Сапа Уәлиахметұлы Айсахаевтың есімі Ақжайық ауданына етене таныс. Олай болатын себебі, еңбек жолының ең бір жемісті жылдары осы ауданның шаруашылықтарында өтті. Ол – кешегі «қайта құру», нарықтық қатынас, жекешелендіру, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары секілді аласапыран, өліара шақта еңбек еткен, кейін жауапты жұмыстарда істеген сол кездегі жалындаған жастардың бірі. Сол жас жігіттің өзі бүгінде 70 жастың қырқасына көтерілгелі отыр. Тағдыр, өмір, бұйырмыс деген адам болжап болмайтын құбылыс қой. Егер жалындаған жиырма жасында намысқа салып, тосын қадам жасамаса, кейінгі өмірі қалай өрілер еді, оны Сапекең бүгінде тап басып айта алмайды. Сонымен сонау 1974 жылы Грузия елінде әскери борышын өтеп елге оралды. Әскерде шопыр болып, озат жауынгер атанды.
Әскерден оралған бойда сағынысып қалған достармен кездесіп, күнде «вечерлетіп» жүрген. Бір күні әкесі Уәлиахмет мұны әңгімеге тартты. Уәлахаң Тайпақ (кейін Ақжайық) ауданына аты шыққан, кеудесінде ордендері жарқыраған маңдайалды шопан болатын. Көп сөзге жоқ, істің адамы. «Балам, жоспарың қандай? Не жұмыс істемексің? Анау Талғат досың техникумға түсіп келіпті ғой...» – деді мұның жүзіне барлай қарап. Сапа елең ете түсті. Талғат оқуға түсіп кеткен, онысы қалай?.. Екеуі интернаттың нанын бірге жеп, бір класта оқыды, әскерде бірге болды. Сол әскерлерінде жүріп, ертең елге барғасын да жұбымыз жазылмай шопыр боламыз деп ант-су ішкендері қайда? Антты бұзып, жасырынып барып, оқуға түсіп кеткен... Әкесінің алдында басы салбырап отырғанда кеңшардың директоры «шақыртып жатыр» деген хабар келгені. Келді. Кеңшар директоры бүгінде марқұм Досқалиев Бисен ағай жасы егделеніп қалған, өзі қолтоқпақтай домаланған кісі еді. Мұның жағдайын жақсылап сұрап алды да, «Сен екі жыл военный водитель болыпсың, әке-шешеңе әскери бөлімнен келген мақтау алғыстарды білеміз. Шаруашылыққа су жаңа водовоз келіп тұр. Соны саған сеніп тапсырмақшымыз. Оралдан айдап кел де, жұмысқа кіріс!» – деді.
Сапа ал келіп ойлансын. Талғаттың үндемей-түндемей оқуға түсіп кеткені намысын қамшылап барады бір жағынан. Екінші жағынан, су жаңа ма-шинаны да қимай тұр. Бірақ Талғатқа ерегескен ашуы жеңіп кетті. «Сен техникумға түссең, мен институтқа түсемін, бәлем...» деп су жаңа водовозға да, ауылдағы вечерлерге де қарамай құжаттарын жинап алып, Оралға тартты да кетті. Сөйтсе, кешігіп қалыпты, қабылдау емтихандары аяқталып, оқуға түсетіндер түсіп, түсе алмағандар ауылдарына жиналып жатыр екен. Ол кезде ауыл шаруашылығы институты қаланың қақ ортасында, қазіргі облыстық мұражай орналасқан ғимаратта болатын. «Қап, енді не істеймін?» деп пұшайман болып тұрған Сапаға өзі қарайлас жас жігіт қайырыла кетті. Обком комсомолдың қызметкері екен. Ауыл шаруашылығы институтының қалашығы болашақта қаланың сыртынан салынайын деп жатқан көрінеді. Ол облыстық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланған (Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай, биыл оған 50 жыл толады екен). Мына жігіт болашақта бой көтеретін институттың құрылысына қатысуға шақырып тұр. Жатақхана болады, бір жыл жұмыс жасасаң, келесі жылы оқуға түскенде жеңілдік беріледі. Сапа сол бойда келісті. Сөйтсе, өздерінің институтының болашақ ғимарат-тарын салғысы келетіндер көп екен. Тіпті Ресейдің көршілес Орынбор, Омбы, Саратов, Астрахан қалаларынан келгендер де бар. Солардың арасында апалы-сіңлілі екі қыз да жүр еді. Кейін солардың біреуі сүйіктісіне айналып, адал жар болатынын Сапа ол кезде білген жоқ. Комсомол құрылысшылар күндіз жұмыс істеп, кеште оқуға дайындық курсына барады. Сол курста дайындалған 47 үміткерден келесі жылы жетеуі ғана оқуға түсіп кетті. Сол жетеудің бірі – Сапа, екіншісі, Астраханнан келген ару Үміт еді.
Сапа Уәлиахметұлы институтты бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығы институтының жанындағы Фрунзе атындағы оқу-тәжірибе шаруашылығында зоотехник болып еңбек жолын бастады. Осында жүргенде облысқа есімдері жақсы таныс, мықты мал мамандары Максим Науанов, Қайбош Нұғыманов сынды ағаларының көзіне түсті. Олар көп ұзатпай жас маманды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жұмысқа шақырды. Алдыңғы толқын ағалар аттай қалап шақырса, тартынатын несі бар, барды. Қой шаруашылығы деген жыл – он екі ай жұмысы мігір таппай, қайнап жататын сала. Ол қысы-жазыңа, жауын-шашынға қарамайды. Шопанмен бірге мал мамандары да күйек алу, қыстақ, қой төлдету деп үнемі ат үстінде жүреді. Сапа да тыным таппады. Қысқа уақыттың ішінде облыстың барлық шаруашылықтарын аралап, әрқайсысының ерекшеліктерін бір адамдай біліп алды. Барған жерінде көрген-білген, байқаған кемшіліктерін жасырмай айтады, хаттап, акт жасайды. Ол қағаздардағы кемшіліктер сол күйінде қалмайды, кейін бюрода қаралып, шаруашылықтардың басшылары, аудан хатшылары сөгіс арқалап шығып жатады. Әрине, олар өкпелейді, мұның үстінен арызданады, бірақ шындықты көрсеткен құжаттарға арқа сүйегенде бет қаратпай кететін партия әділдіктен аттамайтын. Сапа Айсахаев қысқа уақыттың ішінде өзіне тапсырылған міндетті әрі сапалы, әрі адал атқарып көзге түсті. Жасыратын несі бар, жалындап тұрған жас кезі ғой, кейде қызды-қыздымен жұмыстарын сынап жіберетіндердің ішінде өзінің бастығы Максим Науановтың жақсы таныс-білістері, достары кетіп қалып жататын. Обалы қайсы, Мәкең марқұм бұған ренжімейтін. Қайта жас маманды арқадан қағып, көтермелеп отырды. Күндердің күнінде Максим ағай «Сапа, сен біраз тәжірибе жинадың, бұл жұмыс зейнетке шығайын деп жүрген қарт-тардың жұмысы. Сен шаруашылыққа баруың керек» деп айтатын болды. Жай айтып қоймай, шаруашылықтан директорлар бас зоотехник сұрап келсе, Сапаны ұсынатынды шығарды. Тіпті «бар, көр, ұнаса, бас зоотехник болып сол шаруашылықта қал» деп бір-екі директорға ілестіріп те жіберді. Бұл ойлана бастады бір күні өзім талай сынап жүрген, мамандар тұрақтамайтын шаруашылықтардың біріне жіберсе, бармаймын деп айта алмаймын, не істеу керек?.. Сөйтіп жүргенде бір күні әкесінің туған інісі Қожахмет Айсахаев Максим Науановқа келіп, зоотехник-селекционер сұрап кіреді. Мәкең Қожахаңның өтінішін қуана-қуана шешіп жібереді. Ол үшін Сапаны Мәскеуге, мал тұқымын асылдандыру институтына алты айлық оқуға жолдады. Осы оқуда жүріп В. Митошин, К. Девин, А. Варшавский сынды атақты профессорлардың дәрісін тыңдады. Тап осында жүріп өзіміздің жерлесіміз академик Алексей Черекаевтың алдын көрді. Бір күні академик лекциясын үзіп, өзі қазақшаға судай болатын «Сапа, сен Қожахметтің баласысың ба?» деп сұрақты төтесінен қойды. Бұл Қожахметтің ағасының баласы екенін айтты. Академик Қожахаңмен «Чапаев» кеңшарында бірге жұмыс істегенін, өте қатты сыйлайтынын біраз әңгімеледі. «Қожахаңа сәлем айт, осы оқуыңды жақсы бітірсең, маған аспирантураға оқуға кел, кейін ғылыми жұмыспен айналысасың, диссертация қорғайсың» деп төтесін айтты. Алты айлық курсты ылғи «беске» бітірген Сапа академик Черекаевқа барып, дипломын көрсетті. Алексей Васильевич бұған «Жарайсың, жігітім, маған өзіңдей өндірісте жұмыс жасап жүрген мамандар керек, оқуға кел!» деп аспирантураға жолдама толтырып берді. Қуанышы қойнына сыймаған Сапа ауылға келген бойда Қожахаңа барып, ылғи бестік тізілген дипломын көрсетті. Ол кісі де қуанып жатыр. Сол бойда Сапа академик Черекаевтың сәлемін айтып, оның өзіне берген жолдамасын Қо-жахаңның қолына ұстатты. Бестік бағаларға қуанып отырған директор «Шырағым, мен сені Мәскеуге оқымысты болсын, ғалым болсын деп кеңшардың ақшасын шашуға жіберген жоқпын, ірі қараны асылдандыру жұмыстарын зерттеп, оқып келсін деп жібердім, осыдан оқуға кетіп қалсаң, анау оқуыңа кеткен шығындардың бәрін ұстатамын» деп ашуға мінсін. Қожахаңның мінезін жақсы біледі, ақыры Мәскеудегі оқу көзден бұлбұл ұшты...
* * *
«Ілбішін» кеңшарындағы жылдар Сапа үшін үлкен өмір мектебі, шыңдалу, маман болып әбден қалыптасу кезеңі болды. Қожахаң ала жіпті аттамайтын, әділ, адал, жұмысқа келгенде асқан талапшыл, қатал, бұлтақ-сылтақты білмейтін жан еді. Өтірік айтпайтын, қолынан келмейтін нәрсеге уәде бермейтін, тура жүріп, тура сөйлейтін. Қарауындағыларды да солай тәрбиеледі. Сондықтан Сапа үшін Қожахмет Айсахаевтың қарауында жұмыс жасаған жылдар өз алдына аспирантура болғаны рас.
1987 жылы 4 шілде күні «Родник новый» ұжымшарына басқарма болып тағайындалды. Тағайындалғаны қызық. Басқармалыққа Чапаев аудандық ауыл шаруашылық басқармасының мал тұқымын асылдандыру жөніндегі бас маманы жұмысынан ұсынылды. Ол кезде аудандық партия комитеті алдынан өту өз алдына облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, облыстық атқару комитеті, облыстық партия комитетінің алдынан да өтесің. Солардың бәрінен мүдірмей өткен. Енді ұжымшардың жалпы жиналысында колхозшылардың алдынан өтуі керек. Жиналыста «өзіміздің ішімізден, өзіміздің ауылымыздан басқаратын адам болмады ма, неге шеттен кісі әкелесіңдер?» деген әңгіме белең алып бара жатты. Сол кезде ауданның бірінші хатшысы Марат Оразғұлов бәрін асықпай тыңдап алды. Сосын барып осы ауылдың екі азаматын орындарынан тұрғызды. «Мына жігіттер басқармалыққа ұсынылды. Бірақ облыстың бірінші хатшысының сынағынан екеуі де сүрінді, өте алмады. Жігіттер солай ма?» – деді. Азаматтар Оразғұловтың сөзін растады. «Ал мына Сапа Айсахаев сол сынақтардың бәрінен мүдірмей өтті. Бұл азаматты өздеріңіз жақсы білесіздер ғой. Өткен жылғы ауыр өткен мал қыстағында бұл азамат өздеріңізбен бастан-аяқ бірге жүрді. Малды аман алып қалуға зор еңбек сіңірді. Соны ұмытып қалдыңыздар ма?..» деп мәселені қабырғасынан қойды да, Сапаның кандидатурасын дауысқа салды. Осылайша айқай-шумен басталған жиналыс айналып келгенде көпшілік дауыспен Сапа Айсахаевты басқармалыққа тағайындап еді.
Отыздан жаңа асқан жасында шаруашылық басқаруға тағайындалған жас жігіт не тындырды дейсіз ғой? Тындырғаны көп. Біз со-лардың ең негізгілерін қысқаша жіпке тізіп көрелік. Ауылда тұрғын үй салу өте нашар атқарылып келіпті. Ең алдымен соны қолға алды. Ол үшін бұрын болмаған құрылысшылар бригадасын жасақтады. Оған ауылдағы жігіттер тартылды. Жыл сайын жаңа үйлер бой көтерді. Тағы бір мәселе – монша. Жоқ емес-ау, бар, бірақ әбден ескірген, құлағалы тұр. Жаңа басқарма мұны да көпке созбай шешті. Арада жыл өтпей жатып, ұжымшардың орталығында типтік жобамен салынған монша жұмыс істеп тұрды. Жай монша емес, ішінде бассейніне дейін бар! Ұжымшардың техникасы да аз, барының өзі әбден «қартайған». Уақыт өте келе ұжымшарға әр түрлі маркалы жүк машиналары, басқа да ауыл шаруашылық техникалары алынды. Кожехар ауылы ауыл болғалы күрежолдан келетін үш шақырымдық кірмежол діңкелетіп келе жатқан еді. Сол жолға тақтайдай асфальт төселді. Ауылды ауыз сумен қамту, жарықтандыру сияқты жұмыстар да оңтайлы шешімін тауып жатты. Шаруашылықта малды бордақылып мемлекетке өткізу жолға қойылды. Ал, түліктердің мал азығы сүрлеміне дейін жеткілікті дайындалатын болды. Ұжымшар жыл сайын тоғыз мың гектар жерге егін егіп, одан орташа есеппен 12 центнерден өнім алып отырды.
Айтып айтпай не керек, әңгімемізді қысқаша қайырсақ, Сапа Уәлиахметұлы Айсахаев арада үш жыл өткенде 1990 жылы «Родник новый» ұжымшарын «миллионер колхоз» атандырып еді.
Айтпақшы, Сапа Айсахаевтың сонау институтта жүргенде танысқан Астраханнан келген бойжеткенге 1977 жылы 20 тамызда үйлен-генін айтуға ұмытып бара жатыр екенбіз ғой...
Сөйтіп Үміт екеуі бүгінде екі ұл, бір қызынан немере мен жиендер сүйген бақытты ата мен әже.
«Өткен күндерге бек ризамын!» дейді ардагер азамат бүгінде.
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»