17.04.2024, 10:30
Оқылды: 59

Январцевта дайындық қауырт

17 сәуірден бастап Жайық өзені арқылы Ресейден мол су келеді деп күтілуде. Тасқын суды бірінші болып қабылдайтын Бәйтерек ауданының Январцев ауылдық округі. Аталмыш округ тұрғындары бүгінде күні бойы бөгет нықтау, жаға бекіту жұмыстарының, жалпы топан судың алдын алу іс-шараларының басы-қасында жүр.

IMG-20240417-WA0011

Қазіргі таңда округ аумағында 9 шақырымдай бөгет тұрғызылған. Оның 5 шақырымы Январцев ауылында, 2 шақырымы Спартакта, қалғаны Кирсанов пен Красноармейскте. Биіктігі мен еніне келсек, Январцевта қауіптілігі зор деп танылған жерлерде 4 метрді құраса, қалғандарында 2-2,5 метр шамасында.

IMG-20240417-WA0008

«Мұндай кезде бөгеттің биіктігі мен ені үлкен рөл атқарады. Сол себепті біз осынау жайттарға мән беріп жатырмыз. 200-дей ауыл тұрғыны мен бізге көмекке келген 65 сарбаздың жәрдемімен Январцевтің өзінде құм салынған 14 мың қап дайындылды. Енді жаңадан келген 10 мың қапты толтыру жұмыстары жүріп жатыр. Өзен суы бөгеттердің топырағын шайып кетпеуі үшін 3 мың метрдей полиэтилен целлофанмен қапталды. Целлофан берік тұруы үшін осынау қаптарды құлып іспетті қылып орналастырудамыз. Ал ауылдың шығыс жағындағы биіктігі мен ені 4 метр болатын бөгеттерге асфальт төсегенде салатын суға жыртылмайтын киіз секілді арнайы материал төселеді. Бөгетті нықтау, жағалауды бекіту жұмыстарымен Кирсановта 50 ауыл тұрғыны мен 100 сарбаз, Красноармейскте 30 тұрғын айналысып жатыр. Жалпы қазіргі таңда бізде техника да, жұмыс күші де жеткілікті. Енді оларды тиімді қолдана білуіміз керек», - дейді Январцев ауылдық округінің әкімі Абылай Жұмағалиев.

IMG-20240417-WA0006

Ауылдың байырғы тұрғыны, осыдан сексен жылдай уақыт бұрын Январцевта дүниеге келген Анатолий Молоцов ауыл басшылығы адам күшін де, техниканы да тиімді пайдаланып жатыр деп санайды. Өзі күн сайын далада, жұмыстардың жүру барысын назарда ұстап жүр. Байқауынша, январцевтықтар бір атаның баласындай болып еңбек етуде. Соның нәтижесінде жұмыс өнік. Айналаға, әсіресе су кіру қаупі бар жерлерге мықты бөгеттер салынғаны тек оның емес, ауыл тұрғындарының да көңілін бірледі. «1957 жылы Жайық тасып, ауылдың біраз бөлігіне су кірді. Ауылдың шет жағында шағын ескі үй болған, оны құлатып кеткені есімді қалды, - дейді ол. - Сол кездегі бізге келген судың биіктігін айтар болсам, шеткі үйлердің терезелерінің жақтауларына жақындады. Ал енді 90-шы жылдың соңында, 2011 жылы болған тасқын айтарлықтай емес. Жалпы айтқанда, январцевтықтар қолдан келер нәрсені істеп бағуда. Табиғаттың тосын мінезіне адамның төтеп беруі қиын ғой. Дегенмен де Жаратушы Иеміздің өзі жар болады деп сенеміз».

IMG-20240417-WA0009

IMG-20240417-WA0010

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале