26.04.2024, 9:46
Оқылды: 46

Қанмен келген қасірет. Қаз қалпында.

- Өлтірем сені қатын! 
-Жоқ, әке! Анашыма тимеңізші! Ж-о-о-о-о-о-қ!

Қанға боялған қуықтай бөлмеде бүтіндей бір тағдыр тас-талқан болды. Суық қарудан келген өлім Сезімнің санасын салқындатып, түсініксіз күйге бөледі. Үнсіздіктің  үрейіне енген күйі бір орнында тапжылмай тұрды да қалды. Шыңғырып, шырылдаған дауыс та соңғы сәттегі үн еді. Жанарға жас, кеудеге өксік тығылған күйі бөлмеден шығып кетті. Бөлменің бір бұрышындағы ардақты ананың қанға боялған бейнесі, кісендеулі әкенің қатігез көрінісі бала көз алдында өшпейтіндей мәңгі қалды... Бала Сезім үшін содан бергі күн мен түннің еш айырмашылығы жоқ еді... Бәз-баяғыдай сұлу жанары солып, балалығын ұрлаған өмір енді келмеске кеткендей... Бақытты сәті өткен өз мекенінде мылқаудың күйін кешіп өмір сүріп жатты ...

two sisters of different ages hugged and crying in the attic of the house, their big toy bear is with them, they are scared

Фото: www.istockphoto.com

Арада 5 жылдай уақыт өтті. Сол қанға боялған қуықтай бөлме хатпен толды... Ақ қағазбен ғана тілдесе алған жүрегі анаға деген сағынышқа, әкеге деген өкпеге толы...  Аппақ орындық тамшыдай төгілген көздің жасымен жуылып, қабырғада жансыз суреттер мен жауабы жоқ хаттар тізбектеліп тұр...

- Анашым! Мен сізді сағындым! Сіз енді келмейсіз. Мен сіздің махаббатыңызға 5 жыл ғана бөлендім. Сіздерсіз менің 5 жылым өтті. Осындай қатігез өмірді көру үшін өмірге келдім бе?! Әкем сізді қатты ұрып соққанда мен сізді қорғай алмадым ғой, Анашым! Мен кішкентай болсам да әкемнің сіздің жүрегіңізге пышақ тыққанын көрдім. Білесіз бе? Біздің арманымыз көп еді. Менде басқа балалар тәрізді әкем мен анамның қасында жақсы өмір сүріп, бақытты боламын деп ойладым. Неге өмірге келдім екен? – деген күйі хатын ұстап, Сезім ұза-а-а-қ ұйқысына батып кеткен...

Сезімнің соңғы хаты...Аядай бөлмедегі үш тағдыр...Үрей мен үміт...Сағыну мен күту...Бүлінген балалық...

«Саңырау» қоғамда балалығы бүлінген Сезімдер болды, бар да...Қоғам болып қорғай алмадық. Өмірі өкініш пен өксікке толған тағдырларға тосқауыл бола алмадық...Қанша ана баласыз, қанша перзент анасыз, қанша тағдыр түбегейлі жойылды...Қоғамның ащы жарасы - тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Әлімсақтан әкеден әлімжеттік көрген перзент, мырзасынан «мырзалық» көрген әйелдер бар-тұғын... Қазақилыққа салынып, «Ұят болады» дегенмен өз ұямызды құрттық, қанға боядық. Бірақ темірторға қамамадық...
Жанұядағы жарасымды жарастық, береке-бірлік те шаңырақтың шамшырағы сөнгенде тоқтайды. Ойран болған отбасының тағдыры қайғыға әкеп соғатынын біз білдік те, тек санамызбен қабылдай алмадық...Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан 900 әйел көз жұмған.

Сүрініп кетіп, бүлінген тағдырлар... Қаншама тағдырдың тарихы тұншығып жатыр. Үміт пен үрей арқалаған тағдырлар қоғамның талқысына түскісі келмеді. Түртпектейтін, түртетін, өткеннің жарасын кері қозғайтын қоғамнан,  біз бен сізден қорқады. Енді бәрі басқаша... Бір тағдырды  түбегейлі құртқан қылмыскер жазасыз қалмайды...

Сәуірдегі селт еткізген жағымды жаңалық осы болды. Жиырма төрттің он бесінші сәуірі ана мен бала тағдырын қоғам болып қорғайтын күн болып тарихта қалмақ.

Яғни, сәуірдің 3-інші аптасының алғашқы дүйсенбісі Президент Қ.Тоқаев өзекті мәселеге құқықтық баға беріп, зорлыққа тоқтам салатын Заңға қол қойды. Болды, бұдан былай бәрі заң жүзінде қадағаланып, ЗАҢ жүзінде қорғалатын болады. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Бұл тұста ауданымызда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты оқиға жоқ емес. Статистикаға сүйеніп, сандарды сөйлетсек, 3 айдың ішінде 10 оқиғамен «озып»  тұрмыз. Бұл тек аудан орталығындағы дерек. Олар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73, 73-1 бабы бойынша тіркелген факт.

- Соңғы кезде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары ушығып кетті. Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер басынан кешкен оқиғаларымен бөліседі. Олар 102 нөміріне хабарласып, зәбір көріп жүргендерін айта алады. Түрлі хабарламалар келіп түседі. Мәселен казталовтық Сұлушаш (ред. есімі өзгертілген) күйеуінен зәбір көріп, бірнеше рет шағымданды. Келіншектің айтуынша, жұбайы түрлі себепті сылтауратып, оны соғады. Екі ортада бала да зардап шегіп отыр. Абайсызда делінгенімен балалары да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып отыр, - деді ішкі істер мамандары.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған арнайы дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны ретінде анықталғаннан кейін әйелдер мен балалар 6 айға дейін мерзімде оңалту орталығында бола алады. Мамандардың мәліметі бойынша 2020-2023 жылдары облыстағы оңалту орталығында біздің ауданнан 3 әйел болды. Бүгінгі күнде орталық тұрмыстық зорлық – зомбылықтың құрбанына айналған 3 әйелге, оның ішінде 6 балаға қызмет көрсетті.

- Орталықтың ең бірінші міндеті - тұрмыстық зорлыққа ұшыраған жандарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету, - дейді мамандар.

Иә, бұл келеңсіз үрдістің алдын-алу емес, салдарын шешу ғана. Мәселе тереңде жатыр. Оның түп-тамыры – сол отбасылық тәрбие... Бізге тастай тәрбие, темірдей тәртіп жетіспейді. Бірақ бұл басқа әңгіме.

Қалай десек те, қоғамның дертіне айналған сол қатыгездікті түп тамырымен жоя алмай келе жатқанымыз қандай өкінішті. Көнеден құрығын жимай келе жатқан көлеңкөлі құбылыстың құрбаны ана мен бала. Өйткені ана -әлсіз, бала – қорғансыз.

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыздың сөзін есті еркектер естіп жүрсе, ел болып елеңдемес - ек...

Бір білетініміз қоғамның кеселіне айналған қылмыстың өтеуі – ЖАЗА.

Сезімдердің сағы сынбай, әйелдердің ар-намысы тапталмаса екен!

Жұлдыз Асқар, 

Казталов ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале