4.04.2024, 12:45
Оқылды: 67

Дұғаның сыры

Алланың бұйрығымен ата-анамның төртінші перзенті болып дүние есігін аштым. Сөйте жүріп, анамның мейірімі мен шуағына бөленген балалық шағымда ерке болғаным рас.

Анам ақылын санама сіңірді. Әр істі үйретуден жалықпады. Қасыңда жақсы адамның өнегесін үлгі етіп айтып, шаттандыратын.

56dc

Ер-азамат осындай болады деп, үнемі ерге лайық қасиеттерді сипаттап, сен де нар, жомарт бол, деп дұға ететін. Әкем сапарда болғанда, анамның қасында жатқанда, имани әңгімелер айтып, Алланың барын жеткізіп, тілімді кәлимаға үйреткен алғашқы  ұстазым анам болатын. Алланың үйінде жұмыс істеп жүргенім де, анамның батасының күші екенін сеземін.

Кіші Талдықұдық негізгі мектебі мен Ақпәтер орта мектебінің ұстаздарына деген құрметі ерекше болатын. Рауза анамның жанында жүріп, мейірімді, қайырымды, білімді, атымтай жомарт азамат болуымды әркез дұғасына қосып, Алладан тілеп, үмітін үзбей отыратыны құлағыма сіңіп қалған. Рауза анам өте қарапайым, еңбекқор, сөзі дана, өте таза жан болатын. Назым әжемді өте жақсы көрді. Әжем де (енесі) анамды ерекше сыйлады. Құрметі ерекше еді. Назым әжем нағашы мамаға «Раузаны мен үшін туғансың, құдағай сізге рақмет» деген жылы сөзді аямайтын. Анам нағашы мамамдай Назым әжемді де ерекше жақсы көретін.

Әжемнің суретін қонақ бөлменің төрінде сақтап, өмірден өтіп кетсе де, құрмет көрсетіп, еске алып отыратын.

Әкем ала таңмен жұмысқа кетіп, жай келетін. Атақты тракторшы болды. Анам қараңғы түнде алыстан келе жатқан тракторды гүрілінен білетін сезімтал болды. Үнін естіген бойда әкеме ыстық асын дайындап, шайын ысытып, жылы шыраймен күтіп, әңгімелері таусылмайтын ақкөңіл жан еді. Рауза анам келген қонақтарды құдайындай сыйлап, құрмет көрсететін. Көршілерімен тату-тәтті болып, ауылға келген таныс, ағайындарды арнайы шақырып, өз қолынан пісірген дәмді тамақтарымен қуантатын. Дастарқанынан ризық үзілмейтін, қолы берекелі жан еді.

Нанды, күрішті, қуырдақ, бауырсақты өте дәмді пісіретін. Осы күнге дейін ауылдастарымыз Раузаның пісірген тамақтары тілді үйіретін, дәмі әлі аузымызда тұрғандай деп сағына еске алады. Шешем ысырапқа жол бермейтін, қорлы жан болды. Әр істі тиянақты атқаратын. Әркез жұмыстың бабын біл деп үйрететін. Анам үйдің ішкі және  сыртқы шаруасына бірдей болды. Қорамыз толы мал болды. Шелек толы айран мен көже, көктемнің қызғалдақ пен зауза майын ерекше көңіл бөліп жинайтын. Ол майдың шипасы көп деп бөлек жинайтын. Еріткен сары майы келесі көктемге дейін же-тетін. Бір үйде төрт ұл өстік. Бізді аямай жұмысқа салып, еңбекқор болуға, адал ризық табуға үйреткен ұстазым – анам. Төртеумізді ерте тұрғызады. Сиыр сауғызады. От жаққызады. Нан пісіруді де үйретті. Үйді таза ұстауға, таза киінуге тәрбиеледі. Өздеріңе өздерің жауаптысыңдар дейтін. Одан біз жаман болмадық. Анам ауырып қалғанда, әкем осы шаруаларды өзі істейтін. Әкем оған арланбайтын. Анама жанашыр болатын. Әкемізден асыл жарына де-ген құрметін сезіндік. Шешем мені ерте тұрғызатын. Сиыр сауғанда, бұзау тартып тұрамын. Кейін қойды отарға қосып, бұзауларды қырға айдайтынмын.

Кейін мені киім мен көрпе тігуге, шұлық тоқуға, ыдыс пен еден жууға үйретті. Басында қасымдағы достарым-нан ұялдым. Қысылдым. Әбден төселдім сосын. Осы үйреткендері оқушы кезімде мектепішілік шараларда «Жігіт сұлтаны» байқауында өз өнерін көрсету кезеңінде кәдеме асты.

Қалада оқыдым. Анамның үйреткендері пайдаға асты. Үйлендім. Асыл жарыма сүйеу ғана емес, көмекші де болдым. «Әр істі ердің, әйелдің деп бөлмей, қолыңнан келсе, бірге атқар» деген сөзді санама сіңірген анама шексіз рақмет айтамын.

Ауылдың жайсаң азаматтарынан үлгі ал деп жиі айтатын. «Білімді азамат болатыныңа сенемін» деп күш беретін. Екеуміз оңаша отырған кезімізде «Ұлым ақ киім киіп, көп халық ортасында жүреді, ауылмен шектеліп қалмайды деп» жиі айтатыны есімде қалыпты. Бала қиялы дамысын, кеңге қанат жайып, биікке самғасын деген арманын менің бойыма сіңіре берген екен. Сол кезде мен «Анашым, мен жаныңда боламын, ауылдағы мектепте мұғалім боламын» деп іштей ақтарыла жеткізетінмін. Шешем  маған сеніп, болашақ армандарым туралы көп айтты, бірақ балалық сезіммен байқамай қалыппын. «Ақнүнәнім қайда барса, мен сонда барамын» дейтін, анам жарықтық. Есімде қалғаны Кіші Талдықұдық негізгі мектебін ойдағыдай аяқтап, Ақпәтер эстетикалық мектебінде оқып жүрген кезім болатын. Анам ауырып, қатты сырқаттанып жүрді. 11-сыныпта оқып жүрген кезім.

2 желтоқсан анамның туған күні еді. Сол күні көңіл күйім болмады. Сабақта өзімді жайсыз сезіндім. Ауыл жаққа қарап, егіліп қайта-қайта жылаймын. Алла маған сол сәтті сездіргендей болады. Іштей суық хабар екенін сеземін. Бірақ өзім түсінбеймін.  Кеш болды. Рақым құдамыз соғым сойған еді. Сол үйге барғанша өз-өзімнен егіліп жылап бардым. Қасымда әкемнің апасы Нәбира апам (Нәпөк дейміз еркелеп) бар еді. Қуырдақ жеп болғанда, үлкен ағам Мирам келгенін  байқап, жүгіріп келдім.

Ағамнан «Анашым бақиға аттанды ма?» деген сөзді туралап сұрадым. «Апам сені күтіп жатыр, тез алып келіңіздерші деген аманатына келіп тұрмын», – деді ағам.

Неге екенін білмеймін көзіме жасым келе берді. Машинаға отырып, ағамнан анамның амандығын қайта сұрадым. Ағам жауап бере алмағанынан тез түсіндім. Жол бойы көзімнен жас тоқтамады. Үйге келдім, дәлізде тұрған тақтайшаға көзім бірден түсті. Сол кездегі аласапыран сезімім ерте есейтті мені. Анам үлкен ақ түсті матаға оралып жатыр екен. Қайран, мейірімді, мейірбан анам! Көзі жұмылған анам.

Балалық шағымнан айырылып, тез есейіп кеттім. Тез есімді жинап алдым. Анам сол күні мені құшақтамады, маңдайымнан иіскемеді. Мен қасына барып анамды құшақтадым. Денесі суық. Бірақ жүзін көргенде нұрланып, шаштары бұйраланып, әдеміленіп кеткенін, Ұлық Раббысына жылы жүзбен жымиып қайтқандай көрінді асыл анамның бейнесі. Анам әркез менің айтқан сөзімді тыңдайтын қолдаушым болды. Әр ісіме балаша қуанатын еді... Ал бүгін анам мені құшақтамады. Маңдайымнан сипамады.

Анамды ақырғы сапарға шығарып салған соң, анамның аманаты менің үлкен азамат болғанымды қалағанын үнемі ойлаумен жүрдім. Анам маған кішкентай хат жазып қалдырған екен. Сол хатында «Ақ Нұрланым! Нүнәнім! Сен үлкен оқу орнына түсеріңе бек сенемін! Адал бол, адам бол, жарығым! Сүткенжем!» деп аманат хат қалдырыпты. Дәл осы адамнан, анамнан туғаныма қуандым. Жігерлендім. Қуат алдым.

Сапарда жүрсем де, білімнің биігіне көтерілсем де, үлкен жетістікке жетсем де, елдің марапатына ие болсам да, анамның аманат хаты жиі ойыма оралып, көз алдымда тұрады.

Қайран, анам. Ұлым үшін деп жан беріп, отқа түсіп, бақытты ғұмыр кешсін деп бар күшін салған анамның атына кір келтірмеймін деп шештім. Үйленіп, үйлі болып, адал жар, мұғалім болуым, әке атануым – бәрі-бәрі анамның ақ дұғасы ғой. Анам мәңгілік мекеніне кетсе де, көз алдымда жүргендей, Алла жәннатта анаммен жүздесуді жазсын!

Қасиетті Рамазан айында анашым өзіңді қатты сағындым! Ана атына кір келтірмеймін! Әркез жүрегімдесің, асыл анам! Өзің үйреткен жолмен жүріп келемін, ақылшы, дана анам!

Қасиетті Мекке мен Мәдина қаласында кіші-үлкен қажылығымды өтеп жүргенде, «Балам, ақ киіммен көп халықтың ортасында жүресің» дегені, ана жүрегі жарқын болашағымды айқын болжап, тура айтыпты деген ой келді.

Нұрланған Мәдина қаласында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жатқан Рауза деп аталатын жер бар. Сол жерде анаммен қайта қауышқандай ерекше сезімде болдым, Жаратушымның шексіз мейірімін сезіндім.

Анамның есімі ерекше, осы мекенмен байланыстыра қойған нағашы жұртымның тектілігін сездім. Жастай қалсам да, Алланың өзі жар болып, анамның дұғалары қабыл болып, Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжін үздік бітіріп, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқуымды жалғастырып, ойдағыдай аяқтадым. Мұғалім деген мамандыққа ие болдым. Кураторым Айман Батырқызы мен ғалым-ұстазым Серікқали Шарабасов болуы да жайдан-жай болған жоқ. Дана ұстаздардың алдын көріп, осындай құрметке бөленуім анамның дұғасы, әкемнің тәлім-тәрбиесі, ұстазымның теңіздей терең берген білімі, ауылдағы жайсаң жандардың және үлкендердің ақ батасы деп білемін.

Сүткенжеңіз Нұрлан қажы Саматұлы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале