4.04.2024, 10:30
Оқылды: 333

Жан-жақты дарын, қарымды қаламгер

 

Жазушы Берқайыр Аманшиннің туғанына 100 жыл

Поэзия көкжиегі, тақырып төркіні

Қазақ әдебиетінің барлық жанрында дерлік қалам тербеген қаламгер Берқайыр Аманшин Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Батпақтыкөл ауылында 1924 жылы 11 қарашада жарық дүниеге көрінген. Отбасылық жағдайымен әр қилы жерде көшіп-қонып жүріп білім алған Берқайыр өз өмірінің кей тұстарынан былайша сыр шертеді: «Мен ертеректің өзінде орысшақазақша мектеп бітірген қызметкер әкенің арқасында жоқшылық көрмей, зиялы, мәдениетті семьяда тәрбиелендім. Алғаш Астрахань облысында татар мектебіне бардым, одан алтыншы класқа дейін қазақша оқып, соғыстың алдыңғы жылдары Орынборда орыс мектебінде оқуға тура келді. Менің бақытыма белгілі революционер Николай Бауманмен гимназияда бірге оқыған Иван Рудольфович Матицкий деген тәжірибелі мұғалімнің класына тап болып, орысша үйрендім, сол кісінің көп пайдасы тиді. Бұл оқуларды кейін Алматыда КазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінде оқып жалғастырдым» («Құтты мекен», – Алматы: «Жазушы» баспасы, 1984. – 6-б.).

81c43ea1-46db-4f95-a6af-2d5e37b18906

Фото: adebiportal.kz

1953 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітірген Б. Аманшин Қазақстан КП Орталық комитетінде, Алматы облысында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, Мәдениет министрлігінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, ҚазКСР Қазақстан Жазушылар одағында әртүрлі қызметтер атқарған. 1959-1965 жылдары Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде қызмет атқарды.

Берқайыр Аманшиннің алғашқы өлеңдер жинағы «Өлеңдер» (1954) деген атпен басылып шықты. Ал тұңғыш баспа бетін көрген өлеңі «Биылғы май» 1942 жылы Гурьев облыстық газетінде жарияланыпты. Аталған туындылардың аталуы, шығу тарихы туралы автор «Өлеңім-Өмірім» атты еңбегінде кеңінен баяндайды.

Жан-жақты дарын, қарымды қаламгердің соңында қалдырған мол әдеби, рухани, ғылыми мұралары төмендегідей тізімді құрайды: «Өлеңдер» (1954), «Жылқылы ауылда» (1954), «Жетісу Жайық» (1961), «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Маңғыстауым менің» (1972), «Жайық желі» (1978), «Көкжар» (1971), «Жар мұңы» (1968),  «Исатайдың семсері» (1968), «Жақия» (1968), «Ақ жүректер» (1975), «Гүл көтерген» (1982), «Құтты мекен» (1984), «Исатайдың семсері» (1990), «Махамбеттің тағдыры» (1991), «Бекқайыр» (2002), «Жыр семсер» (2004), «Қос өзен» (2004). Әр жанрды қамтыған бұл кітаптардың бірқатары екінші басылым көрген (толықтырылып, өңделіп) дүниелер. Сонымен бірге Берқайыр Аманшин әдебиет зерттеушісі де. Оның Махамбеттанудағы еңбегі ересен (ол енді өз алдына бөлек әңгіме).

Шығармашылық жолын өлеңнен бастаған Б. Аманшин қазақ поэзиясына, оның бай қазынасын толықтыруға өзіндік үлесін ала келді, өз үнімен келді. Қазақтың кең даласында туып-өсіп, бар ұлттық салт-дәстүрді көзімен көріп, жан дүниесімен сезінген ақынның елін, туған халқын жақсы көруі, құрметтеуі – оның поэзиясының басты арқауы болып желі тартқан. Мәселен, «Жүрегім – далам», «Құттыхана», «Құлдығыңа мен дайын», «Сүйем сені», «Дала жыры» туындылары ауторлық, ақындық, ұстаным бағытын айқындай түседі. Елін, жұртын, Отанын құттыханаға теңеген ақын шағын туындысында тарихи деректі көркем шындыққа айналдырады.

Қайран халқым, елім! – деп

Талай дүлдүл сөз алған...

Өз атымды өзім көп

Айта алмайтын кез болған.

Бұратана атандық

Атамекен төрінде

Жау тиіссе аттандық

Басты байлап өлімге.

(«Құттыхана»)

Өлеңде халықтың өткен тарихы, жүріп өткен жолдарының іздері сақталған. Сол жаугершілік заманда қалған обалардың көптігін айтумен бірге «Оба бола білдік те, /Қала салмау – білместік» екенін де сынға ала жырлайды ақын. Ақын ойы халық тұжырымымен орайласып, сабақтасып отырады. Өйткені даламыз кең, даламыз бай болса да, бай бола алмауымыз, кең даланың аядай тарылғанын, сорлау, сол сықылды кейде екі анамыз бола тұра, мал табуға олақ болуымыз – баршасы қазақтың ұлттық бітім-болмысын, жаратылысын танытатын өлшем бірліктері болса керек. Ұлттық мінездің көп қырлы сырын, әлді һәм әлсіз тұстарын түгендеген ақынның нысанаға алған тірек мысалдары да қазақ тарихынан  алынған.

Өлең түйінінде сен кім болсаң да, қандай болсаң да, халқыңнан үлкен емессің, халық ол – құттыхана, құтты мекен деген түлегіш ой жатыр. Ақынның сыни көзқарасы басында күшті болғанымен бірте-бірте бәсеңсіп, елін елжірей сүйген кейіпкердің дана ой-тұжырымына бас иеміз.

Халқым!

Кімсің сен сонда?

Елсің – құттыханасың,

Бірде дана болсаң да,

Бірде құдды баласың.

Қартсың,

Әрі жассың да,

Қаз-қалпында мәңгілік

Ақ аспанның астында

Атың жүрсін жаңғырып!

Далада туып, далада өскен қазақтың бір өкілі өзі боп табылатын Б. Аманшиннің туған жер, өскен ел хақындағы туындылары оқушысын Отанын сүюге, құрметтеуге бау-лиды. Ақынның «Дала жыры», «Армысың, кең дала!», «Өң мен түс», «Жайықта», «Ақ күмбездер», «Тыңнан хат», «Көктемгі ауыл», «Тойда», «Сол домбыра бұрау-лы» аталған өлең-жырларында ауыл өмірінің тыныс-тіршілігі, сол ауылда еңбек етіп жатқан адамдардың қарекеті арқылы беріледі. Татулығы жарасқан ауыл адамдарының жасампаз еңбегі, жайдары келбеті, қуанышты жүзі, әзілдері үйлескен замандастар бейнесін ақын боямасыз өз қалпында береді. Күлімдеген күн мен ашық аспан астында еңбек етіп, қызған қырманның, астықты алқаптың, күрішті таулардың басы-қасында жүрген, тың даланы игеруші жастар – ақын өлеңдерінің басты қаhармандары. Мысалы, «Дала жырында»:

Дала бай, дала жомарт десін мейлі,

Ол өзінен осалды менсінбейді.

Қол созған қазынама батыр болса,

Майданға күш сынасар келсін дейді, – деп дала байлығын игеруші батырдың қандай болмағына шарт қойса, «Армысың, кең далада»:

Армысың, кең дала!

Ақ селеу, қоңыр бел?!

Сені аңсап келгенде

Қабыл ал, қолың бер! – деп дала жұртына иіліп тәу етеді.

Ақын Б. Аманшиннің туған жерге деген перзенттік ықыласы – Қазақстанның қай жерін де (ауыл, қала, елді мекен, өзен-көл т. б.) құлай сүйіп, көкіректен жарып шыққан сөзін, тілегін арнаған өлең-жырларынан айқын көрінеді. Туған мекен туралы өлеңдер шоғыры ақын шығармашылығында өте мол әрі әрқилы, жан-жақты. Өзінің кіндік қаны тамған Қаратөбеден, өскен елі Жайықтан бастау алған туындылар Қазақ жерінің бар түкпірін қамтиды десек те болар. Ал жол са-парлардан туған жырларында Түркіменстан, Украина, Қырым түбегіндегі елдер т. б. қамтылып, жағырапиялық аймағы кеңея түседі.

Ақын поэмалары, тарихи деректілік негіздері

Әдебиеттің әр жанрында жемісті еңбек етіп, соңына біраз рухани мұра қалдырған қаламгер Б. Аманшиннің қаламынан туған төрт поэмасы бар. Олар: «Елші», «Даладағы дауыл», «Соңғы сөз» және «Мүслима» аталады. Бұл поэмалардың барлығын аталмыш әдеби жанрдың табиғатына толық сай келеді деп айту қиындау. Алайда «Елші» мен «Даладағы дауылдың» әдеби-тарихи маңызы зор. Еліміздің даму тарихынан сыр шерткен шығармаларда өмірдегі шындық көріністерінің көркем бейнелеуіне куә боламыз.

Әу бастан, жастайынан зерттеу ісіне ерте араласқан Б. Аманшиннің Махамбет, Салауат Юлаев, «Игорь полкы ту-ралы жыр» сықылды әлемдік туындылардың өңкей бір мықты өкілдеріне назар салып ізденуі, оның эпикалық дүние жазуға тәжірибе жинақтап, үлкен дайындықпен келгенін аңғартса керек-ті.

Берқайырдың «Елші» поэмасы атынан аңғарылғандай екі ел арасындағы тарихи оқиғалардың желісімен жа-зылған деректі дастан дәрежесін көтеріп тұр. Қазақстан – Ресей байланысын көрсететін шығармада тарихшылар мен саясаткерлердің тілімен айтсақ, «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуына» мұрындық болған Әбілқайыр ханның бейнесі көркемделген. Шығарма бай дерек көздеріне негізделген. Поэма желісі екі кейіпкердің басына шоғырланған іс-әрекеттер арқылы дамып отырады. Олардың бірі – Әбілқайыр хан да, екіншісі, Ресей елшісі естек нәсілінің өкілі Тәуекелдің Мәмбеті. Шығарма «Кіріспе» аталған бөлімнен өзге тағы да бес бөлікке (І. «Ырғызда», ІІ. «Елші», ІІІ. «Егес», IV. «Барақ», V. «Ант») бөлініп, әр бөлімі өз аталуына қарай тарихи оқиғалардан хабар беріп, жазушының алға қойған мұрат-мақсатын танытып, өткен ғасырлардың қатпарында қалған деректерді тірілтеді. Жазушы поэмасының көркемдік қуатын көтеріп, тарихи шындықты жалаулатып, әдеби арнаға құйып тұрған қосымша сала – дерек көздерінің молдығы. Бұның баршасы поэманың салмақ-жүгін арттыра түспесе, кемітпейді. «Елші» поэмасы аутордың өз ізденісінен туған, деректі материалдардың негізіне сүйене жазылған көркем әдеби шығарма екендігін есте ұстаған абзал. Өмір шындығын көркем шындыққа айналдырған, ұлттың бастан кешкен тарихын эпика жанрында түлетіп жазып шыққан. Б. Аманшиннің бұл шығарманы жазу барысында-ақ өлең үлгісін, жыраулар дәстүрін және прозалық лириканың жекелеген элементтерін, сонымен бірге өлең сөздің күрделі ойларды білдіретін әдіс-тәсілдерін сәтті де шебер пайдаланғанын айту ләзім.

Б. Аманшиннің тарих толқынының ізімен жазған поэмасының бірі – «Даладағы дауыл» аталады. Аутор бұл туындысын көтеріліс туындысы деп айшықтаған. Махамбет Өтемісұлы өмірінің тарихи кезеңін деректілік дәлдігін сақтай отырып, көркем дүниеге айналдыруды идеялық мақсат етіп алған шығарма бірнеше бөлімдерден және іштей жарыса қабысқан бөлімшелерден тұрады.

Бірінші бөлім – «Князьдағы қараңғы үй». Мұнда Махамбеттің Жайықта Князь қаласында қапас түрмеде отырған сәті бейнеленген. Қасында Қалдыбай серігі бар, екеуі өзеннен өтерде қолға түсіп, патша солдаттарымен жағаласып қалады. «Қырық тұрбалы қараңғы үй, /Қызыл тас биік ауласы, /Қақпалары ала ылғи», «Аядай әрі аласа/ Абақты дымқыл, қараңғы» қапаста Нарынға ойша алаңдап отырған Махамбетті көреміз.

«Кездесу» бөлімінде түрмеден қашып шыққан батырдың досы Қалдыбаймен кездесуі, ел-жұртымен қауышып, олардың мұң-мұқтажын тыңдауы баяндалады. Қарауыл мен Балқының Жәңгірдің билігін пайдаланып, На-рындағы кедей халықты қанауы осы бөлімде анық көрінеді. Өскенбай баласы Үбінің кедей-кепшік атынан хат жазып, қаналған, ашыққан елдің халін жеткізбекке Жәңгір ханға барып, шағым айтуға жиналғаны көрінеді.

Қорыта айтқанда Б. Аманшиннің «Даладағы дауыл» поэмасы – қазақтың елі үшін туған батыр ақыны Махамбет Өтемісұлының өмірінен алынған деректерден құрылған көркем әдеби туынды. Б. Аманшин бір кездері өзі зерттеп, зерделеген тарихи деректерді шығармасында ұтымды пайдалана білген.

Қаламгердің кезекті поэмасы «Соңғы сөз» деп аталады. Бұл енді өте қысқа шығарма. Аутор 4-5 беттен тұратын туындысын бөлімдерге бөліпті. Тақырыптан кейін «1922 жылы ақ бандылар қолынан қаза тапқан большевиктің жазып кеткені» деп көрсетіпті аутор. Поэма пафосы ақ пен қызылдың алма-кезек атысқан, шабысқан заманында Батыс Қазақстанда өткен оқиғаның ізімен баяндалған. Ақ бандалардың қолынан қаза тапқан комиссар Кривоносты атаман Серовтың қуып жүріп өлтіруі, сол сықылды жергілікті халыққа көрсеткен қысымшылығы, жаңа өкімет құру жолында күрескен Петр сияқты азаматтардың ерлігі мадақталады. Тар қапасқа қамалған жаңа тұрмыс күрескерлерінің рухын сындыратын күш жоқ, өйткені олардың ісі – ақ деген идея шығарманың басты қаруы.

Берқайыр Аманшиннің төртінші поэмасы – «Мүслима». Шығарма екі адамның диалогынан (мен және ол) құралған. Кейіпкері – Мүслима мен оның сүйіп қосылған жары Асылбектің опасыздығы туралы ақын екеуінің арасында әңгімеде өрбиді. Ақын-кейіпкер ұзақ жол үстінде поезда Мүслимамен танысып, оны сөзге тартады. Мүслима Алматыда ЖенПИ-де оқып жүріп студент шағында Асылбекке ғашық боп, бас қосқанын, алайда сұлу да нәзік жанды өзінің жеке бас қызметінде қуыршақ ретінде пайдаланған қуыс кеуде, арам пиғылды пенде сатып кетеді.

Б. Аманшиннің «Мүслима» поэмасына арқау болған оқиғалар өмірдің өзінен алынған, тіпті прототипі бардай көрінеді. Адам бойында кездесетін жағымсыз мінез-құлықтан сақтандыруда шығарманың оқырманға ой салары анық.

Прозадағы із-таңба, кейіпкерлер әлемі

Әдебиеттің алтын ғасыры саналатын ХХ ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары ұлттық әдебиетіміздің өркендеп қанат жаюына өзіндік үлес қосқан талантты тұлға, қарымды қаламгер, сыршыл ақын, көрнекті жазушы Берқайыр Аманшин шығармашылық бағыттың сан түрлі са-ласын бір арнада ұштастырып, тағылымы мол мұра қалдырды. Шыншыл ақын ретінде өз заманының шынайы келбетін, қарапайым халықтың тыныс-тіршілігін, ержүрек, батыр ерлердің қаһармандық ерлігін, қоғам бейнесін өлең-жырларына арқау еткен Берқайыр Аманшин прозалық туындыларының өзегі ретінде өзі өмір сүріп отырған дәуірдің өзекті құбылыстары мен келелі мәселелерін ала білді.

Жазушының түсінікті тілмен жазылған, қарапайым әрі тартысты оқиғаларға құрылған әңгімелері, повесть-хикаялары мен романы тың тақырыпты қозғауымен, тұғырлы идеяны ұстануымен, құрылымдық даралығымен ерекшеленеді. Берқайырдың әдеби мұрасындағы «Махамбеттің тағдыры» атты романы, «Көкжар», «Жар мұңы» повестері, «Жолдағы жылау», «Адасқан хат», «Жалған жезде», «Отыншы», «Қол», «Кім кінәлі?» деген хикаялардан тұратын «Ақтайдың хикаялары» топтамасы, «Ел ішінде», «Базар басы», «Айналайын», «Алтын сақина», «Шамшыл», «Базарлық» әңгімелері жазушының суреткерлік шеберлігін, көркемдік танымы мен шығармашылық талғамын  айқындай  түседі.

Махамбет тұлғасын, оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде өлшеусіз үлес қосқан Берқайыр Аманшин ұзақ жыл бойы толассыз ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде «Махамбет-тің тағдыры» романын жазып шықты. Жазушының романды жазу үдерісімен таныс Ғафу Қайырбеков бұл жайында: «Ол тек қана осы романды – өз творчествосының өркеші, биігі болады деп санады да, соған сандаған жылды сарп етті. Әуелі ол сонау-сонау жастық шағынан жаттап өскен Махамбет өлеңдерінің әрқайсысының айтылған, шығарылған мерзімі мен мекенін анықтаудан бастады. Ол туралы біраз мақалалар циклін жариялады.

Содан сол өлеңдердің текстология, этимология, сөздік материалдарды түсіндіру, анықтау мен дәлдеуге көшті. Әрі сол көтерілістің жеке басшылары жайында қысқа новелла, әңгімелер жазды. Мысалы, Исатай баласы Жақия жайындағы әңгімелері секілді. Сөйтіп, өмірінің соңғы төрт-бес жылында Махамбет ту-ралы романның даңғыл жолына келіп түскен еді» – дей келе, Махамбеттің өр тұлғасын, өлшеусіз ерлігін, жауынгерлік рухын нық әрі шынайы жеткізуді мақсат тұтқан Берқайырдың тарихи роман жазудың қиын да күрделі жолынан өткендігінбаян етеді.

«Махамбеттің тағдыры» романы – Махамбеттің әдеби образын сомдаумен қатар, 1836-1838 жылдардағы халқымыздың азаттық жолындағы күрес жайын, Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісін сипаттаған, ел ішіндегі әлеуметтік тарты-старды көтере білген кең көлемді туынды. Романның басты тақырыбы – 1833-1835 жылдары Бөкей ордасындағы қауымдық жерлерді хан туыстарының, орыс помещиктерінің иемденіп алуына және Жәңгір хан билігінің халық мүддесіне қайшы келуіне, салық көлемінің ауырлығына, озбыр саясатқа қарсылық танытқан қара халық тағдыры болса, негізгі идеясы – хан озбырлығын тыю, ел-жұрттың, шаруалардың жағдайын жақсартуға күш салу, патша үкіметінің отаршылдық саясатын талқандау мақсатында атқа мінген, әділдіктің ақ жолында аянбай күрескен Исатай мен Махамбет секілді ержүрек ұлдардың қайсарлығын, ұлтжанды, азаматтық қасиеттерін насихаттау, дүниеқоңыздыққа салынып, қара ха-лықты аяусыз қанаған Жәңгір хан, Қарауылқожа сықылды билеушілердің опасыздығын, залымдығын ашық көрсетіп, кейінгі ұрпақты тарихтың ақтаңдақ беттерімен таныстыру, тарихи шындықпен  сусындату  еді.

Берқайыр Аманшиннің «Көкжар» повесінің сюжеті өз заманында атағы алыс елдерге жеткен Батыс Қазақстан өлкесіндегі ірі Көкжар жәр-меңкесін, сауданың ғана емес, өнер ордасына айналған орталықтың жай-күйін қамтиды. Бұл туындыда ірі тарихи тұлғалардың бірі, алғашқы қазақ заңгері, қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаевтың өмір жолының елеулі сәттері баяндалады. Жымпиты, Қаратөбе, Тайпақ, Маңғыстау, Үш Аңқаты мен Ойыл, Қиылды мекен еткен елдерден жәрмеңкеге қарай ағылған халық тиімді сауданың буына елігіп, үлкен олжадан дәметіп келеді. Тыншыған қаланың орталық алаңына жан кіргізіп, шаң-шұң, салдыр-гүлдір дауысқа салу, дүкендерін ашып, аядай орындарға таласу – жәрмеңкеге келген саудагерлердің жылдағы әрекеті.

Көкжар жәрмеңкесіне ат басын тірегендердің бірі – Бақытжан Қаратаев. Қаратай ханның тұқымы бола тұра, қалың бұқараның сөзін сөйлеп, ісін жақтайтын Бақытжан Қаратаев бүкіл қазақ жұртының атынан патшалық Ресейдің мемлекеттік думасына депутат болып сайланады. Елдің ықыласына бөленген Бақытжан бейнесін аутор: «Қыр қазағының, қай-қайдағы кедей-кепшік пен қаріп-қасірдің сөзін сөйлегіш, жоғын жоқтағыш. Ел жақсылары жиналған немесе бір үлкен жиын, алқа топта сол жамандарды жақтап сөйлеп, ауылдың старшын, болыстары былай тұрсын, уезд бастықтарының бетін шиедей қылады. Өз ауылында әлденеден жәбір көрген қазақ Қаратаевқа салып жетіп барады» деп бейнелейді. Б. Қаратаев әрдайым заңға жүгініп, әр даудың әділ шешімін шығарып отырады. Қорасына мал жинамақ түгілі, қара басына еркіндік ала алмай жүрген қазақтың аянышты халіне күйінеді, өз алдына азат ел атанатын күннің алыс еместігіне сенеді.

Жазушының бұл туындысына арқау болған бас қаһарман Бақытжан Қаратаев – ұлттық тәуелсіздік пен ел бостандығы үшін, ұрпақ келешегі үшін аянбай күрескен Отанымыздың елеулі перзенті, дарынды ұлы.

Берқайыр Аманшиннің жазушы ретіндегі өзіндік қолтаңбасы, суреткерлік шеберлігі, азаматтық болмыс-бітімі, қаламгерлік қабілет-қарымы оның шығармашылық ғұмырнамасын жүйелеуге, ізденіс жолдарын саралауға толықтай мүмкіндік береді. Қаламгердің әдеби әлемін, көркем мұраларын тыңғы-лықты зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері жазушының өзі өмір сүрген дәуірдің кескін-келбетін, мұңмұқтажын, әдебиетіміздің даму жолдарын, кейбір кемшін тұстарын, қилы құбылыстардың орын алу сипатын, қоғамның шынайы көріністерін айқындауға септігін тигізеді.

Қорыта келгенде, өзекті тақырып таңдауымен, тұғырлы идеясымен, шынайы суреткерлігімен әдебиет тарихынан өзіндік орын ала білген талантты жазушы Берқайыр Аманшин қазақ әдебиетінің алтын қорына қосыларлық айтулы мұра қалдырды.

Зейнолла Мүтиев,

М. Өтемісов атындағы БҚУ профессоры, әдебиеттанушы 

Жангүлім Мұханбетова,

М. Өтемісов атындағы БҚУ аға оқытушысы,

магистр, жас ғалым

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале