8.05.2024, 15:30
Оқылды: 69

Сенімді қуат көзі қайсысы?

Соңғы кездері Жер шарындағы климаттың жылынуы, мұздықтардың еруі, құрлықты топан судың басуы секілді табиғи құбылыстар жиілеп барады. Еуропаның бірқатар елінде бұрын болмаған аптап ыстық орын алды. Алысқа бармай-ақ елімізді алыңыз, кей өңір қуаңшылықтан көз ашпайды. Күні кешегі қақаған қыста жаңбыр жиілеп, жер бетін секпілбет мұз жапқаны әлі есте. Мамандардың айтуынша, осының барлығы ауаның қалдықтармен ластануы кесірінен болады. Болашақты ойлайтын болсақ, алдымен көмір жағуды, содан кейін мұнай және газ ресурстарын пайдалануды мейлінше азайтуымыз керек.

mDezgdwhСурет: inbusiness.kz

Дамыған мемлекеттер жасыл энергияға көшуді, осы арқылы өндірістегі көмір қышқыл газының үлесін азайтуды, сутегі қуатын пайдалануды қолға алды. 2015 жылы Париж қаласында көптеген мемлекет басшылары қатысқан жиында келісімге қол қойылды. Ол құжатқа қол қойған мемлекеттер жер бетіндегі температураның жылынуын белгілі бір мөлшерден асырмауға келісті. Париж келісімін Қазақстан да мақұлдады. Енді энергияның жаңартылатын түрлерін кеңінен пайдалану күн тәртібіне енгізілді. Көмірқышқыл газын сүзетін жаңа технологияларды өндіріске енгізіп, жасыл желекті көбірек егуді қолға алу бағытындағы бағдарламалар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, еліміз 2060 жылы көмірсутегі ресурстарынан қол үзеді. Президенттің «көмір дәуірі келмеске кетті» деуінің астарында Жердегі тір-шілікті, адамзатты сақтау үшін басқа амал жоқ деген ұғым жатыр, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй.

InShot_20240508_075902844

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан ТМД елдері арасынан ауаны ластаудан алдыңғы орында тұр. Өйткені электр қуатының 68 пайызын көмір жағу арқылы өндіреміз. Қуат өндірісіндегі газдың үлесі – 20 пайыздай, жаңартылатын энергия үлесі – 3 пайыздай. Солтүстіктегі көршіміз электр қуатының 50 пайызын атом электр стансасы мен су стансаларынан алуда. Газды пайдалануы 24 пайызды құрайды.

Күн стансасы салынады 

Жыл басында өңірдегі электр желілерінің, жабдықтардың тозу көрсеткіші 80,48% болды. Өңірдегі электр желісінің ұзындығы 20 мың 535 шақырым шамасында болса, соның 16 мың 300 шақырымы 100 пайыз тозды. Мұның барлығын жөндеуге шамамен 168 млрд теңге қаржы керек. Мамандар «Электр энергетикасы туралы» заңға өзгерістер енгізілсе, энергетикадағы қалыптасқан жағдай өзгеруі ықтимал деседі. Мемлекет басшысының жаңартылған энергия өндірісін 1,5 есеге дейін көбейту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында және өңірдегі қалыптасқан жағдайға байланысты күн электр стансасын салу жоспарланды.

– Биыл Теректі ауданындағы Пойма ауылында жеке инвестициялар есебінен күн электр стансасының құрылысы басталады. Энергетика министрлігі тиісті аукцион өткізіп, инвесторды анықтады. Қуаты 20 мегаваттық станса құрылысына 20 миллиард теңге инвестиция құйылады. Өңірде бұған дейін жылына 380 МВт электр қуаты өндірілетін. Енді бұл көрсеткіш күн стансасының іске қосылуы нәтижесінде 400 МВт болады. Жаңартылатын қуат көзінен алынған электр қуатын нарыққа шығаруға мемлекет кепілдік береді. Пойма ауылының жанындағы Узловая қосалқы стансасы жанынан жер телімі белгіленді. Бұл жобаны мердігер екі жыл мерзімде келісімшартқа сәйкес жүзеге асыруға тиіс. Күн стансасын салып, іске қосудың арқасында өңірдегі жаңартылатын көздерден өндірілетін энергия үлесін қалыптастырамыз, – деді Мирас Мүлкәй.

Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде электр қуатын тұтыну жыл сайын 3 пайызға артып отыр. Еліміздің оңтүстігіндегі энергия тапшылығы энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне мұқият қарау керек екендігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қазақстанда алғашқы атом стансасын салу туралы шешім қабылдау үшін жалпыұлттық референдум өткізуді тапсырды. Жалпы бұл тақырып 1997 жылдан бері қозғалып келеді.

– Өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған жылу электр орталықтарының тозып тұрғаны әмбеге аян. Ондай стратегиялық нысандардағы апаттың алдын алу, оларды қайта-қайта жөндеу де қиынға соғады. Бүгінде Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Мысыр атом стансасын салуда. Көршілес Өзбекстан стансасын бұрын салса, энергияны бізге сатады. Сонда уран қоры жағынан әлемде екінші орын иеленетін Қазақстан сол қорды пайдаланбай, өзгеден сатып аламыз ба? Еліміздегі ядролық физика институтының мамандары су энергетикалық реакторының сенімді екенін айтып отыр. Ол 1957 жылы АҚШ-та, 1964 жылы КСРО-да іске қосылған. Осыншама жылдар ішінде бірде-бір апат болмаған. Жыл санап қуатты тұтынушылар қатары өсе беретінін ескерсек, атом стансасын салудан басқа амал жоқ. Әрі айналаға зияны жоқ. Тек оны кім салады, қандай технологиямен, міне, осы мәселеге мұқият болуымыз керек. Атом стансасының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі кадрларға байланысты. Сондықтан қажет мамандарды – атом өнеркәсібінің инженерлерін, ядерщиктарды, қажет мамандарды оқытып, даярлауға мәнмаңыз берген жөн, – дейді оралдық ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Тілек Харин.

Ғабдуллиннің қондырғысы тиімді 

– КСРО-ны электрлендірудің жобасы ГОЭЛРО-ны жаппай электрлендіру жоспары жасалғанда, күллі елге түсінікті болды. Оның жемісін әлі күнге көріп отырмыз. Қазіргі атом электр стансасын салуға байланысты мәселенің мәнісін жұртшылық түсіне бермейді. Бұл мәселенің ар жағында экономика, экология түйткілдері тұрғаны белгілі. Бірақ атом стансасын салудың негіздемесі жасалмады. Халықтың бойында әлі де үрей бар, Чернобыльдегі, Жапониядағы атом электр стансаларындағы апаттарды ұмыта қоймады. Геосаяси жағдайға байланысты Украинадағыдай Запорожье атом электр стансасының кебін кимейміз бе? Жаңартылған энергияға неге иек артпаймыз? Халықаралық «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесінде марқұм, инженер Зейнолла Ғабдуллиннің патенттелген желкен типтес жел электр қондырғысы жобасын көпшілікке таныстырдық. Екеуміз студент кезімізде конструкторлық бюрода осы жобаны бірге жасақтағанбыз. Қазақстан бойынша жаңартылған энергия бойынша алғашқы патентті Зейнолла Ғабдуллин алды. Қондырғы өте қарапайым, бүгінде қолданылып жүрген қалақты жел энергетикалық қондырғысына қарағанда құны арзанға шығады. Алғашқы дәуірде құрлықтар арасында, мысалға, Америкадан Африкаға дейін желкенді кемемен барған. Желдің қуаты бар жерде неге электр қуатын өндірмеске? – дейді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ермек Айталиев.

Ермек Айталиев (1)

Ғалымның айтуынша, Қытайдан қымбатқа сатып алынған бота тірсек жасанды қуат қондырғылары қатты желде құлап қалады. Ал Ғабдуллиннің қондырғысының желкенді қалқандары желдің бағытымен айналып тұрады. Күннің бағытына бұрылып тұратын күнбағыс тәрізді. Бұл жоба өткен ғасырдың 90-жылдары жасақталды. Алайда мол табыс түспейтін болған соң қолдау таппады. Күн көзі көрінбей қалады, жел тұрақты емес дейтіндер бар. Бірақ қуатты аккумулятормен жинақтап қойып, қажет кезінде пайдалануға болады. Ғабдуллиннің қондырғысына поршень типтес сорғы қойылған. Ол ілгері-кейін қозғалып, қыстақтағы малға жер астынан су сорады. Кезінде жел қондырғысы Жымпитының Қызыл ту деген жердегі мал қыстағына орнатылып, электр қуатымен және сумен қамтамасыз етті. Күн, жел қондырғыларын сатып алуға шаруашылықтар қаржы жұмсайды. Қондырғыларды орнатқан шаруашылықтарға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Осылайша мемлекет қаржысы шығындалып жатыр. Сондықтан оны өзімізде өндірген тиімді. Расында, өндіріске қажет шикізат өзімізде жеткілікті, жергілікті өндіріс орындарында неге ұйымдастырмасқа? Әрі жұмыс орындары ашылады.

Жаңа қуат көздері іздестірілуде...

Жас ғалым, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті политехникалық институтының ғылыми жұмыстары жөніндегі директор орынбасары Ерболат Ербаев 2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Беларуссия аграрлық-техникалық университетінде тағылымдамадан өтті. «Ауыл шаруашылығы жерлерін электрмен жабдықтау» тақырыбында аутономды құрылғылармен, электрмен қамту жайын зерделеді.

– Белоруссияда биогазды реакторларды қолданады. Қазір күн панельдері арқылы электр қуатын өндіру жанданған. Онда жаңартылған энергияны пайдалану 25-30 пайызға жетті. Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Қай шаруашылыққа барсақ та, қоралардың үстіне күн панельдері орнатылғанын көрдік. Малдың тезегінен жылу қуатын өндіруде. Беларустықтар өз-өздерін қуатпен қамтуға тырысуда. Одан мемлекет ұтады. Қаржылық шығын жоқ. Бізде үй құрылысы жобалары жасақталғанда мәселенің бұл жағы ескерілмейді. Алыстағы қыстақтарға электр желілері тартылмайды, өйткені шығыны көп. Сондықтан жел, күн қуатын пайдаланатын қондырғылар орнатылғаны дұрыс. Мұның өзі ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне, жастардың мал бағуға баруына ықыласын арттырары кәміл. Күн панельдерінің қосалқы бөлшектерін сатып алып, жергілікті өндірісте құрастыруға болады. Бүгінде елімізде атом стансасын салуға қатысты сан түрлі пікір айтылуда. Жаңа технологиялы стансалар салынбайынша, тұрақты қуатпен қамту қиынға соғады. Тек оны әбден ойластырып, шешім қабылдауымыз керек. Ғалым ретінде атом стансасын салуға қарсы емеспін, – деді Ресей Федерациясының техника ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Ерболат Төлегенұлы.

Зарипа Конашева

М.Өтемісов атындағы БҚУ экология және биогеохимия сынақ зертханасының жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты Зарипа Қонашеваның айтуына қарағанда, өркениетті мемлекеттер энергияның шексіз көзі сутегіні қуат өндіруге жаратуда. «Кен отын көздері, мысалға, іргеміздегі Қарашығанақ кен орнындағы мұнайгаз таусылады делік. Сонда не істейміз? Ал сутегі жер бетінде кең таралған, оны судан, көмірден, мұнайдан, газдан алуға болады. Озық технологиялардың көмегімен судан сутегі алатын болсақ, одан зиянды зат ауаға бөлінбейді. Сутегі – Менделеев кестесіндегі бірінші орындағы химиялық элемент. Ол ыдыстан, мейлі қандай материалдан жасалған болса да, өтіп кетеді. Сондықтан оны сақтауда, тасымалдауда қиындықтар бар. Бірақ сутегінің бойында химиялық энергияны электр қуатына айналдыратын қасиет бар. Одан жылу, электр қуатын алу тиімді. Дамыған мемлекеттер бұған қомақты қаражат бөліп, сутегіні пайдаланудың жаңа жолдарын игеруде және басқа да баламалы отын көздерін іздестіруде. Қазақстан да осы мәселеге көңіл бөлгені дұрыс», – деді Зарипа Хайроллақызы.

Сенімдісі қайсысы?

Отандық ғалымдар арзан әрі қолжетімді отындық ресурс болатын литийдің қорын іздестіруде. Бұл жеңіл металл электромобильдер мен термоядролық энергиямен жұмыс істейтін жасанды көзден қуат алатын ертеңгі технологияларға жол ашады. Біз іштен жану қозғалтқыштары бірте-бірте өткеннің еншісіне айналады деген идеяға басымыз қатып жүргенде, аккумулятордың негізгі элементі – литий кен орындарын игеру құқығы үшін әлемде қызу күрес жүріп жатыр. Оны ғалымдар тұзды көлдерден, жер асты, бұрғылау ұңғымаларынан табуға ұмтылуда. Еуроодақ 2035 жылдан кейін жанармаймен жүретін көліктерді шығаруды тоқтатады. Оған қатысты стратегиялық құжат қабылдаған. Алайда Еуропа халқы аталған мерзімді 2030 жылға деп қысқартуды талап етіп отыр. Бүгінде елімізде де электрмен жүретін көліктерге сұраныс артқан.

Атом қауіпті дейміз. Ал білетіндер сутегіні алу үшін суды ыдырату керек деседі. Елімізде онсыз да су тапшы. Су электр стансаларын салуға тағы да ағынды су керек. Жел қуатын солтүстікте, күнді оңтүстікте пайдаға жаратуға болады. Бірақ ондай жаңғыртылатын энергиямен күллі елді қамту қиын. Атом энергетикасына ауа әсер етпейді. Уранның да қоры жеткілікті. Сарапшылардың пікірін малдансақ, Ресейдегі атом стансаларында адамның қатысуын қажетсінбейтін аутоматты қорғаныс жүйелері орнатылған. Ядролық технология соны қарқынмен дамуда. Мысалға, солтүстік полюстегі Библино атом электр стансасы электр қуатына қоса жылу өндіреді. Сібір атом стансасы Северск, Том қалаларын жылумен, электрмен қамтиды.

Тоқетерін айтсақ, ядролық электр энергиясын өндірудегі көшбасшы АҚШ Чернобыль апатынан кейін атом стансаларын салуды тоқтатты. Бірақ Калифорнияның штаттарының бірінде электр қуаты жетіспей, халық қиналды. Содан биліктегілер атом стансасын салу туралы халықпен ақылдасқан. «Жарықтың өшкенін немесе атом стансасын салуды қалайсыз ба?» деген сұрақпен референдум өткізіпті. Оның жауабы айдай анық қой. Енді бұл мәселе де қазақстандықтардың алдынан шығып отыр. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген бар. Бірақ халықаралық қауымдастық та Париж келісімінің орындалуын талап етері анық.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале