Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде Қалдығайты өзеніндегі көпірді су шайып кеткен болатын. Содан бері арғы беттегі 9 елді мекенмен жол қатынасы үзілді. Өзеннің арғы бетіндегі ауылдардың халқы судан қайық арқылы өтуде.
Тіршіліктің күретамырына айналған Жымпиты-Қалдығайты тас жолының 102 шақырымында орналасқан көпірдің қалпына келтірілуін күтіп жүрген ағайын көп. Аталмыш жолды күтіп ұстаушы мердігер компания «Орал жолдары» АҚ 14 сәуірден бастап көпірді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына үш 40 тонналық КАМАЗ автокөлігі, екі құм тиегіш погрузшик және бір автогренйдер тартылған.
Көпірдің бұзылған бөлігінің ұзындығы 250 метрдей болады. Егер жұмыс ойдағыдай тоқтаусыз жасалынса жақын арада аяқталмақ.
Қалдығайты өзені арнасындағы ағыс бәсеңдеп, су деңгейі түскен.
Сонымен қатар Жусандыой ауылдық округінің аудан орталығымен Самара-Шымкент тас жолына дейінгі 51 шақырым жолды қар суы 10 жерден жырып кеткен болатын. Жусандыой елді мекенінен ауданға дейінгі жолды 6 жерден жырып кетсе, қалған 4 жер Ханкөл елді мекенімен тас жолға дейінгі аралықта жырылған. Жарылған жыралардың аумағының жалпы көлемі 30 метрден асады.
Жусандыойдағы жырылған жолдарды жөндеуге ауыл азаматтары бірлесіп «Ақжол», «Сабынкөл» шаруа қожалықтары текникаларымен бір машина өтетіндей қылып жол жасады. Жөндеу жұмыстарына 40 шақты адам қатысып, 3 трактор, 1 погрузшик тартылды.
Артынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арнайы техникаларды жұмысқа тартып, жыраларды толық бітеп, ауыл тұрғындарының алғысын алды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz