16.04.2024, 19:30
Оқылды: 75

Он саусағынан өнер тамған бөрлілік тігінші туралы не білеміз?

Өзіңнің қалаған, армандаған жұмысыңды жасау үлкен ізденіс пен еңбекті талап етеді. Бірақ сол жаның қалайтын жұмыспен нәпақаңды тауып, табысқа кенеліп отырсаң, бұдан артық арман бар ма?

тігінші (5)

Бүгінгі күнгі танымал кәсіптердің бірі – тігіншілік. Бұл іспен айналысатын жандардың да қатары көбейіп келеді. Негізінен бұл салада еңбек еткісі келетін жанның дизайнерлік қабілеті мен шығармашылық идеялары болуы керек. Себебі қазіргі таңда ненің сұранысқа ие екенін, қандай дизайнды халықтың ұнататынын білу маңызды.

«Етікшіні балға мен бізі асырайды, егіншіні кетпеннің жүзі асырайды, тігіншіні инесі асырайды» деген халқымызда мақал бар. Негізінен қазақ халқы ертеден сөзге де шебер, іске де ұста болып келген. Бүгінгі күні елімізде он саусағынан өнер тамған ісмер, шебер жандар баршылық. Осындай жандардың бірі, бүгінгі кейіпкеріміз Бақытгүл Аймұратова. Ол қазіргі таңда осы салада шағын кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр.

Негізінен қырықтың қырқасынан асқан Бақытгүл Асқарқызы мектеп бітіргеннен кейін Орал қаласындағы медициналық колледжге оқуға түскен. Отбасылық жағдайларына байланысты оқуын Байқоңыр қаласынан аяқтап, фельдшер мамандығын алып шыққан. Оқу бітіргеннен кейін біраз жыл Сырым аудандық ауруханасында медбике болып жұмыс жасапты. 2008 жылы тұрмыс құрып, Ақсай қаласына қоныс аударған. Қазіргі уақытта жолдасы жүргізуші болып жұмыс жасайды, ал өзі үй шаруашылығымен айналысады, яғни тұрмысқа шыққаннан кейін жұмыс жасамаған. 3 ер бала мен 3 қыздың анасы. Қазіргі уақытта үлкен баласы аурухананың реанимациясында медбрат, келіні акушер болып жасайды екен. 1 жастан асқан немересі бар әже. Басқалары мектеп жасында және 5 пен 2 жаста.

тігінші (6)

Қазіргі уақытта кәсіп ашамын деген жанға бағыт беріп, білім алуға көмектесуші жобалардың бірі – «Бастау Бизнес». Негізінен бағдарламаның мақсаты жұмыссыз халықты жұмыспен қамту болып келеді. Осы мемлекеттік жоба арқылы кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз де осы жоба аясында кәсіп ашудың негіздерін оқып, бизнес-жоспар жасап, өз бағын сынаған. Бизнес-жоспары жақсы қорғалып, қайтарымсыз грантқа ие болып, қазіргі уақытта кәсіп ашқанына 1 жылдай уақыт болыпты. Кейіпкеріміз мемлекеттен грант алып, кәсіп бастауға болатынын былтыр естіп, бірден кіріскен екен. Мемлекеттік гранттан 920 мың теңге қаржы алып, сол ақшаға 3 тігін машинасын және тағы басқа керекті заттарын сатып алыпты. Оған Бақытгүлдің кішкентайынан қолөнерге жақын болып өскені себеп болса керек.

- Кішкентай кезімнен анамның үйде іс тігетінін, тоқитынын көріп өстім. Анам негізінен ұстаз, математика пәнінен сабақ берген, ал қазір зейнет демалысында. Өзім де осы іс тігуді жақсы көремін. Мен де анам сияқты тігу де, тоқу да білемін. Кәсіпкер дамығысы келсе, қазір мүмкіндік көп қой. Төмен пайызбен несие немесе үлкен қаражаттағы грант, тағы басқа. Алдағы уақытта 5 млн теңгенің грантына қатысу ойымда бар. Осы ісімді үлкейтіп, тағы басқа көрпе тігетін, жүн түтуге арналған керекті заттарымды алғым келеді. Мемлекеттік гранттың маған көп пайдасы тиді. Кәсібін ашқысы келіп жүрген немесе дамытқысы келіп жүрген жандарға керемет мүмкіндік деп ойлаймын, - дейді тігінші Бақытгүл Асқарқызы.

Кейіпкеріміз қазіргі уақытта үйінің бір бөлмесінен ательесін ашып отыр. Тек өзі ғана жұмыс жасайды. Ол қолынан келсе, бәрін де тіге береді екен. Мемлекеттік грантты тұсау кесер жабдықтарын тігу ретінде алыпты. Кейін кәсібін дамыту мақсатында кез келген затты тігуді үйренген. Нақты тек осыны тігемін деп отыра бермей, өзін жан-жақты дамытуды мақсат еткен. Қазіргі кезде тіпті көрпе де тіге береді. Сонымен қатар сөмке, ойыншық, ұлттық немесе заманауи бағыттағы әртүрлі киімдерді және тағы басқа көптеген дүниелерді тіге алады. Күннен күнге тапсырыстар саны да артып келеді екен. Одан бөлек қаламызда өтетін әртүрлі жәрмеңкелерге де қатысып, өз еңбектерін тұрғындарға сатуға шығарып жүр.

«Сабыр түбі – сары алтын» демекші, тігіншіге сабырлық өте қажет қасиет. Себебі кей уақытта тіккенің ойлаған дүниеңнен басқаша болып шығатын кездер де болатынын көп тігіншілерден естідік. Кейіпкеріміз алған тапсырыстарын әрқашан уақытында тапсыруға тырысады екен. Себебі бұл тұтынушыларыңның көңілінен шығуынан бөлек, өзіңе де тұрақты тапсырыс берушілерді жинаудың амалы екендігін айтты.

InShot_20240416_184319145

Тігіншілік – тиімді кәсіптердің бірі. Адам арманын орындау үшін ерінбей еңбек етіп, мақсатына қарай қадам басуы тиіс. Кейіпкеріміз кәсіптің алдыға басуы үшін, ең бастысы өз ісіңді жақсы көруің керек дейді. «Мақсатсыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, кейіпкеріміздің алдыға қойған мақсаттары да көп. Оның жоспарында алдағы уақытта кәсібін үлкейту де бар. Өзі де тек қазіргі тіге алатындарымен шектеліп қалмай, неше түрлі киім, құрақ дегендерді үйреніп, қолөнерді дамытқысы келеді екен.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале