23.04.2024, 12:38
Оқылды: 85

Мемлекет кірісіне 4,2 млн теңге

Қоршаған ортаны қорғау саласында ауаның, судың, жер ресурстарының жай-күйін назарда ұстау, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеген кезде экология заңдылықтарын сақтау аса маңызды. Табиғат пайдаланушылар заң талаптарын ескере бермейді. Биылғы жылдың 1-тоқсанында облыстық экология департаменті жеті кәсіпорын мен ұйымды тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты әшкереледі. Одан басқа бекітілген профилактикалық бақылау тізбесі бойынша экологиялық бақылау субъектісіне барып, қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуына үш тексеріс, мемлекеттік құрылымдардың сұранысы бойынша жоспардан тыс төрт тақырыптық тексеру жүргізілді.

Ермекқалиев Мұрат

– Мемлекеттік экологиялық бақылау барысында қоршаған орта сапасы талаптарының сақталуы, рұқсат беру құжаттарының болуы, табиғат қорғау іс-шараларының іске асырылуы, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттардың ерекше шарттары, ресурс үнемдейтін, экологиялық таза озық технологияларды енгізу және басқа да мәселелер тексерілді. Инспекторлық тексерулер барысында  экологиялық нормалар мен қағидалар талаптарының 14 бұзушылығы анықталды. Табиғат пайдаланушылардың кейбірі қоршаған ортаны қорғау заңдылығы бұзылса, айыппұл төлеумен құтылуға тырысады. Бүлінген табиғатты қалпына келтіргеннен гөрі айыппұл өтеуді оңай көретіндер баршылық.

Экология заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою мақсатында 13 нұсқама берілді. Барлық нұсқама орындалу сатысында, – деді экология департаментінің басшысы  Мұрат  Ермекқалиев.

Департамент ұсынған ақпаратқа сүйенсек, осы тексеру материалдары бойынша 1-тоқсанда бес әкімшілік айыппұл өндірілген. Соның нәтижесінде мемлекет кірісіне 4,2 млн теңгеге жуық қаржы түсті.  Бұдан басқа департамент жалпы  50, 52 млн теңге айыппұл салуға әкімшілік жаза қолдану туралы екі қаулы шығарды. Қазіргі кезде бұл қаулылар орындалуда. «ҚПО б. в.» компаниясына қатысты департамент жүргізген жоспардан тыс тексеруді мысалға келтіруге болады. Онда шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суды жинайтын тоғандарға және жер астына сарқынды суды  айдау кезінде шектен тыс төгу деректері анықталған. «ҚПО б. в.» компаниясы еліміздің Экологиялық кодексінің 39-бабының 9-тармағының талаптарын бұзды. Заңда көрсетілгендей, қоршаған ортаға эмиссиялардың көлемдері эмиссия нормативтерінен асатын жағдайда нормативтен тыс деп танылады. Осының нәтижесінде табиғат пайдаланушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 328-бабының 1-бөлігімен (экологиялық рұқсатта белгіленген қоршаған ортаға эмиссия нормативтерін асыру) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік айыппұл шамасы 50 млн 150 мың 347 теңгені құрады.

Жеті қат жер астындағы байлықты молынан өндіріп отырған алпауыт альянс тексеру нәтижелерімен келіспеді. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің тексеру нәтижелері туралы актісін және заңбұзушылықтарды жою туралы (№26, 15.12.2023 жылғы) нұсқамасын  ішінара заңсыз деп тану туралы әкімшілік талаппен жүгінді. Алайда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты  компанияның әкімшілік талабын қанағаттандырудан бас   тартты.

– Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік қызметтің 4 түрін көрсетеді. 2024 жылдың 1 тоқсанында департаментте 95 өтініш (оның ішіндегі 81-і қоршаған ортаға әсерді бағалау және көзделген қызметтің әсеріне скринингті айқындау туралы қорытындылар беруге, екеуі I санаттағы нысандар үшін әсер ету экологиялық рұқсатын алуға, 12-сі қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелеріне қорытындылар беруге) қаралды. Содан 16 өтініш бойынша көзделіп отырған қызметтің әсерлеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындылар, бір өтініш бойынша І санаттағы нысандар үшін экологиялық рұқсат, екі өтініш бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелеріне қорытындылар берілді. Қазір 1-тоқсанның соңында департаментте 16 өтініш қаралуда,  – деді Мұрат  Шыманғалиұлы.

Жалпы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің міндеті екені белгілі. Солай бола тұрғанмен, еліміздің әр азаматына табиғатты сақтау және оның байлықтарына ұқыптылықпен қарау міндеті жүктелген. Өйткені ел байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз  керек.

Гүлбаршын  Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Фотоны түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале