8.04.2024, 11:56
Оқылды: 53

Жайық жағасы бекітілуде

Ресей Федерациясының Орынбор қаласының тұсында Жайық өзенінің деңгейі 11 метрге дейін көтерілген. Демек, бұл алапат су облысымызға, біздің ауданға шамамен бір аптадан кейін келеді деген сөз. Соңғы бір ғасырға жуық болмаған табиғи апаттан ен Жайықтың жағасын тең жайлаған аудан ауылдарын аман алып қалуға қарекет өткен аптадан басталды.

жайык

Жайықтың деңгейі көтерілсе, тасқын ең алдымен аудан орталығы  Чапаев ауылына қауіп төндірмек. Сондықтан мұнда су жайылуы мүмкін көшелерде жасанды бөгет құрылып, бұл істе мекеме-бөлім қызметкерлері көмекке келді. Атап айтқанда, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың азамат-жігіттері қаптарды қаптап, өзге де жұмыстарға септесті.

Аудан орталығының тұсында өзен деңгейі қауіпті межеден асса, Республика, Қазақстан, Жұбан, Исатай көшелері,  Кирпичный шағын аудандарын су басуы мүмкін. Ауыл әкімшілігінің ұйымдастырылуымен су жолына 426 қап төселіп, 10 КаМАЗ топырақ түсірілді. Сонымен қатар 300 қап инертті материалдармен толтырылды, бүгін тағы да қосымша төселеді.  Қазақстан көшесінде топырақ көтеріліп, жағалау қаптармен биіктетілді.

Ал Жайықтың жағасында орналасқан Қарауылтөбе ауылының тұрғындары кеше 300-ден аса қапты қаптап, ескі бөгеттің опырылып кеткен жерін бекітті. Мұнда 1994 жылы Жайық көтерілгенде ауылдан шетқары тұрған Экспедиция көшесін су басқан болатын. Сол кезде тұрғындар көтерген тағы бір бөгет бекітіліп, ауылға өзеннен қауіптің төнбеуі қамдалды. Базартөбе ауылдың округінің Қызылжар елдімекенінде де жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.

Ә.Серікқызы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале