3.04.2024, 18:00
Оқылды: 81

Сырымдағы тасқын: 236 үй суға кетті, 309 бас мал шығын болды

Тасқынның алғашқы күні қара есеппен Сырым ауданы бойынша 402 үй суға кетті деп хабарладық. Кейін ауданнан арнайы комиссия шығып, үйлерді аралап, келтірілген шығындар туралы акт жасады. Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов нақты деректерді мәлімдеді.

су сырым (2)

- Есептеулер алғашқы күні көшелер бойынша жүрді. Кейін комиссия үй – үйді аралап, тұрғындармен кездесіп, залалдарын тіркеді. Қазіргі таңда Сырым ауданы бойынша 236 үй суға кеткені мәлім болып отыр. Жіктесек, Жымпиты бойынша 128 үйге, Өлеңтіде 72 үйге тілсіз жау тисе, ал Бұлдырты бойынша 31 үй топан судың астында қалған. Қособа бойынша 2 үйге, Жетікөл ауылдық округі бойынша да 2 баспанаға су кірді.

су сырым (4)

Мал шығыны да бар. 8 жылқы, 62 бас ірі қара және 239 ұсақ мал өлді, – деді аудан әкімі.

Бұл да – аз сан емес. 1 үйдің ішінде бірнеше адамның тағдыры, шаттығы, естелігі бар. Дүниесі мен мүлкі өз алдына. С. Сейфуллин көшесін аралап жүргенде көргеніміз, үйлермен бірге қымбат жиһаздар бүлінген, тұрмыстық техникалардың бәрі істен шыққан. Гаражда тұрған электр өндіруші моторларға дейін. Ең ауыры – жылы ұялардан сыз бен дымқылдың лебі есіп тұр. Бұл үйге қашан адам қайта қоныстанады? Қашан бала шулап, ойнайды? Қашан мейман күтеді? Қашан?

 

Сырымдағы тасқын: 84 үй тұруға жарамайды

су сырым (6)

Кеше Сырым ауданына өңір басынан техникалық зерттеп тексеру комиссиясы келіп, суға кеткен баспаналардың жай-күйі бойынша ресми қорытындыларын шығарды. Қазір Сырым ауданында тұруға келмейтін 84 үй саналып тұр. Оның – 8-і құлаған.

Он шақты жанұя «Сырым» МКҚК қонақ үйі мен «Жібек жолы» автокешенін паналауда.

су сырым (5)

- Еліміздің әр өңірінде тасқын болуда. Судан залал тартқан ауыл көп. Жағдайды ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың өзі бақылауға алды. Кеше ауданымызға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары келді. Табиғи апаттан келген шығын өтеледі деп жатыр.

Халыққа келген шығын әр түрлі. Суда тұрғанға шыдамай, қабырғасы сөгілген, құлаған үйлер бар. Біреулердің үйіне су білінбеген, бірақ қосымша шаруашылық құрылысы қираған. Нақты шешім алдағы уақытта шығады, Сырым ауданында су тасқынынан кейін үйі тұруға жарамай қалған тұрғындардың игілігіне баспана құрылысы басталуы тиіс деп ойлаймын. Қадыр ақын «Ең алдымен ел қамы, Одан кейін қалғаны!» дегендей ең алдымен елдің басты шығыны – баспананы қалпына келтіруге міндеттіміз. Қалған дүниенің орыны бола жатар, – деді Жұмагелді Батырниязов.

«Нағыз туыстық, ағайындық танытатын шағымыз!»

су сырым (3)

Әкім су тасқыны кезінде тастүйін бірлік көрсетіп, берік шепке айналған жерлестеріне ерекше алғысын айтты:

- Су іргеге келгеннен – ақ азаматтар тұрғындар қауіпсіз жерге көшіруге кірісті. Жеке көлігін, жеке үйін ойланбастан халықтың игілігіне бере салған жандар болды. Әрине, табиғи апаттың қуаты қатты болды. Бірақ, ауылдастарымыз асыл бірлігінен ажырамай, салқынқандылық, сабырлылық таныта білді. Бірлігіміздің арқасында бұл күннен де өтеміз. Нағыз туыстық, ағайындық танытатын уақытымыз!

Қазіргі таңда Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тарапынан дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан жапа шеккен отбасыларға төленетін 184 600 теңге көлеміндегі бір реттік материалдық көмек төлене басталды. Бүгін 54 үйге материалдық жәрдемақысын алып үлгерді, - Жұмагелді Батырниязов.

Сырымдағы тасқын: заң не дейді?

Ауданымға келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары халықпен кездескен уақта:

- Барлық шығын басынан бақайшағына дейін өтеледі! – деп уәде берді. Дегенмен заң олай деп сөйлемейді.

су сырым (7)

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 Қаулысында бұл қағида «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 62) тармақшасына сәйкес әзірленді және табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке тұлғаның денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу тәртібін айқындайды деп көрсетілген.

су сырым (1)

Ереженің екінші пунктінде мынадай мәтін бар:

-Осы Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтеуге жататын мүлікке қолданылмайды.

Ал керек болса! Шаруашылық – тұрмыстық және өзге де салынған құрылыс дегенің ауылдағы ағайынның жазғы сарайы, малының жанын баққан қора-қопсысы емес пе? Сән-салтанат заттары дегенің қонағына сайлаған төрі, сол төріне жинаған қымбат жиһазы. Сонда олардың бірі де өтелмей ме?

Заң қағидасында әрі қарай табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу тәртібі туралы жазылған. Толығырақ оқып – танысамын дегендер https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1400001358 сайтына өтіп, қажет ақпаратты ала алады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале