11.04.2024, 16:15
Оқылды: 42

Шашылған тері өңделмей, өнеркәсіп дамымас

Қазақ үшін төрт түлік мал жесе – тамақ, ішсе – сусын, кисе – киім, мінсе – көлік болған. Ол кездегі төрт түлікке байланған қазақ тұрмысын малсыз көз алдына елестету мүлде қиын. Бұрын ата-бабамыз киім-кешек түгіл ыдыс-аяқ пен күнде қолданатын құрал-жабдықтарының біразын сол малдың терісінен жасаған. Қазір малды сойып, етін жеп аламыз да, терісін лақтыра саламыз. Ол шіріп, иісі шығып, айналаны ластап жатса да шаруамыз жоқ. Тіпті табиғатқа қандай әсер беріп жатқаны да адамдарды мүлдем қызықтырмайды.

фото 1

Бір кездері үлкен сұранысқа ие болған меринос қойларының биязы жүндері де бүгінде кәдеге аспай, далада қалып жатыр. Оған кім кінәлі? Бүгінде киіздің орнын түкті кілемдер басты. Бір сөзбен айтқанда, малды тек еті мен сүті үшін ғана ұстайтын жағдайға жеттік. Мұның себебі өндіріс орындарының болмауынан да шығар. Егер сол терілерді қабылдайтын арнайы пункт болса, бұлай болмас па еді... «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, бір кездері табыс көзі болған шикізатты дұрыс пайдаға асыра алмай жатқанда, қойдың жүні мен терісінен табыс тауып отырған елдер бар. Әсіресе, Түркия, Қырғыз, Қытай сияқты елдер. Өзіміз тәуелсіздік тұсында өмірге келген соң ба, әйтеуір, үлкендердің «біздің кезімізде» деп айтып отыратынын жиі естиміз. Бұрын Кеңес заманының өзінде мал терісі мен жүнін, тіпті сүйегіне дейін кәдеге асырған. Ал қазір қоқыс төгетін орындарда үйілген жүн мен шашылған теріні көргенде ішің удай ашиды. Ертеректе үлкендерден малдың терісін ащы айранға салып, илеп, одан қайыс, тағы басқа дүниелер жасайды дегенді естіп өстік. Қазір оның бірі жоқ. Аналарымыз қойдың жүнін кәдеге асырып, түтіп, ұршық иіріп, содан шұлық, қолғап тоқитын. Қазір оны да кимейтін болдық. Әжелеріміз жиналып киіз басатын. Дәл осындай сәтте көкейімізде «Өзіміздегі бар байлығымызды неге игермейміз?», «Неге шет қалып бара жатырмыз?» деген сұрақ туындайды. Теріден не өндіруге болады? Босқа қоқысқа тастап, әр жерде шіріп, ит-құсқа жем болып жатқан шикізаттардан қандай өнім алуға болатынын қараңызшы. Деректерге сүйенсек, қазан, қараша айларында сойылған малдың өңі қалың болады екен. Бұл тері тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге жарамды. Соғым терісі – жүндес, қыртысы қалың, мықты терілер. Тақыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба сынды заттар жасалады. Ал сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбіне ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады. Елтірі – туғанына 2-3 ай болған қозы терісі. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға тігеді. Туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы-лақ терілерін «Мари» деп атайды екен. Ол бөрік, тымақ тігуге, әдіптеуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, өрнекті болып келеді. Іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісін «Жылбысқы» десе, сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісін «Тоқты шақ» дейді. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды. Айта берсең, осылай кете береді. Көріп отырғаныңыздай, төрт түліктің терісінен барлығын жасауға болады. Осындай байлығымызды өзіміз неге пайдаланбасқа? Бұл – әр қазақты ойландыратын мәселе. Жалпы, қазіргі таңда еңбек етемін, жұмыс орындарын ашамын деген жанға мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіледі. Қайтарымсыз гранттар мен пайызы төмен несиелер де қарастырылған. Бірақ соны алған адамдар бірін-бірі қайталайтын бизнеспен айналысып отыр. Қала түгіл ауданның өзінде аяқ басқан сайын мейрамхана, шаштараз, монша, кондитерлік өнім, автосервис, тағы сол сияқтылар кете береді. Не үшін тері өңдейтін зауыт ашпаймыз? Пайдасы да мол болар еді.

Мақала жазу барысында аудан орталығындағы «Бәйтерек» ет дүкенінің иесіне жолығып, сөзге тарттық. – Бұрын мал сойса, оның терісін арнайы орынға апарып тапсыратын. Азын-шоғын болса да, тиын-тебен шығаратын. Әйтеуір, далада қалмайды. Қазір тері де, жүн де өтпейді. Сол үшін, амал жоқ, сойған малдың терісін арнайы қоқыс орнына тастауға тура келеді. Мұның дұрыс емес екенін түсінеміз. Десек те амал жоқ. Ал қойдың жүнін тек көрпеге пайдаланамыз. Артығын тағы да тастауға тура келеді. Бұрынғыдай пима басатын цех немесе жүн қабылдайтын пункттер болса, жақсы болар еді. Сол жерге апарар едік ысырап қылмай, – дейді жас кәсіпкер Дәурен Жакупов.

Иә, шашылған тері өңделмей, біздің өнеркәсібіміз де дамымасы белгілі. Ол үшін ауданда осы кәсіппен айналысуға жағдай жасап, берілетін грантты осындай жұмыстарға икемдесе, нұр үстіне нұр. Сол кезде жүн де, тері де шашылмас еді.

Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы. 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале