30.03.2024, 10:30
Оқылды: 98

Достық ауылында тасқынның беті қайтты

Апта басында еріген қар суының шамадан тыс жиналуы және жауған жаңбырдың салдарынан Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылдық округіне де қауіп төнген еді. Ауыл әкімі Әбубәкір Төлеуовтың айтуынша, Достық ауылындағы 1457 үйдің 100-ден астамының ауласына қарғын су кірген. Тіпті екі-үш үйдің кіреберіс бөлмесі суға толған.

Су Достық 2024 Бәйтерек

Солардың бірі – ауылдың солтүстік бөлігінде орналасқан М.Мақатаев көшесіндегі №46/1 үй. Үй иесі Сүлеймен Меңдіғазиевтың сөзіне қарағанда, аула 26 наурыз күні түсте суға толған. Іргетасы жоқ болуы себепті су сенеге кіріп, содан әрі қарай газ қазандығы тұрған бөлмеге өтіп, газды сөндірген. Содан бері олар отбасымен Оралдағы ағайын-туысты паналауға мәжбүр.

«Жұмыстан шыққан соң күн сайын кешке үйге келіп қарап кетемін, 27 наурызда барғанымда үйдің ас бөлмесі жағының, ертеңіне, яғни 28 наурызда жатын бөлменің едендері ымқылданып тұрды. Соған қарағанда су үйдің іргетасынан өтіп кеткен сияқты. Келген сайын газ қазандығы тұрған бөлмені судан тазартам, бірақ көп кешікпей ол қайта толады. Үш күннен бері ауламыз суға толып тұр. 27 наурызда ауыл әкімі мотопомпа алып келді, алайда суды бағыттайтын жер таба алмадық. Іргелес көршілерімнің де, үйіміздің алдынан өтетін үлкен жолдың арғы жағындағы баспаналар маңы да суға толы. Ассенизатор көлігі бір рейсіне 5 мың теңге сұрап отыр. Мәселе ақшада емес, айналаның бәрі су болып тұрғандығында ғой. Сол себепті қарғын суды сорғаннан пайда болмайын деп тұр. Енді күннің жылынуын күтеміз. Сонда тоң кетіп, су жерге сіңер деп үміттеніп жүрміз».

Су Достық 2024 Бәйтерек

Ал ауылдың шығыс қақпасы саналатын Тәуелсіздік көшесі бойына да қарғын судан қауіп болған. Алайда жергілікті атқарушы билік пен аудандық төтенше жағдайлар құрылымның бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде қауіп сейілген. Аталмыш көшедегі №17 үйде тұратын ІІ топ мүгедегі Байырхан Сахметованың айтуынша, олар күні кеше нөпір суға қоршалып қалған. «Әкімдікке хабар бергенімізден соң, ауыл әкімі бастаған жігіттер келіп, түрлі техникаларын алып келіп, күні-түні жұмыс істеп, тасқынның бетін қайтарды, - дейді Байырхан Сапақызы,  - Ата- бабаларымыз «Оттан, судан сақтасын» деп бекер тілемесе керек. Сондай табиғи құбылыс қой бұл, оған ешкімнің әлі келмейді. Мұндай жағдайда бірінші Құдайға, екінші билік басындағы, құтқарушы азаматтарға сенеміз. Ауыл халқының сол сенімі ақталып жатыр».

IMG-20240330-WA0013

Ауыл әкімінің берген мәліметіне қарағанда, 26-27 наурызда су тасқынына байланысты округ тұрғындарынан 100-ге жуық хабар түскен. «Олардың дені ауласының маңына су жиналуы себепті көмек сұрағандар, - дейді Әбубәкір Қамбарұлы. – Нақтылап айтқанда, бұрын-соңды үйінің айналасына жиналған мұндай қарғын суды көрмеген соң дүрбелеңге түскен.

IMG-20240330-WA0011

Ал «тәжірибесі барлар», яғни бұрындары осындай кезде үй маңын су алған, не аулаларына су кіріп жүрген тұрғындар үрейге салынбай, қолдарына күректерін алып, судың ағуына жол салу секілді іс-шараларды алды. Осы жерде, кейбір тұрғындардың, әсіресе жастардың күректің орнына телефон ұстап, видеоға, фотоға түсірумен айналысып жүргендерін де айтпай кетуге болмас. Мәселен, 27 наурызда ауылдың Новостройка деп аталатын бөлігінде жұмыс істеп жатқанымызда сол жердегі үйлердің бірінде тұратын жас жігіт қарғын суды телефонына түсірді де таксиге мініп, қалаға кетіп қалды. Үйіне су басу қаупі төніп тұрғанымен шаруасы да болған жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, ауылдағы біраз үйдің іргетасы аласа. Осында, әкімдікте еңбек етіп келе жатқан он жылдан бері, қарғын судан сақтану үшін үйдің іргесін топырақпен көтеру туралы айтып келе жатырмын. Бірақ құлақ асып жатқандар аз. Соның зардабын осындай кезде тартады. Тасқын кезінде ауылымыздың оңтүстік бөлігіндегі үйлерге де қауіп төнуіне орай сол маңдағы дамбаны жырып, үлкен тұрба салуға тура келді. Қазіргі таңда ол жерде қарғын су жоқ. Бұл істе бізге көмек қолын созған «Интергаз» мекемесіне, 3-4 күннен бері тасқынның бетін қайтаруға жәрдем берген Жанат Нұртазин, Рауан деген ауыл тұрғындарына алғысымызды білдіреміз. Енді ауылдың солтүстік бөлігінде су сору, инертті материалдары бар қаптар төсеу жұмыстары жалғасуда. Қазір түннің салқындауы да тасқын салдарын азайтуға мүмкіндік беріп тұрғанына шүкір дейміз.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале