Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастыру негіздерін жетілдіруге бағытталған заңдарды талқылады, деп хабарлайды parlam.kz
Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда құрамында ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бар әрекеттерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске көшіру арқылы қылмысқа жатқызу, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар бойынша татуласу мүмкіндігін болдырмау, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсағаны, денсаулығына қасақана орташа немесе ауыр зиян келтіргені үшін кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны күшейту бар.
Сенаторлар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорлау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ата-анаға немесе өзге де заңды өкілдерге қатысты әкімшілік жауаптылық енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңды да қарады. Бұл заңдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген болатын.
Комитет отырысына қатысушылар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарады. Құжат ережесінде экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салу, бейнебақылау жүйесін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық, сондай-ақ өңірлерге қоныс аударушыларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзету енгізу ұсынылып отыр.
Депутаттар отырыс қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.
Фото: parlam.kz