4.04.2024, 14:30
Оқылды: 104

Журналист. Ақын. Ұстаз

Қаншама ұзақ ғұмыр кешкенімен өмірдің соңына қарай қамшының сабындай болып, шолтаң ете қалатын, көрген түстей жалт етіп өте шығатын жарық дүниені ата-бабаларымыз «жалған» деген бір ауыз сөзбен  түйіндепті. Күні кеше ортамызда жүрген журналистер, қаламгерлер қауымы сыйлайтын алдыңғы лектегі ағаның бірі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, әдебиеттанушы, ұстаз Тілес Жазықбайдың өмірден өткеніне де қырық күнге аяқ басқан екен...

тилес жазыкбай2

Жақсылар арамызда жүргенде, мына өмірден өтпейтіндей, ана дүниеге ешқашан кетпейтіндей көрінетіні бар. Сондай абзал, жақсы азаматтардың бірі, құрмет тұтар журналист аға Тілес Сағынтайұлынортамызда анқылдап жүре беретіндей  сезінетін едік. Ғұмырын осыншалықты ұзақ қылмаған жаратқанның жазуына шара бар ма?

Ардақты азамат – 1952 жылы қазіргі Қурайлысай ауылдық округінің Әтібек елдімекенінде өмірге келіп қырандай түлеп ұшқан ұлан. Азды-көпті ғұмырында  мағыналы тіршілік кешіп, еліне адал еңбек еткен сол ұланы жазиралы Жайықтың ақыны, шешені, ұрпақ бойына білім дарытқан ұстазы, қаламы қарымды журналисі атанды.

Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекерге айтылмаса керек. Әкесі Сағынтай елге сыйлы, қадірлі адам болыпты. Анасы Дәнеш екеуі он бала тәрбиелеп өсірген. Т.Жазықбай мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ ауыл-ел тағдырына толғаныспен ой жүгірте алатын  жігіт болып қалыптасыпты. Оның әу бастапқы мақалалары сол кездің өзінде аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көре бастады.

Тілес Жазықбай Орал педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі бойынша тәмамдасымен, еңбек жолын ауданымыздың Шабдаржап 8 жылдық мектебінде бастады. Сосын Тайпақ аудандық білім бөлімінде әдіскер , Краснояр орта мектебінде интернат меңгерушісі , Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектепте директор, ұстаз болып 20 жыл қызмет атқарды. Өз міндетін жауапкершілікпен атқару, бойдағы білім мен біліктілік азаматты қызметте биік белестерге көтеріп отырды.

Сөзіміз дәлелді болсын десек, мына деректерді келтірсек. Алматы, Атырау, Орал қалаларында өткен ғылыми-практикалық басқосуларда ана тіліміздің қолдану өрісін кеңейту жайында бірнеше дүркін баяндама жасады. КСРО Халық мұғалімі, Құсайын Айтқалиев және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Бітібаеваның алдында «Шыңғыс шығармаларының шынайлылығы» блок-сабағын, «Шоқан суретші «тақырыбымен ашық сабақтарын өткізіп, өз кәсібінде ұстаздың нағыз шеберлікке қол жеткізгеніне сенгізді. Сондай-ақ 1992 жылы Алматыда Қазақ тілі қоғамының ІІ құрылтайына делегат болып қатысып, әйгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтың зор ілтипатына ие болған «Ана тілім – айбарым» тақырыбында баяндама оқыды.

Тілес Жазықбай – 7-8 сыныптарға арналған 70 сағаттық шешендік сөздер атты факультативтік бағдарламаның авторы. Осы бағдарламамен оқып, ағадан тәлім алған Лидия Серғазиева  екі жыл қатарынан Алматы және Шымкент қалаларында республикалық пән олимпиадасынан І және ІІ орын алды. Өзге де  оқушылары облыстық пән олипиадаларында жүйріктер қатарынан көрінді. Т.Сағынтайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мәрте алғыс хатымен, «Республикалық халық ағарту саласының озаты» атағымен, ҚР оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімі , аудан басшылығының алғыс хаттарымен марапатталған.

Ұстаздық қызметте жүргенде, баспасөз беттерінде ұдайы ана тілі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарымыз жайлы материалдарды жариялаудан танбайтын. Атап айтсақ бас басылым «Егемен Қазақстанда» «Ұлттық мектеп рухы», «Керісу керек пе, келісу керек пе?» деген ойлары, «Жас Алаш» газетіне «Мен мұны көпсінгендіктен айтпаймын», «Жеті рет өлшенбеді» тақырыбында өткір ұсыныстары, өмірден түйген өзге де ойлары жарық көрді.

Көзі қарақты оқырман «Орал өңірі» газетіндегі «Тілдік өнегеміз қайдан?», «Аманғалидың ақырғы түні», «Ұрпақ тәрбиесіне ұлы сөз» сынды тіршілік түйткілі мен саяси мәнді мақалаларымен таныс. Қазақ әдебиетінің абызы Абайды, Желтоқсан жебесі Жұбан туралы, Қадыр, Мұқағали, Ақұштапты, Сағаттың өлеңдерін, Сағынтайдың сазын және басқа да проза мен поэзияда қаламдары қасиетке ие болған рухани сүйеніштерімізді дәріптеп кеткені аян.

Туған жер деген киетам,

Жазылар әлі бағасы.

Жаныма жайлы тиетін,

Жайықтың жарқын жағасы.

Жанашыр мені жан сана,

Жолымда жүрмін ту ұстап.

Ауаңды жұтып тамсана,

Суыңды шаштым уыстап.

Бусанып сенің буыңа,

Жаратқан маған кие едің!

Жүзімді шайып суыңа,

Жүрегіңе сенің сүйендім.

Осынша махаббат ел мен жерге еміренген көңіл туған жерге парыз ұғымын терең сезінген Тілес Жазықбай сынды перзенттің бойынан табылатын еді-ау. Осылайша көп жазғанымен емес, көңілге түйгенімен еленіп, сөз өнерінің қос қанатында бірдей қалықтаған ағаның асыл армандарының бірі атамекенін дәріптеу, оның мүддесіне еңбек ету болатын. Жайықтағы ел-жұртының жайын жырымен, шешен сөзімен жеткізген Тілес ағамыздың 2007 жылы өлеңдер мен мақалалар жинағы баспадан жарық көрді.

Зейнетке «Жайық таңы» газетінен тілші боп шыққан Тілес Сағынтайұлының қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырынан бұдан да көп деректер келтіруге әсте болады. Ол үшін оның қаламынан шыққан жыр жолдары мен талай сыр тұнған мақалаларына үңілсеңіз, жеткілікті. Тілестің өмірі ақ параққа тізілген сол жолдарда сайрап жатыр.

Адам бұл өмірге келеді, кетеді. Алайда, қанша уақыт өтсе де, дүйім жұрттың есінде мәңгі сақталатын тұлғалар бар. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, өмір жолы - өнеге, тағдыр жолы тағылым, іздегені ізгілік, жасағаны жақсылық, айтатыны ақиқат болған Тілес Сағынтайұлындай біртуар азаматтың жарқын бейнесі жыл өткен сайын ақжайықтықтар үшін сағынышқа айнала бермек.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале