29.03.2024, 10:45
Оқылды: 71

«Сегіз мұғалімнің шешесімін!»

 

Бір жиында ақ жаулығы бәденді жүзіне, қынама қамзолы тіп-тік бойына жараса қалған жылы жүзді апай қасыма келіп: – Дариға сіңлім, мен сегіз мұғалімнің шешесімін, суретке түсейін деп едім балаларыма көрсету үшін, – деп қолқа салды.

e038bbd6-2f68-4154-bcd8-b8e88762602c

Елең ете қалдым. «Ойбай-ау,  бір ғана суретке түсу аз ғой мұндай адаммен. Әңгімесін тыңдауым керек» деген ой да жылт етті. Суретке де түстім, телефон нөмірін де алдым. Кейін хабарласып, өмір-деректерінен біраз жайға қанық болдым. Дәмелі Жүсіпқызы Жетпісова бұрынғы Тайпақ, қазіргі Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылында туып-өскен екен. Әкелері Жетпіс соғыс жылдары колхоз басқармасы, ауылсовет председателі қызметтерін атқарады. 1952 жылдың қысында малмен бірге ығып кеткен малшыны іздеймін деп екі күн далада қалып, содан сырқаттанып қайтыс болған. Үйелмелі-сүйелмелі екі қыз, бір ұлмен жастай жесір қалған

аналары тістелеп жүріп жеткізіпті-ау қарғаларын. Соғыстан соңғы жылдардың, жетімдіктің ауыртпалығы арқаларына батып, ащы-тұщыны жастай сезініп өскен буынның қай-қайсысымен  сөйлесе кетсең де, бір-бір тарих тарқатыла жөнелмей ме: «Әкемнен үш жасымда қалдым, мен мектеп бітіргенде анам науқастанып, облыстық ауруханада жатқан. Сонда да талабымды қолдап, оқуға жіберді Оралға. Сол кездегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институтқа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деп құжат тапсырдым. Бірінші емтихан – шығарма. Онымды жазып бітіре  бергенімде, қасымда бағып тұрған кезекші (әлде күзетші ме?) мұғалім: «Б-о-олды, болды, сендердің романдарыңды кім оқиды?» – деп алды. Әйтеуір, астына стрелкамен көрсетіп, «ойым аяқталған жоқ» деп жазып үлгердім. Содан «Бітті, құладым. «2» алған шығармын» деп, жылап-еңіреп жүрсем құламаппын. Құламақ түгілі, «4» алыппын. Екінші емтиханға кірдім де «құлап»  шықтым бірақ. «Көсемшені»  білмедім... Сөйтіп, ауылға  қайттым сылпиып. Одан кейін оқуға баруға жағдай болған жоқ. 19 жасымда тұрмысқа шығып кеттім. Жолдасым Мұрат Ғиниятұлы да сол Сайқұдықтың төлбаласы, І941 жылы туылған. Әкесі соғысқа  кеткенде алты айлық қалған екен. Ол соғыстан оралмаған әкенің жалғыз тұяғы,  мен жастай жетімдіктің зардабын тартып өскен қыз, шаңырақ құрып, сегіз бала сүйдік... Енем өте бір аяулы, есті адам болды. Балаларымызды өсіріп, өзіміздің аяққа тұрып кетуімізге көп үлес қосты. Негізі, жолдасымның арғы аталары мешіт, медресе ұстаған, әлді-ауқатты, білімдар, діндар адамдар болған екен, сол үшін қудаланып, кәмпескеге ұшырап, үй-іштерімен қосқанда 25 туысы  бірге жер аударылып, итжеккенге айдалыпты. Одан қалған тұяқтары енді өсіп жетіле бергенде, 41-дің соғысы қырқып кетті. Осылайша,  бір әулетті жалғаған біз болдық. Біздің тұрған жерімізде Жазықбай ата қорымы бар, жан-жаққа шашырап кеткен ұрпақтары жер шарының түкпір-түкпірінен зиярат етуге келіп-кетіп жатады», — дейді Дәмелі апа әріден толғап. «Бә-с-е-е, – деймін мен іштей. Бір шаңырақтан сегіз бірдей мұғалім неғып шыққан десем...».

– Өзіміз жетімдіктің жағдайымен көп оқу оқи алмай қалған соң, балаларымыздың сабағына өте жіті қарадық. Бар күшті мектепте жақсы оқуларына салдық қой, соның ішінде көсемшені білмей қалмауларын қатты қадағаладым. Бізді олай қарап, бағыттайтын адам болған жоқ, содан ғой... Көсемшені білмей қалып жүргенім, –

дейді апай ақсары жүзі шырайлана жымиып. Осы жерден қызық басталады.

Дәмелі апай алғаш мектеп табалдырығын аттағанда «Сені ҚазМУ-ға» оқуға апарамын, «Сені Нар Хозға апарамын» деп екі үлкен қызына уәде берген. Тек жалғыз шарт – сабақты ылғи «5-пен» оқып бітіру керек!

«Өйткені   сүйенеріміз жоқ, сыйынарымыз бір Алла, сосын, сенеріміз – оқымысты ата-бабаларымыздың рухы ғана» дегенді құя

беріпті балаларының құлағына. Айтқандай, қабілеттерінің арқасында сабақты барлығы да жақсы оқыған.

Ана да уәдесінен таймай, кейінгі балаларды, үй-жайды енесі мен жолдасына қалдырып, үлкен қызы Гүлшарат Ғинаятованы (қазір Сәркенова) ҚазМУ-ға алып барады. «Тоқтайтын да жеріміз жоқ, «1987 жылы Желтоқсан уақиғасына ең көп қатысқан осы КазГУ-дың филология факультеті болыпты» деген қорқынышты әңгіме де құлаққа тиді. Бірақ «шешінген судан тайына ма», университет жатақханасындағы комендант орысқа «қайтарға билет алғанша матрас бере тұрсаңыз болды, қызымның қасына, жерге жатамын, орынның керегі жоқ» деп жалынып-жалпайып жүріп, қызым филология факультетіне оқуға түскен соң бір-ақ қайттым үйге» деп еске алады сол күндерді мақсатшылдығы ерек ана.

Ол қызы қазір Оралдағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінде ұстаз. Қысқасы, мектеп бітірген-бітіргенін бір-бірлеп өзі апарып жүріп, сегіз баланың сегізін де оқуға түсіріпті. Конкурссыз! Ол уақытта емтиханды жақсы тапсырғандар конкурссыз өтеді. «4-сыныптан бастап бағып отырып, өткен тақырыптарды қайталатып шығамын сондағым», – деп әңгімесін жалғайды кейіпкерім. «Кәдімгі біздің гимназияның, қала берді қазіргі оқу орталықтарының тәсілі ғой» деп ойлаймын мен.

«Қыздардың барлығы мұғалімдікке кетті ғой, осылардың бірдебіреуін дәрігерлікке баруға көндіре алмай шаршағанмын мен... Өздерінің қалаған мамандықтарына апардым, бірақ қыстамадым. Гүлжанатым Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (бұрынғы Нар Хоз) бітірген, Тараз қаласында тұрады. Кенже ұл – Едіге мұнайгаз саласының маманы, қалған алтауы мұғалім ғой...».

Филолог, тарихшы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, географ-биолог, шет тілі және қазақ тілі пәнінің мұғалімі, бастауыш сыныптың педагог-психологі шығыпты бір ұядан. Оған екі мұғалім келінді қоссаңыз (бірі – тарихшы, екіншісі – математик)  сегіз мұғалім деген сол емес пе! Гүлшарат, Еркін,  Айгүл, Гүлназ, Ботакөз, Айнұр, Нұрлы, Нұрбақыт, Айдана (қайсысы қызы, қайсысы келіні екенін айырмай жазып отырмын, балабақшада тәрбиеші болып жүрген келінін мұғалім демейді екен де бір санын кемітіп айтады екен және, мен қостым) сынды  мұғалімдердің шешесі – Дәмелі апайға біздің өңірдің білім саласы қарыздар-ау, сірә! Өзінің сауаттылығымен, еңбекқорлығымен өмір бойы кітапханашы болып, сол жерден зейнетке  шыққан ғазиз жанның хоббиі де кітап оқу болыпты. Ешқандай гимназиясыз-ақ, ешбір оқу орталығынсыз-ақ, Өлеңті мектебінің қарапайым мұғалімдері оқытып берген балаларын үйден қатаң бақылау, көмектесу, ынталандыру («мотивация» дейді осы күнгілер) арқылы жігерін жанып, түп-түгел жоғары білім алып берген ата-ананың  тәжірибесі осындай.

«Бәрі де нандарын тауып, өз орындарында жәйімен еңбек етіп жүр. Абыройсыз емес.

55 жыл бірге өмір сүрген жолдасым аяқ асты ауырып, бір-бірімізге бірауыз жақсы сөзімізді айтып, бақұлдаса да алмай қалғанымыздың жаныма соққы болғаны болмаса, басқалай шүкірміз. Ал  менің «Балаларым дәрігер болса» деген арманым немерелерім арқылы орындалып жатыр», – дейді апай.

«Үлкен қызымның ұлы – врач-травматолог, келіні невропатолог.

Үлкен баламның үш баласы қалада медбрат, медсестра, фельдшер болып қызмет етуде», – деп қосып қойды әңгімесінің аяғында менің  әдемі  кейіпкерім. Сегіз мұғалімнің (менің есебім бойынша тоғыз!)  шешесі осы кісі. Оралда тұрады. Қолында кенже келін-баласы, үш ұл немересі бар. Оларды да оқытып жатыр.

Балаларын армандарына аман-сау жеткізіп, немере келіннің қолынан шай ішкен, шөбере сүйген бақытты ананың мерейлі жүзіне сүйсініп қарай бергің келеді екен.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы, «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале