14.04.2024, 11:31
Оқылды: 96

Теректі ауданындағы 19 елді мекенге тасқын судан қауіп бар

Ресейден келе жатқан үлкен тасқынға қарсы тұру қарбаласындағы Теректі ауданында Жайыққа жақын қонған 19 елді мекенді су басу қауіпі жоғары көрінеді.

суббота суу

Өткен аптада ғана қар суы әбігерінен шыққан теректіліктер бел жазбастан Жайық жағасындағы елді мекендердің айналасын бекітуге кірісті.

суббота су

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова басшылығымен ауданда су кірер жерлерді бекіту, қауіпті жерлерден мал шығару, тұрғындарды эвакуациялау жолдары қаралды. Әр елді мекенге ауданның басшылық құрамынан жауапты тұлғалар бекітілді. Тәулік бойы кезекшілік қойылды.

Подстепное, Тоқпай, Әйтиев, Магистральное, «Ақжайық» шипажайы, Ыждағат ауылдары аумағында суға бөгет салу жұмыстарына бар күш-құрал жұмылдырылды. Осындай кезде жан-жақтан қол күші мен техника көмегі келіп жатыр. Жергілікті кәсіпкер азаматтар, атқарушы органдар қызметкерлері, жастар мен ауыл тұрғындарына төтенше жағдайлар қызметі, әскерилер қосылып, үлкен күш жиналды.

13 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Тәткен брифингте «Мамандар Орынбордан келе жатырған тасқын су облыс аумағына 17-19 сәуірде жетеді деген болжам айтты» депті. Оған санаулы ғана күн қалды. Сондықтан тасқынға қарсы тұру жұмыстары сенбі, жексенбіге қарамастан жүреді.

Сенбі күні төтенше жағдай бойынша аудандық штабтың орталығына айналған Подстепное ауылында аудан әкімінің лездемесімен басталды. Әр қызметке, штаб мүшелеріне, ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар берілді. Содан соң әркім өзіне тиесілік жұмысты атқаруға аттанды.

Бұл күні ауданда таңмен 250-ден астам адам, 30 бірлік техника бөгет салуға кірісті. Ақтөбеден жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің №20982 әскери бөлімінің сарбаздары көліктерінен түсе сала іске қосылды.

суббота су++++

Тасқынның бірінші соққысынан шыққан Подстепное ауылында тұрғындар сенбілік жасады.

Теректі ауданының іскер әйелдері жиналып, Подстепное ауылындағы мешіт ауласында судан қорғау жұмысында жүргендерге ыстық тамақ дайындап жүр. Ас-су жеткізіп беріп жүрген кәсіпкерлер де бар. Мәселен, «Кублей» ЖШС сенбі күні ыстық тамақ жеткізді. Батыс Қазақстан облысындағы «Азаматтық Альянс» бірлестігі ауданның қызыл судан зардап шеккен тұрғындарына жіберген гуманитарлық көмегі келіп жетті.

суббота су +

Сенбіні қарбаласпен өткізген жұрт күн батқан соң ғана саябырсыды.

«От пен су – тілсіз жау» демей ме. Судан келер қатерге қарсы тұру үшін жұдырықтай жұмылған күш керек.

Біздің күшіміз – бірлікте.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале