10.04.2024, 17:11
Оқылды: 29

Батысқазақстандық шаруа топырақсыз шөп өсіреді

Бір аптаның ішінде өсіп-өнетін жасыл шөп өсіру мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін. Небәрі жеті-ақ күнде гидропоника деп аталатын жаңа технологияның арқасында құнарлы мал азығын алуға әбден болады. Елімізде топырақсыз, құр суға шөп өсіруге мүмкіндік беретін бұл жаңашылдықты меңгерген шаруалар көбейіп келеді. Солардың қатарында сайқындық кәсіп иесі Медет Сикенов те бар.

гидропоника (1)

Көрді. Қызықты. Бастады. Әуелі Медет ағамыздың гидропоника әдісіне қызығушылық танытып жүргенін естіген едік. Жерлесіміздің қандай ма іске көзі түссе, оның тыңғылықты нәтижесін көрмей тынбайтынын білгендіктен бұл шаруаны да дөңгелентіп әкетеріне күмәніміз болмаған. Әлеужеліде ақпар көп. Кейіпкеріміздің осы салаға ықылас танытуына желідегі бейнеүзінділер ықпал етіпті. Санаулы күнде шөп өсіріп, пайда тауып жүрген еңбек иелерінің ісін байқап көрмекке бел буады. Көп ізденіп, біраз зерттейді. Айтқандай-ақ көп ұзамай «Ауыл аманаты» жобасы арқылы үйін кепілдікке қойып, 5 миллион 950 мың теңге мөлшерінде несие алып, топырақсыз шөп өндіруге кірісіп те кетті.

гидропоника (2)

– Гидропоника экономикалық тұрғыдан өте тиімді әрі пайдалы сала. Сатып алынған бір қапшық арпаны қорадағы түлігің әрі кетсе екі күнде жеп тауысады. Сол бір қапшық арпаны ексек, үш-төрт есе өнім алуға болады. Болашақта шаруалардың дені осы әдісті меңгеріп алса, қысы-жазы қорасы көк майсаға толар еді. Әсіресе қуаңшылық кезде тығырықтан шығудың тиімді жолы осы ғой. Топырақ тозып барады, құрамындағы қоректік заттар да азайды. Жерге еккенің зиянкеске жем болып, өскенше біраз алысасың. Ал бұл технология арқылы уақытыңды үнемдейсің, санаулы күнде малдың азығы да дайын болады.  Еңбек етіп, табысымды еселеймін дегенге  түрлі мүмкіндіктер бар. Мемлекеттің осындай қолдау-көмектерін дұрыс жаратып, нақты іспен көрсетуге тырысу керек. Жастардың дені ғаламторда отырады. Пайдасы бар, дені дұрыс контентті тұтынса мейлі, көбісі арзан күлкі мен мағынасыз әзілден тұратын бейнероликтерді көретінін байқаймын. Оданша осындай істі байқап көрсе әлдеқайда ұтымды болар еді. Адамның жасағанын адам жасай алады. Ынта, ниет керек, – дейді.

Иә, ендігіде кейіпкеріміз жерге егіп, жыртып, баптап, суарып, арамшөбін жұлып бас ауыртпайтынын ұқтық. Гидропоника шаруаның онсыз да жеңіл емес жұмысын біраз жеңілдеткендей. Тек дәнді егуден, өсіруге дейінгі ұңғыл-шұңғылын тыңғылықты үйреніп алған жөн. Кейіпкеріміз гидропоника технологиясын жетік білетін маманды Алматыдан арнайы шақыртып, гидропоникалық құрылғыларды бірге құрып, тұрғызған көрінеді.

гидропоника (3)

–Бір келі арпа, бидайдан 7-10 келі шөп алуға болады. Әуелі арпа, бидай дәнін әк қосып, жақсылап жуып аламыз, содан соң жарты сағатқа марганец ерітіндісіне батырып қою керек. Бидайдың дәнін арнайы құтыға салып, ауа жіберу арқылы, кезекті процестен өткіземіз. Айналдырған 6-7 сағаттың ішінде дән ісінген соң арнайы жалпақ пішінді ыдыстарға (лотоктарға) жайып саламыз. Әрқайсысынан 10-15 келі шөп өсіп шығады. Әзірге онға жуық ыдысты қойдық. Сонда апта сайын шамамен 100-150 келі шөп өсіреміз деген сөз. Бұл бастамасы ғана. Сөрелерді бояп, реттеген соң ыдыстарды еселейміз. Сонда шағын өндірісіміздің қуаттылығы да арта түспек. Аз уақыттың ішінде нәтижесі көңілімізден шығып тұр. Шөптің бір келісі шамамен 120 теңге тұрады. Ең бастысы бөлме жылулығын 17-18 градустан асырмай ұстау керек. Бұлар үшін температура мен жарық, ылғал маңызды. Аса күтімді қажет етпесе де осы аталғандарды міндетті түрде ұстану керек. Әйтпесе көк шөптің құрамында хлорофильден басқа ешнәрсе болмай қалады, – дейді.

 72 шаршы метрлі жылыжайда тек мал азығы ғана емес, құлпынай, қияр және салат жапырағы да егіледі. Қазіргі таңда үй жағдайында дәнін егіп, сәл көтерілгенін күтіп отыр. Белгілі көрсеткішке жеткен соң жылыжайға әкеліп, арнайы құтыларға орналастырады. Жоғарыда айтып өткеніміздей бұларды өсіру үшін топырақ қазып әкеліп, әуреленудің қажеті жоқ. Ұзыннан созылған құбырлар арқылы су уақытымен айналып келіп тұрады. Топырақсыз өсірілетіндіктен өсімдіктердің тамырланып өсуіне қажетті барлық табиғи элемент арнайы қоректік ерітінділер арқылы құйылады.

– Гидропоника технологиясын жақсы білетін маманды Алматыдан шақырттым. Соның көмегімен гидропоникалық құрылғыларды құрастырып тұрғыздық. Кәдімгі кәріз құбырлары темір тіреуіштерге бекітілген. 288 түп орната алатындай саңылау жасадық. Алдағы уақытта құлпынай, қияр, салат жапырағын егіп көрмекпін. Әзірге тұқымын салып қойдым. Көтерілген соң осында әкелеміз, – дей келе жылыжайды қашықтан отырып бақылауға болатынын да айтып қалды.

–Ақылды үй дегенді естіп жүрміз ғой, енді мінекейіңіз, жылыжайдағы барлық процестерді де арнайы қосымшалардың көмегімен басқарып, бақылауға болады екен. Аqara қосымшасын телефоныма жүктеп алдым. Өзіме қажетті түймелерді басу арқылы жылыжайдың жарығын қосу, суару, желдету секілді жұмысты автоматты түрде жасай аламын. Сондай-ақ құбырдан су ағып, бұзылса, ол туралы да белгі береді, – дейді.

Гидропоника саласы біраз шығындалуды қажет етеді. Технологиялық құрылымына қажетті материалдарды айтпағанда, түрлі автомиткалық жабдық, арнайы құты-ыдыстары секілді ұсақ-түйекке дейін арзан баға тұрмайды. Өсімдіктерге құйылатын қоректік қоспалары және бар. Осы кәсіпті үйретуші мамандардың сабағы да ақылы. 300 мыңнан миллион теңгеге дейінгі аралықта бағыт-бағдарды беруге дайын. Телефонға жүктеп алатын мобильді қосымшалары да тегін емес. Десе де бұдан келер пайда телегей. Жеті күн сайын қорегің дайын, келілеп сатсаң да өзің білесің. Жазда да, қыстың қақаған аязды күндерінде де жұмыс тоқтамайды. Есесіне, көк майса шөп іздеген ағайын  тұрақты тұтынушыңа айналады.

–Заман ағымына сай жаңа технологияларды меңгере отырып кәсіп жүргізуге екінің бірі батылдық таныта бермейді. Десе де бұл кәсіптің артықшылықтары баршылық. Аудан көлемінде осы саланы гүлдендіріп, дамыта алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Үкіметтің шаруаларға деп бөлген көмегін оңтайлы пайдаланып, тиімді жарата білсек екен. Жер де, ел де ортақ. Шөбі қуан өңірлер үшін таптырмас әдіс, – деген кейіпкеріміз жерлестерін де жаңашыл да озық технологияларды меңгеруге шақырды.

Әзірге «Ауыл аманаты» жобасы арқылы аудан көлемінде тек Медет Сикенов қана гидропоника саласына бет бұрды. Кім біледі, алдағы уақытта топырақсыз шөп өсіруші шаруалардың қатары толығып қалар.

Арайлым Есмағұл,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале