Бәйтерек ауданы орталығы – Переметныйға және Дариян ауылына келген қоғам белсендісі Табылғали Сапаровпен және «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрбек Оразаевпен болған кездесу кезінде осы мәселеге екпін түсірілді.
- Бұрын, кеңес заманы тұсында газет партияның насихат құралы болса, қазір оны қоғамның айнасы десек артық айтқандық емес. Ал бұл құралды біз қалай пайдаланудамыз? Қазіргі таңда түрлі мүмкіндіктер негізінде егемендігімізге қауіп төндіріп жүргендер жоқ емес. Олардың түпкі мақсаты – елдігімізге сына қағу арқылы қазына-байлығымызға еркін қол сұғу. Сол себепті мұндай күштер адам санасына ықпал еткісі келеді. Оны біраз адамдар байқамайды. Сөйтіп ондай жандар өзімбілемдікке салынып, бір-бірін тыңдамай, алаулатып-жалаулатып шыға келеді. Украинаның бүгінгідей күйге тап болуы соның нәтижесі екені анық. Мұндай жағдай Қазақстанда жоқ деп айта алмаймыз. Ғаламтор, әлеуметтік желі соған оң әсер тудырып отыр. Басқа басқа, біз баламыз жыламасын деп смартфонды қолына беріп, әлеуметтік желілерді қаратып қоямыз. Солай өскен бала ата-анасын түсінбейтіні анық, әке-шешесі перзентін түсінуден қалады. Осындай жерде көп ата-ана өз кінәсін сезінбей, бәрін мектепке итеріп салғысы келетіні де өтірік емес. Әрине мектеп міндетіне сай сапалы білім мен сана тәрбие беру бағытында жұмыстанады. Білім ұяларында мықты педагогтар оған негіз болады. Жалпы шын мәніндегі ұстаздар қазір де аз емес. Олардың қатары жыл өткен сайын көбеюі керек. Ал егер мұғалімдердің өздері «заңға сәйкес мен былай істеймін, сөйтемін, өзім білемін» деп айналасына жөнсіз әңгіме айтып, яғни елдік іске ұйытқы болудың орнына, іріткі салып жүрсе не болғаны?! Біз мына бір нәрсені анық түсінуіміз керек: алыстан біреу келіп бізге ештеңе жасап бермейді, жастарды біреу келіп тәрбиелемейді. Ал егер келсе, басқа оймен, яғни ел ішіне іріткі салу, егемендікке сына қағу, аумақтық тұтастықты жікке бөлу сынды оймен қадам басуы мүмкін. Міне, осындай олқылықтан бізді сақтандыратын, елдікке үндейтін құрал – газет.
Газет дегенде «оған жазылдым, іс бітті» деген сөз емес. Мәселе, газетті оқуда. Құр оқымау керек, санаға тоқи білу қажет. Мемлекеттік сипаттағы басылымдарды тұрақты түрде оқып, тоқитын жанның берері де мол болары хақ. Мәселен, кеше Ұлы Жеңіс күніне орай шыққан облыстық басылымдарды бейжай қарап шығу мүмкін емес. Ондағы мақаларды оқығанда ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміздің басынан өткен сұр заман, ерлік, жауапкершілік көзге елестейді. Ал егер соның негізінде мұғалім мектепте сабақ не тәрбие сағатын әсерлі өткізе білсе, оны тыңдаған баланың тарихымыз туралы танымы кеңейіп, бойында отаншылық рух дами түсері анық. Және бұл сабақта бала өмір бойы ұмытпақ емес. «Елдік сана - ұлттың рухани өзегі» деген осыдан шығады, - деді Табылғали Сатқалиұлы.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев Жаңа Қазақстанды құруда білімді, саналы, бәсекеге қабілетті жандардың рөлі зор болатынын, осынау қасиеттерді дамытуда газеттің атқарар қызметі айырықша екенін атап өтті.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz