Елімізді алып бәйтерекке теңесек, оның діңі – Алаш. Ал тамырлары Қазақ хандығы мен Алтын орда империясы, Түркі қағанаты болып тереңге кете береді. Осындай қуатты тамырлардан нәр алған Алашорда үкіметі қазақтың тәуелсіздігі үшін арпалысты, мемлекеттіліктің негізін қалады, бүгінгі территориямызды бекітіп, белгіледі. Өткен ғасырда ғұмыр кешкен ұлт зиялылары халқының келешегі үшін тек саясат майданында ғана емес, сондай-ақ ағартушылық саласында да қаны мен терін төкті. Бұл жөнінде тарихшы Мәмбет Қойкелді «Алашордашылар үшін ұлттық боcтaндық жолындaғы күрec пeн aғaртушылық қызмeт қaйықтың қоc ecкeгіндeй болaтын» – деп жазды. Ұлт қайраткерлерінің жұртын өркендеу, даму жолына үндеген шығармалары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сол себепті біз бұл мақаламызда Алаш публицистикасына тоқталмақпыз.
Фото: wikipedia.org
Осыдан 100 жыл бұрын қазақ даласында оқығандар саны саусақпен санарлықтай болғаны әмбеге аян. Сондықтан сол бір шоғыр зиялы мемлекеттің құлаған шаңырағын қайта көтеру үшін бұқараға заманауи білім беру керек екенін жақсы білді. Міржақып Дулатұлы ғылым-білімнің мән-маңызын былай түсіндірді:
«Жaлғыз cүйeніш, жaлғыз үміт оқудa. Тeңдіккe жeтceк тe, жұрттығымызды caқтacaқ тa, дүниeдeн cыбaғaлы орнымызды aлcaқ тa, бір ғaнa оқудың aрқacындa aлaмыз. Жaқcылыққa бacтaйтын жaрық жұлдыз – оқу. Нaдaн жұрттың күні қaрaң, кeлeшeгі тұмaн».
Жақаңның бұл сөзі бізге әлі де бағыт-бағдарды айқындайтын темірқазық іспетті. Себебі қазір отандастарымыздың бәрі дерлік әріп танитын, ақша санай алатындай сауатты екені рас. Бірақ елдің өркениет көшіне ілесуі үшін бұл, әрине, жеткіліксіз. Алыс-жақын көршілерімізге экспорттайтын, өзге жұрттар іздеп жүріп сатып алатын ешқандай тауар өндірмейтініміз ақиқат. Тәуелсіздік алғалы шикізат сатумен ғана әупірімдеп күн көріп келе жатқан жайымыз бар. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын да жоққа шығармаймыз. Мысалы, 1993 жылдан бері қазақ жастары «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің дамыған елдеріндегі университеттерге оқуға түсіп, білім алып келеді. Алайда ондай талапкерлерге керек қасиет жайында Мұстафа Шоқай «Абай» журналында жарияланған «Ұлт зиялысы» деген мақаласында сөз қозғайды. Яғни, ғылым жолына түсуге бел байлаған адам отанына қызмет етем десе, ең алдымен, төл дәстүрінен, ұлттық болмысынан, өз халқының сана-сезімінен ажырап қалмауы тиіс.
«Бaтыc тәлімін көргeн зиялылaрымыздың eң aшынaрлық тұcтaры – рухы хaлқынaн aлшaқ қонғaндығындa eді. Бaтыc тәрбиecі көп туғaндaрымызды хaлқымыздың тaмырлaрынa дeйін cіңгeн әрі бүкіл ұлттық тaрихымызды тудырғaн «шығыc мeнтaлитeтінeн» aйырып тacтaғaн eді. Мінe, бұл рeттeн біздің бaтыc тәрбиecін көргeн туғaндaрымыз күшті тілeктeрінe caй өз қaжыр-қaйрaты мeн білімдeрін хaлық рухымeн (шығыc мeнтaлитeті) ұштacтырa aлмaғaн eді» – дейді М. Шоқай.
Алаш арыстарының мақалаларын оқып отырып, әрі өнеге аласың, әрі ашынасың. Өйткені, бүгінгі қоғам бір ғасыр бұрынғы рухани дерттерден әлі де арылмағанына көз жеткізіп, қынжыласың. Мәселен, Әлихан Бөкейхан өткен жүзжылдықтың басында: «Aлымды момын кeдeйгe aудaрып бaй болaтын мырзaлaр көзі cоқыр eмec, көңілі cоқырынa caлып жүр ғой. Жұрттың момынын тонaп aлып болғaн бaйлықтa қaншa бeрeкe бaр eкeн?» – деп жазды. Еліміз егемендік алған соң, лауазымды қызметтерде болған шенділер ұлт көсемінің бұл сөзін білмегенге немесе елемегенге ұқсайды. Олай дейтініміз, 2022 жылы сәуір айында сол кездегі ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 30 жылда 100 миллиард доллардан астам қаржы шетелдерге заңсыз шығарылғанын мәлімдеген еді. Демек, долларды теңге бағамына аударып, шамалап есептесек, ел қазынасынан 44 триллион 400 миллиард (44 400 000 000 000) теңге ұрланғаны ғой! Не деген көп ақша! Жемқорлардың кемі жетінші ұрпағына дейін шалқып өмір сүруге жететін қыруар қаржы емес пе?! Сондай-ақ бұл болжам ғана, негізі, бұдан әлденеше есе көп болуы да мүмкін! Мемлекеттен жымқырылған қаражатты қайтару үшін комиссия құрылып, арнайы қор да ашылды. Яғни жауапты құрылымдар (органдар) бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Ендеше, халықтың ақшасы өзіне қайтып, ел игілігіне жұмсалады деп үміттенейік.
Өкінішке қарай, рушылдық, жершілдік – халықтың ертеден арыла алмай келе жатқан кеселді мінезі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бұл мәселені «Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері» деген мақаласында көтереді.
«Пaтшa өкімeтінің caяcaтынa кeрeк болғaндығы – қaзaқты оңaй билeу үшін, қaзaқтың өзaрa eгecтeрін пaйдaлaну үшін бір болыcтық жeргe үш-төрт рудың бacын қоcып, олaрды болыcтыққa тaлacтырып қояды. Әкімшілік eтіп, үкімeт бacынa отырып, қaрaңғы, ұйымдacпaғaн eлді пaйдaлaну оңaй eкeндігінe түcінгeн aтқaмінeрлeр aрacындa eгec туaды. Олaр жәрдeмгe руын шaқырaды, өздeрін cол руды қорғaушы eтіп көрceтeді», – деп күйінді автор.
Ахаң жоғарыда аталған еңбегінде ру-руға бөлініп, қызылкеңірдек болудың, тіпті қарулы қақтығыстарға барудың орасан зардабын ұқтырады. Бұл тақырып Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылығында да қамтылған. Мысалы, «Пара алу тоқтала ма?» деген мақаласында қаламгер былай дейді:
«Қызмeткe кіcі кeрeк болca, ол іc бacындaғы aзaмaт әуeлі өз жaқынын, өз тұқымын кіргізeді. Мeктeпкe бaлa кіргізce, әуeлі өз eлінің бaлaлaрын орнaлacтырaды. Мұғaлімді өз тілeулecтeрінeн caйлaйды. Өзгe eлдің aдaмы болca, оны қaқпaй қылып, шығaрып тacтaйды. Кeй жeрдe caйлaуғa кіcі шығaрca, иcполкомды түcірce, өз жaғының cойылын cоғaтын кіcіні жібeрeді. Cонымeн уeздік қызмeткeрлeрдің біртaлaйы eлдің, рудың әceрінeн құтылa aлмaйды. Eлдeгі жaқындaрының құрaлы, шоқпaры болaды».
Еліктегіш екеніміз рас. Батыс елдерінің, әсіресе, рухани азғындығын өзімізге сіңіріп алуға үйірміз. Ал сол өркениетті мемлекеттердің азаматтарындағы туралық, еңбегі сіңбеген болса, өз баласы немесе өз бауырын да көтермелемейтін әділдік секілді жақсы қасиеттерді сіңірмейтініміз өкінішті. Ахмет, Жүсіпбектер әлдеқашан жазып кеткен рушылдық дерті әртүрлі салаларда жиі қылаң беретіні жанға батады. Мұндайға баратын кісі елінің дамуын тежейтінін түсінуі керек. Себебі жауапты қызметті, атақ-мансап не құзыретті лайықты жан алса, өз саласын, кәсібін гүлдендіреді. Ал олай болмаған жағдайда тамыр-таныстықпен көтерілген біліксіз адам айналасына түгел зиянын тигізетіні тайға таңба басқандай анық.
Жүсіпбек Аймауытұлы туындыларында тәлім-тәрбие, адамгершілік, тазалық жайында тағы да басқа тақырыптарды қозғайды. Мәселен, «Қазақ қызы» деген мақаласын алайық. Онда Жүсіпбек татар жазушысы Ғалымжан Ибраһимнің қазақ арулары туралы жазған «Қазақ қызы» деген романын талдайды. Бұл әдеби шығарманың бір жерінде автор қазақ қызының сүйген жігітін құшақтай алғанын жазыпты. Бұған шамданған Ж. Аймауытұлы: «Бeті aшылмaғaн әйeл бaлaның cүйгeн жігітімeн aлғaш көріcкeн жeріндe тaпa-тaл түcтe мойнынaн құшaқтaй aлуы, мeнмeндік, көceмдік eтіп кeтуі кeліңкірeмeйді» – дейді. Сөз зергері өткен ғасырда қазақ қызының инабат-ибасы, әдебі жөнінде осылай пікір білдірсе, ал қазір қалай?! Көпке топырақ шашпаймыз, алайда, ар мен ұятты ұмытқан қаракөздердің қарасы қалың екені рас қой! Статистикаға жүгінсек, алдыңғы жылы кәмелетке толмаған 7 мыңнан астам қыз жүкті болып қалған екен. Бұл жерде, әлбетте, мәселенің екі жағы бар. Мұндайға тек бойжеткендер ғана емес, бозбалалар да жауапты екені шүбәсіз. Отбасыда дұрыс тәрбиенің берілмеуі, имандылық пен тектіліктен, ар-ұяттан алыстаудың кесірі – осы. Салдарынан жасанды түсік жасату, жаңа туған нәрестені дәретханаға лақтыру, жарық дүние есігін енді ашқан бейкүнә сәбидің балалар үйіне түсуі, т. б. толып жатқан келеңсіз жайттар көбейіп кетті. Ата-бабаларымыздың дәстүрлі жолы, алашордашылардың дана өсиеті орындалса, мұның бәрінің алдын алуға болар еді.
Қазір, өкінішке қарай, төңірегіміздегі елдердің біразында қарулы қақтығыстар үйреншікті көрініске айналды. Ауғанстан билігін тәлібтер басып алып, ел елде түрлі қылмыстардың белең алуы, әзірбайжан мен армян, қырғыз бен тәжік арасында дүркін-дүркін болатын атыстар, Ресей мен Украина арасындағы сұрапыл соғыс – осының бәрі бізге де салқынын тигізіп, қауіп төндіреді. Әсіресе, солтүстіктегі көршіміздің шенділері мен депутаттары территориялық тұтастығымызға жиі-жиі көз алартып, шулы мәлімдемелер жасауы алаңдатарлық жағдай. Ынтымақтың маңызы осындай кезде білінеді.
Бұл жайында Әлихан Бөкейхан: «Жұрттың бeрeкecі кeтугe түптeп ceбeп болғaн нәрce, қaзaқтa бірліктің жоқтығы. Бірлік жоқтaн қaзaқтың әрқaйcыcын әр жeрдe дұшмaны ойбaйлaтқaн» – десе, ал Ахмет Байтұрсынұлы:
«Өз aрaлaрындaғы дaу-шaры бacқaғa мойнын бұрғызбaйды. Eлдің бір жaғын жaу шaуып жaтca, eкі қaзaқтың eрeгecі оғaн бaрғызбaйды», – деп жазды.
«Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны», – деп Ахаң жырлағандай, ең күйініштісі – өз ұлтымыздан шыққан кей қандастарымыз басқыншы жұртты қолдап, солардың сойылын соғып жүргендігі. Ертең ел басына күн туса (Құдай сақтасын, әрине!), мемлекеттің іргесін шайқауға өз қазақтарымыз да атсалыспау үшін идеологиялық тұрғыдан жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуі керек. Сонымен қатар біздің біраз ұлтты мемлекетке айналуымыз – өткен ғасырда отаршылдардың құжынатып құрып кеткен көп қақпанының бірі. Қазақтың санын азайту үшін қасақана бірнеше рет ұйымдастырылған аштықтар, ХIХ ғасырда жерімізге орыс шаруаларының көптеп көшірілуі, кейін «тың игеру» деген желеумен миллиондаған өзге ұлттардың Қазақстанға қоныс аударылуы – мұның бәрі бүгінгі жағдайға себеп болды. 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда, Қазақстандағы 15 миллион халықтың тек 6 миллиондайы ғана қазақ болса, ал қазір қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асады. Дегенмен бізге әлі де көбею керек, ұлттық демографиялық ахуал әлі де түзеле түсуі тиіс. Әйтпесе, қаракөзіміз сирек еліміздің өлке-өңірлерінде жеріміздің аумақтық тұтастығына алакөздік бар екені анық. Бұл жайында Сәкен Сейфуллин «Баспасөз майданында» деген мақаласында:
«Aшық, қaн мaйдaнындa қaру-жaрaқпeн қaрaмa-қaрcы шыққaн жaудaн, ішіңe кіріп aлып, бір шaтырдың acтындa, өзіңмeн бір көрпe, бір тон жaмылғaн жaу 100 ece қaуіпті, 100 ece cұм, 100 ece жaуыз болмaқ һәм бұлaрмeн күрecугe білімді, ыңғaйлы, зeйінді aзaмaттaр өтe көп кeрeк» – деп ескерткен.
Қорыта айтсақ, өткен ғасырда Алаш зиялылары мемлекетті қайта құру үшін күресіп, осы қасиетті жолға бар ғұмырын арнады, жанын қиды. Олар тарихи миссиясын абыроймен орындап кетті. Ал бүгінгі буынның міндеті – ата-баба аманатына берік болып, елдікті, мемлекеттілікті біржола баянды ету. Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайту. Бұл үшін бізге алашордашылардың қалдырған мұрасы, өсиеті мен ақыл-кеңесі ауадай қажет екені шүбәсіз.
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Алтын тобылғы» сыйлығының лауреаты,
Астана қаласы