Биылғы жылы Казталов ауданында ылғал молынан болып, қардың суы да, ағын су да өзен арналары мен тоған, көлдерді толтырып тастады. Әсіресе, лимандарға су артығымен шықты.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәліметтерге көз жіберсек, Казталов ауданы бойынша 8 лиман бар. Лимандардың жалпы аумағы 50 577 гектар жерді құрайды. Сарыөзен бойында 5 лиман Варфоломеев, Казталов І, Казталов ІІ, Сакрыл, Мамай лимандары аумағы 44 288 гектар, Қараөзен бойында Баубек лиманы аумағы 1 500 гектарды құрайды. Талдыапан ауылдық округінде канал бойындағы лимандар Лиман 55, Сарышүнкей аумақтары 5 059 гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің шабындық жерінің көлемі аудан бойынша 155 489,3 гектарды құраса, соның 139 071,2 гектар жері ауыл шаруашылығы құрылымдарының жері.
Аталмыш мекеменің басшысы Аманжол Қажығалиевпен бірге Қошанкөл ауылдық округіне сапар шектік. Мақсатымыз — Сарыөзен өзені тасыған кезде су жайылған лимандарды көру.
Бізді қарсылап алған Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Ернар Ілиясов Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан Ақсирақ көліне және ауылға жақын Көктерек тоғайына бастап барды. Қазіргі күнде өзен деңгейі түсіп, су тартылған. Әкімнің айтуынша, биылғы тасқын кезінде Ақсираққа су молынан шыққан. Су тартылғасын көлдің де шөбі жайқалып тұр.
Сарыөзен арнасынан асқан кезде сайлары көп Көктерек тоғайының да айналасын су басқан. Қазір бұл көлдерде де ағын су кері қайтып, жасыл шалғын бой көтеріп келеді. Лиман, көлдерге шыққан су туралы аға буын өкілі, Қошанкөл ауылының тұрғыны, жергілікті қауымдастық мүшесі Ғаділжан Мұхитовпен тілдестік.
- Биылғыдай көп су біраз жылдан бері келген жоқ. Өзен арнасынан тасыған кезде ел болып жағалауларды, қауіпті бөгеттерді бөгедік. Ағын су бірталай көлдерге шығып үлгерді. Нақтырақ айтсам, Ақсирақ, Қазақстан, Новая жизнь көлдеріне және Көктерек тоғайы орналасқан Медет сайы, оның айналасындағы Әкеш көлі, Әжікей секілді қыстақтардың көлдері толды. Сонымен қатар Ордабай елді мекені аумағындағы көлдерге де су толық жетті. Соның нәтижесінде көлдегі көк шалғын жақсы көтеріліп келеді. Жылдағыдан үш-төрт есе жоғары мал азығын дайындап алуға мүмкіндік туып отыр, - деп әңгімесін түйіндеді көпті көрген Ғаділжан ағамыз.
Иә, бұл бір ғана округтегі жағдай. Ал қос өзен бойында орналасқан елді мекендер де судан құр қалған жоқ. Ендігі кезекте су тартылып, лиман мен көлдердегі шөп молынан жайқалсын дейміз! Қазіргі күнде тобықтан асқан шөптің шығымы да, тығыздығы да жаман емес.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz