Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылдық округінде жас спортшылар табиғат аясында бас қосты. Тасмола мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, ұлттық спортты дәріптеп жүрген білікті бапкер Бекболат Файзуллин ұйымдастырған «Әкем, ағам және мен» атты шарада жас спортшылар көкпар, аударыспақ, садақ ату сынды ұлттық спорт ойындарына қатысып, демалыстарын қызықты өткізді.
Әр түрлі сайыстар нәтижесі бойынша жеңіске жеткендер марапатталып, сыйлықтарын алды. Сондай-ақ табиғат аясындағы демалысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ата-аналар мектеп директорының алғысхаттарымен және “Спорт жұлдыздары” республикалық журналының бас редакторы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиевтің арнайы беріп жіберген "Спорт жұлдыздары" журналдарымен марапатталды. Кездесуге қатысқан Самат Байболат пен Нұрлыбек Қайыржанов жас шабандоздарға «Дала қырандары» жалауын сыйға тартып, ән шашуларын тарту етті.
Аға буын өкілдері жастарға ақ тілектерін арнап, ағалық ақылдарын айтты. Шара жайында «Өте мазмұнды рухани шара болды. Жасөспірімдерді тәрбиелеу, олардың патриоттық сезімдерін ояту үшін өткізілетін осындай шаралар көп болсын!», «Еліне, туған жеріне деген құрмет пен сүйіспеншілік көрініс тапқан патриоттық тұрғыдағы шара болды» - деген пікірлер айтылып жатты. Бұл кездесу ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген, үлкен-кішіге керемет көңіл күй сыйлаған рухани демалыс, тамаша басқосу болды.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz