Биыл өңірдің барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 607 мың гектарды құрайды. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Берік Ситказиев мәлімдеді.
Берік Маратұлының айтуынша, былтыр егілген күздіктермен қоса алғанда дәнді дақылдар 287 мың гектарды құраған. Оның 97 мың гектары күздік болса, 190 мың гектары жаздық дақылдар. Одан бөлек 116 мың гектар жерге майлы дақыл егіледі. Оны жіктейтін болсақ, күнбағыс 47 мың гектарға, мақсары 68 мың гектарға егіледі екен. Сондай-ақ картоп, көкөніс-бақша 9 760 гектарға, мал азықтық дақылдар 194 мың гектарға салынбақ. Басқарма басшысының орынбасары шаруалар біржылдық шөпті 20 мың га, сүрлемдік дақылдарды 2 мың га, көпжылдық шөпті 21 мың гектарға егеді екен. Сонымен қатар өткен жылдардан қалған көпжылдық шөп егілген аумақ 151 мың гектарды құрап отыр.
Жаздық егіске қажет тұқым толық дайындалды. Бұл ретте тұқым сатушылар келісімшарттар негізінде тұқымдарды әлі де әкеліп жатқанын ескеру керек. Дайындалған қолда бар тұқымдарды диқандар «Орал-Жер» ЖШС және «Казагрэкс» АҚ зертханаларынан егіс сапасына тегін тексерте алады, – деді Берік Ситказиев.
Брифинг барысында Берік Маратұлы жаздық егіске қажет тұқым көлемі 28 мың тоннаны құрайтынын атап өтті. Оның ішінде жаздық дәнді дақылдар егуге 21 мың тонна қажет болса, майлы дақылдар егуге 2 мың тонна, мал азықтық дақылдар егуге 667 тонна және өндірістік егіске қажетті тұқым 4,5 мың тонна.
– Шаруалар дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын уақытында пысықтады, қазіргі таңда барлық агрегат егіс даласында. Көктемгі дала жұмыстарына 3725 трактор, 1154 дәнсепкіш, 335 қопсытқыш және басқада ауыл шаруашылығы техникасы қатысып жатыр, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басшысының орынбасары Берік Ситказиев.
Баяндамашы қазіргі таңда 266 мың гектар ылғал жабылғанын атап өтті. Ол қажетті жұмыс 60 пайызға орындалды деген сөз. 18 мың гектар жер культивацияланған. Сондай-ақ 2,7 мың гектар жержыртылған.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта 8,4 мың га дәнді дақыл, 1,5 мың гектар майлы дақыл және 1,8 мың гектар мал азықтық дақыл егілсе, 70 га картоп және 55 га көкөніс отырғызылды. Егіс егу жұмыстары жалғаса береді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz