Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 5,3 млн-нан астам автокөлік тіркелген, оның 88,1% - ы жеңіл автомобиль.
Бұл ретте электромобильдерге сұраныс айтарлықтай өсті, олардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2 есеге – 914-тен 8366 бірлікке дейін өсті.
Алаяқтар да автомобиль нарығындағы үрдістерді қадағалап, әр түрлі тұзақтарды ойлап табады. Олар туралы Fingramota.kz толығырақ айтып береді.
№ 1 тұзақ – «Автокөлік иелеріне көмекшілер»
Қазақстанда қарыздарды, оның ішінде автокредиттерді ресімдеу және АҚЖО және КАСКО бойынша сақтандыру төлемдерін алу бойынша делдалдық қызметтерді ұсынатын кредиттік немесе сақтандыру «көмекшілері» кезең-кезеңімен жанданып жұмыс істейді. Азаматтар «көмекшілер» темір атқа қатысты мәселелерін жедел шешеді деп ойлайды және алаяқтарға өздерінің жеке деректерін: жеке басын куәландыратын құжаттың сканерленген көшірмесін, төлем карточкаларының толық деректемелерін, SMS-кодтарды және т.б. өз еркімен береді. Делдалдармен барлық өзара іс-қимыл жасау әдетте онлайн форматта болса да, осылай әрекет етеді.
Шын мәнінде, алаяқтар өз құрылғыларынан азаматтардың жеке кабинеттеріне қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Онлайн-банкингті «бұзу» арқылы қылмыскерлер сервиске байланысты ұялы нөмірді оңай өзгерте алады және бөгде адамдарға тіркелген өздерінің нөмірін көрсетеді. Бұдан кейін олар алаяқтықтың құрбаны атынан онлайн-қарыздар алу үшін әртүрлі МҚҰ-ға өтініш бере бастайды. Нәтижесінде алаяқтықтың құрбаны атына кредит ресімделеді және шоттағы барлық қаражатты қаскүнемдер үшінші тұлғалардың – дропперлердің шоттарына аударады.
Дропперлерді алаяқтар әдетте, олардың заңсыз алынған ақшаны әртүрлі шоттар арасында аударуы үшін «жалдайды». Бұл қылмыскерлерге іздерін жасыруға және тергеу жұмысын қиындатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте алаяқтық аударымдар әртүрлі елдерде және әртүрлі адамдардың атынан жасалуы мүмкін. Дроппер өз жұмысы үшін өзінің көмегімен қаскүнемдер аударған ақшаның пайызын алады. Ал қарыз алушы алаяқтарға алданғанын біліп, алаяқтық әрекетті дәлелдей алмай, қалтасын сипап, ақшасыз қалады.
№ 2 тұзақ – «Басқа елдерден көлік сатып алу немесе айдап келу»
Қазақстандықтар күннен күнге таяу және алыс шет елдерден автокөліктерге тапсырыс беруде. Мұнда шетелден көлікті сатып алатын немесе оны айдап келетін делдалдарды іздеу кезінде абай болу керек. Еліміздің аумағы бойынша көлікті жеткізу кезінде, мәселен, тапсырыс Алматы қаласына келді делік, көлікті елордаға дейін айдап апарып беретін адамды іздеу кезінде де қырағылықты жоғалтпау керек.
Алаяқтар көлікті тасымалдау бойынша қызметтерді ұсына отырып, әлеуметтік желілерде жалған сайттар, топтар, мессенджерлерде арналар құрады. Адамдар қызмет үшін ақы төлейді, содан кейін автомобильсіз және қаражатсыз қалады. Қаскүнемдер автомобиль құнының 20-30%-ы мөлшерінде және одан көп алдын ала ақымен тапсырыстар қабылдайды, және осыдан кейін ақшамен бірге жоқ болып кетеді.
№ 3 тұзақ – «Кепілге салынған/тыйым салынған көлікті сату»
Алаяқ төмендетілген бағамен көлік сатып алуға ниет білдіруші адамдарды іздестіріп тауып алады, өзін банк қызметкері немесе ЖСО деп таныстырып, көлікке тайым салынғанын/кепілде екендігін және оны кепілден/бұғаттаудан шығара алатындығын хабарлайды.
Қылмыскер шынайылық үшін кездесуді ауыртпалық салынған автомобильдер тұратын банктің тұрағында немесе шынайы ЖСО ретінде белгілейді. Көбіне мұндай тұрақтарға кіру қолжетімді. Жалған қызметкер әлеуетті құрбан болатын адамға тұрақтағы басқа адамдармен байланыспауды, мәміле құпия түрде болуға тиіс екендігін айтады. Құрбан болатын адам ақшаны қаскүнемге береді, ал ол осыдан кейін жоқ болып кетеді.
№ 4 тұзақ – «Бір машина – әртүрлі бағалар»
Қаскүнем хабарландыру сайттарынан стандартты бағамен көлік сату туралы ұсыныстарды тауып алады, осыдан кейін хабарландыруды көшіріп алып, машинаны нарықтағы ең төменгі бағамен сатуға қояды. Содан кейін машинаның шынайы сатушысымен байланысып, оған көлікті сатуға көмектесетінін, ал сатқаны үшін комиссияны сатып алушыдан алатынын хабарлайды. Алаяқ сатып алушыларды сатушыға жіберіп отыратындығын айтып, көліктің техникалық жай-күйін көрсетуді сұрайды.
Нәтижесінде алаяқ ықтимал сатып алушылармен кездесулер белгілейді, көлікті өзінің көмекшісінің, туысының көрсететінін айтады, ал шындығында ол адам мұның барлығынан бейхабар көлік иесі болып табылады. Содан кейін алаяқ бірнеше сатып алушыдан кепілақы алып, өзі жоғалып кетеді, ал көлік құралының нақты иесіне меншік иелерінен шағымдар келіп түседі.
Көлікті сату, тасымалдау, қажетті құжаттарды ресімдеу және т.б. болсын, әсіресе сізге көлікті нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада ұсынатын жағдайда, әрдайым кез келген ұсынысқа сын көзбен қараңыз.
Сізге тиімді жағдайларда банктік қарыздар немесе микрокредиттер ресімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, кредит ресімдеу үшін ақшалай сыйақы бермеңіз. Бұлар – алаяқтар!
Мәміле шарттарының қаншалықты тартымды екендігіне қарамастан көлік сатып алу үшін кепілақы, аванс немесе кепіл ретінде ақша аудармаңыз.
Көлік сатып алу кезінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе, сот кабинеті сияқты ашық дереккөздерінен сатушы жайлы жан-жақты біліп алыңыз, теріс пікірлердің болуы-болмауын тексеру үшін интернеттегі іздеу жүйелері арқылы сатушының деректерін тексеріңіз. Қарыздар мен микрокредиттер алу үшін тікелей банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына жүгініңіз. Кез келген кредит – үлкен жауапкершілік екенін әрдайым есте ұстаңыз.
Цифрлық тазалықты сақтаңыз! Бейтаныс адамдарға WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлер арқылы өзіңіз және картаңыз: құпиясөздер, логиндер, кодтар, ЭЦҚ-кілттер және басқа дербес деректер (ЖСН, жеке куәліктің немесе паспорттың нөмірлерін, төлем картасының деректемелерін: картаның артындағы үш таңбалы код (CVV/CVC-код), оның нөмірі, қолданылу мерзімі және т.б.) туралы мәліметтерді бермеңіз. Әлеуметтік желілерде жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыздың және төлем карталарыңыздың суреттерін жарияламаңыз. Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша вирустық, тыңшы немесе үшінші тұлғаларға сіздің құрылғыңызды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) қосымшаларды жүктемеңіз. Фишингтік сілтемелер бойынша өтпеңіз. Күмәнді сайттарда тіркеуден өтпей тұрып, олардың https:/-тан басталуға тиіс мекенжайын тексеріп алыңыз.
Алдау дерегін дәлелдеу, оған қоса қаскүнемдерді іздеп табу кейде құқық қорғау органдарының қолынан келе бермейді. Сондықтан мәміле жасамас бұрын сатушыны мұқият тексеріңіз, төлем жасауға асықпаңыз, егер бір нәрсеге күдіктеніп тұрсаңыз заңгерден консультация алуыңызға болады.
Fingramota.kz