. Ақынның «Дала бұлбұлдары», «Қараша қаздар қайтқанда», «Шешуші күш», «Іздедім сені» жыр жинақтары жарық көріп, оқырман қауымның жастана оқитын кітаптарына айналған. Көрмеге зер салып тыңдаған жас ақындар мен байқау көрермендері ой түйіп, қоғам қайраткерінің еңбегіне, келелі істері мен шығармашылығына бас иді.
Өлең салтанат құрды
Әне-міне дегенше жыр додасы басталды. Сахнаның шымылдығы «Жәнібек сазы» халықтық ансамблінің күмбірлеген күйімен ашылып, ұлттық рухтың әсерін сезіндік. Рахметолла Егізбаевтың туған жер, Шәрімбет сайы туралы жазылған өлеңдерін аудан өнерпаздары жоғары деңгейде жеткізіп, өлеңге шөлдеп келген ағайынға ақынша «қош келдіңіздер» айтты. Алғы сөзді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов алып, байқаудың мақсаты мен маңызын түсіндірді.
- Біз ақынның шығармашылығын насихаттауға міндеттіміз. Ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе жан елді сүйетінін сөзімен ғана емес ісімен де дәлелдеді. Ақынның 100 жылдығына ақындардай ешкім үлес қоса алмайды. Сол себепті осы байқауды жариялап, Жәнібек төрінде өлең салтанат құрғанын қаладық. Аудандардан, қаладан келген жас ақын інілеріме сәттілік тілеймін. Рахметолла Сүйіндікұлының рухына арнап, күз мезгілінде бәйге жасасақ деген ойымыз бар. Жәнібек ақындарын құрметтеуден ешқашан жалықпайды,- деді өз сөзінде.
Жыр додасының әділқазылары да ерекше болды. Төрағасы «Ерен еңбегі» үшін төсбелгісінің иегері Қуаныш Амандықов, мүшелері «Ар» жинағының авторы Абдул Рахметов, жәнібектік ақын Манас Жармұхамбетов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тәжірибелі мұғалімі Әдемі Ахметова, өлең десе, жыр десе ішкен асын жерге қоятын Лариса Абдуғалиева ақындардың өлеңдерін сараптады. Жас жүйріктер сахна төріне шығып, іріктеу кезеңіне жолдаған өлеңдерін арқырап оқыды. Содан кейін алдын ала онлайн жұпталған тәртіп бойынша поэтикалық дуэльде сынға түсті. Ақжайықтық Бекболат Қаленов бастап, оралдық Аманжол Исламғали түйіндеген алғашқы кезең залды дүр сілкінтті. Жәнібек ауданының табиғат тамашасы мен киік, ауылдан қоныс аудару мәселелері ақындардың жырына арқау болған. Рахметолла Сүйіндікұлының да тұлғалық келбеті ашылып, ақындар барынша іздене білген. Оған тасқалалық Меңдібек Лұқпановтың «Жүректегі сөз» микропоэмасы дәлел бола алады.
Поэтикалық дуэльді бастаған Нұрлан Әбесов пен Бекболат Қаленов қиялға берілсе, жалғастырған Бекзат Хожамедов пен Марлен Ғилымхан махаббат, сезім жайында тебіренді. Меңдібек Лұқпанов пен Төрехан Насиев, Әділет Орынбасаров пен Абылайхан Мақсұтов, Дәурен Шамұратов пен Аманжол Исламғали нағыз жыр қақтығысын көрсетті. Көрермендер қошеметке бөлеп, ақындардың шабытын үдете түсті. Ереже бойынша үш өлеңнен ғана оқуы керек болған жастар халықтың сұрауымен жеті өлеңге дейін оқыды. Қазыларға ақтық кезеңге өтетін жұптарды анықтау қиын болғаны сөзсіз. Дегенмен байқау болған соң біреу жарқырайды, енді біреу додадан тыс қалады. Қуаныш Сайлауұлы әріптестерімен ақылдаса келе шешуші кезеңге Абылайхан, Әділет, Дәурен, Марлен, Төрехан, Бекболат ақындарға жолдама берді. Осылардың ішінен суырылып алға шыққан Әділет Әлібекұлы бас жүлдені қанжығасына байласа, Дәурен Ибатұлы жүлделі 1-орынды иеленді. Жүлделі 2-орын Бекболат Қаленовке, 3-орын Төрехан Насиевке бұйырды. Сондай-ақ Рахметолла Егізбаев атындағы байқаудың арнайы жүлдесін ақынның қарындасы Айжан Егізбаева арқалы ақын Абылайхан Мақсұтовқа, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың арнайы жүлдесін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев Марлен Ғилымханға табыстады. Қалған төрт ақынға алғысхат берілді.
Бұл поэтикалық дуэльден ақындар құр алақан кетпеді. Барлық қатысушыға ақшалай сыйлықтар беріліп, ақынның өлеңдерімен көркемделген күнтізбе, қойын дәптер де сыйға тартылды. Ақындарға баға берген Абдул Рахметов жолда жазылған Жәнібек ауданына арнауын оқыса, Қуаныш Амандықов өзінің тамаша пікірін білдірді.
- Шындығында орталықтан шалғай жатқан қарапайым аудан осындай деңгейде байқау ұйымдастыра алады деген ой түсіме де кіріп шықпапты. Мен ақындардың өлеңдерін бағалаудан бөлек рахаттанып отырдым. Жанымды поэзия билеп, сезімге берілдім. Жүлдегерлерді анықтау оңай болмады. Барлығы да қалыптасып қалған озық ақын бауырларым. Көрермендердің ықыласын ескере отырып, өлеңдерінің көркемдік құрылысы мен жеткізу шеберлігіне қарап, бас жүлде иесін анықтадық. Бұл дода жалғасын табуы керек деп есептеймін. Жәнібек бастаған жоба басқа аудандарда жалғасын тапса, оны осы әкімдіктей басшылар қолдаса, жазба ақындарының ғұмыры ұзақ, шығармашылығы өміршең болмақ,- деді қазылар алқасының төрағасы.
Поэтикалық дуэльдің ережесі бойынша бас жүлде алған ақын аталмыш доданы өз ауданында ұйымдастыруы тиіс. Марапаттау рәсімінде жылжымалы кубок табысталып, жыр аманаты берілді. Енді бәйге Теректі ауданында жалғасын табады. Жәнібектен жылжыған кубок осылайша барлық ауданды шарлай бермек. Байқауда топжарған өлеңдерді алдағы газет сандарында жариялайтын боламыз. Жәнібек деп дүрсіл қаққан жүрек сөзі оқырман қауымға ұсынылады.
P.S. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегенді біз де айтудан жалықпаймыз. Жоғары деңгейде өткен додадан аз болса да уақытын қиып келген аудан жұртшылығы ерекше әсермен қайтты. Бірақ залдың үш қатары ғана толды. Ұйымдастырушылар тарапы байқауға дейін арнайы шақырту билеттерін таратып, барлық бөлім, мекеме басшысына қызметкерлерімен келуін өтінген. Дегенмен ардагерлер мен кітапханашылар ғана ортадан табылды.
Ақтілек Орынбасар,
Жәнібек ауданы