16.05.2024, 15:00
Оқылды: 76

Кәсіби мамандар ұстаханасы

Облыста жұмысшы мамандықтардың арасында токарьлар мен фрезерлеушілерді бір ғана оқу орны – Батыс Қазақстан индустриалды колледжі даярлайды. Бұл колледж жергілікті тұрғындардың арасында «№1 училище» деген атаумен танымал.

WhatsApp Image 2024-04-29 at 10.25.52 (2)

Кешегі  түлек – бүгінгі ұстаз

Оқу орны сонау 1940 жылы 2 қазанда №6 ФЗО, яғни фабрика-зауыт оқуы мектебі болып ашылыпты. Алғашқы түлектер мектептi 1941 жылы бiтiрiп, майданға аттанған. Содан кейін әр жылдары №15 қолөнер училищесi, №9 техникалық, №29 қалалық кәсiптiк-техникалық, №24 техникалық училище, №1 орта кәсiптiк-техникалық училище және кәсiптiк-лицей атанған. Тек 2012 жылы Батыс Қазақстан индустриалды колледжі мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып өзгертілген. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмысшы кадрларды даярлап келеді. Бүгінде мұнда білікті өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары сабақ береді. Солардың бірі – токарьларды оқытатын педагог-зерттеуші Бақытжан Төлегенова. 23 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман – осы колледждің түлегі. 2020 жылы республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанған.

– Мен 1987 жылы осы колледжде (ол кезде училище – авт.) 10 ай фрезерлеуші мамандығы бойынша оқыдым. Ол кезде облыста зауыт көп еді.  Еңбек жолымды Орал механикалық зауытында фрезерлеуші-токарь болып бастадым. Кейін Ақтөбе индустриалды-педагогикалық колледжінде, М. Өтемісов атындағы  БҚМУ-да оқыдым. 2004 жылдан бері өзім білім алған оқу орнында токарьлар даярлаймын. Токарьдың мақсаты – метал, қорытпалардан машина құрылысына қажетті түрлі бөлшектерді жонып шығару. Балаларға алдымен жону әдістерін үйретеміз. Содан кейін бөлшектерді сызба бойынша жонады. Олар түрлі станоктармен (токарьлық, фрезерлік, бұрғылау және басқа) жұмыс істейді. Біздің шеберханада қажет білдектер (станок), құрал-жабдықтар жеткілікті. Елімізде еңбек нарығында жұмысшы мамандардың тапшылығын жою үшін дуалды оқыту жүйесі жолға қойылды. Біздің колледж де осы жүйе бойынша оқытады. Оқушылар кәсіпорындарда өндірістік практикадан өтеді. Бұл олардың болашақтағы жұмыстарына машықтанып баруларына мүмкіндік береді. Колледжде, әсіресе, аудан-ауылдарда тұратын балалар көп оқиды. Олардың көпшілігі токарьдың жұмысынан бейхабар болып келеді. Сабақта құрал-жабдықтармен жұмыс істей бастаған соң ғана жан-жақты түсіне бастайды. Себебі қазір аудан-ауылдарда бұрынғыдай машина-трактор шеберханалары жоқ. Тек соңғы жылдары жеке кәсіпкерлер көлік жөндеу орындарын ашуды қолға алуда. Біз жыл сайын ауылдарды аралап, балаларды техникалық білім алуға шақырамыз. Бірақ ата-аналардың көбі перзенттерінің дәрігер, мұғалім, заңгер секілді мамандар болғанын жөн көреді. Баласын «қара жұмысқа» салғысы келмей-ді. Ал кәсіптік колледждерде оқитын балалардың ата-аналары оларға мамандықтарының маңызы, пайдасы жөнінде айтып, ынталандырып отырғандары жөн, – деді Бақытжан Қарабекқызы (суретте).

Бақытжан Төлегенова

Колледждің тағы бір түлегі Сәкен Ғайненов (суретте) өндірістік оқыту шебері болып қызмет етеді. Токарь-фрезерлеуші мамандығы бойынша дәріс береді. Оның айтуынша, әр сабақты қызықты етіп өткізсе, баланың мамандығына деген ынта-ықыласы артады. Әсіресе, машина жасайтын кәсіпорындарға қажет мамандар – осылар.

Сәкен Ғайненов

 

Дуалды оқу тиімді

Жұмысшы мамандарды даярлайтын колледжге балалар көбінесе 9-сынып бітіріп келеді. Оларға сапалы білім беру үшін материалдық-техникалық әлеует үнемі жетілдірілуде. Колледжде 20 кабинет, 2 зертхана, 9 өндірістік оқыту шеберханасы, әр мамандықтың қажетіне сай бөлінген 100 ком­пьютер, wi-fi интернет желісіне қосылған және 30 интерактивті тақтамен жабдықталған оқу және мультимедиа  кабинеттері бар. Сонымен қатар асхана, спортзал мен акт залы бар. Оқу ғимаратының кіреберісі мен  мәжіліс залына LED экрандар қойылған. Ұжым мен студенттердің жетістіктері де аз емес. Колледж түлегі Темірлан Орынов 2019 жылы «World skills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатында І орын иеленген. Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткен «WorldSkillsInternational» (WSI) халықаралық шемпионатында ұлттық құрама қатарында шеберлігін көрсетіпті. Ал былтырғы «Worll skills Kazakhstan» өңірлік шемпионатында «Сандық бағдарламамен басқару станогындағы токарьлық жұмыс» құзыреті бойынша Арман Сейполлаев І орын иеленіп, Ұлттық шемпионатқа жолдама алған. Колледж ұжымы облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында білім басқармасының «Жаңашыл ұжым», «Ынтымақтастық пен серіктестік колледжі» аталымдарын иеленген.

Манарбек Әмірғалиев

Колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Манарбек Әмірғалиевтің (суретте) айтуынша, Батыс Қазақстан индустриалды колледжі токарь, фрезерлеуші, дәнекерлеуші, электрмонтаждаушы және байланысшы мамандарын даярлайды. Бүгінде мұнда 477 студент білім алуда. Биыл алты топтағы 160 түлек оқу бітіреді. Оқу бағдарламасының 40 пайызы теориялық және 60 пайызы өндірістік, яғни дуалды оқытуға бағдарланған. Сондықтан балалар ІІ курстың 2-семестрінен бастап өндірістік шеберханада жұмыс істейді. Ал ІІІ курста кәсіпорындарға дуалды оқуға барады. Дәнекерлеу ісі бойынша арнайы кабиналар жасақталып, мамандар бекітілген.

– Колледж басшылығы өңірдегі бірнеше кәсіпорынмен келісімшартқа отырды. Әсіресе, Орал трансформатор зауытымен тығыз байланыстамыз. Балалар зауытта кестеге сай жұмыс істейді. Өндірісте студенттерге тәжірибелі жұмысшылардан тәлімгерлер бекітеді. Қауіпсіздік ережелерімен таныстырады. Өздерін жауапты маман ретінде көрсеткен жастарды оқу бітірген соң жұмысқа қабылдайды. Бұл – біз үшін үлкен нәтиже, зор көрсеткіш. Себебі жұмысшы мамандарды даярлау – кәсіптік-техникалық колледждердің басты міндеттерінің бірі. Ең бастысы, өндірістік тәжірибеден өткен балаларға еңбек кітапшасы ашылады. Яғни тәжірибе еңбек өтілі болып есептеледі. Қашан, қай жерде дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алғаны, тәжірибеден өткені жазылады. Қазір жұмысқа орналасарда жастардан еңбек өтілін сұрайтындықтан, өте тиімді. Сонымен қатар бүгінде токарь, дәнекерлеуші мамандар тапшы. Оларды жеке кәсіпкерлер де, аудан әкімдіктері де үнемі сұрайды. Біз балаларға мамандықтарының қаншалықты пайдалы екенін, егер қаласа, ірі компанияларда жұмыс істей алатындарын айтамыз. Себебі олар өмір бойы токарь әлде дәнекерлеуші болып қалмайды. Одан әрі инженер болуы мүмкін. Жоғары оқу орнында оқып, басшылық қызметте істеуі кәдік. Тек ол үшін мамандықты ұнату, мықты игеру қажет. Алайда кейбір ата-аналалар балаларына осы бағытта ақыл-кеңес бермейді. Еңбекке тәрбиелемейді. Перзенттерінің «таза», жеңіл жұмыста істегенін қалайды.  Сондықтан ба, жұмысшы мамадыққа қызығатын бала некен-саяқ, – деді Манарбек Орынғалиұлы.

Алмат Болат

Оралдық Алмат Болат (суретте) токарь мамандығы бойынша ІІ курста оқып жүр. Болашақта зауытта жұмыс істегісі немесе мамандығына сай жеке кәсіппен айналысқысы келеді. Сабағын жақсы оқитын студент жоғары шәкіртақы алады екен. «Әкем де токарь. Ол кісі  де көп нәрсе үйретті. Жалпы бұл – өндіріске өте қажет мамандық. Себебі мұндай мамандарды жұмысқа шақыратын хабарландыруларды жиі көремін. Жастардың осындай сұранысқа ие кәсіпті меңгергені жөн», –
деді студент Алмат.

 

Кәсіптік бағдар беру – маңызды

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің директоры Серік Мұхамбетәлиевтің (суретте) айтуынша, жыл сайын әр түрлі мамандық бойынша 200 орынға мемлекеттік тапсырыс беріледі.

Серік Мұхамбетәлиев

Бір айта кетерлігі, мұнда бір жыл токарьлыққа оқытса, келесі жылы фрезерлеуші мамандарды даярлайды. Бұл мамандықтарды 11-сынып бітіріп келген балалар 10 ай оқиды. Бір топта 25 бала бар. Колледжде балалар бір мезгіл тегін тамақ ішеді, 32 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Ал алдағы қыркүйек айында шәкіртақы өседі. Қажет болса, балаларды жатақханаға орналастырады. Жалпы 9-10-сыныптардан кейін оқытатын кәсіптік-техникалық колледждерге бөлінетін мемлекеттік гранттар көбейген. Облыста 34 колледж болса, соларға 4 мыңға жуық грант беріледі екен.

– Облыста токарьларға сұраныс көп. Мәселен, бұл мамандар «Зенит» және «Орал» трансформатор зауыттарында тапшы. Бірақ өндіріс орындарынан сұраныс болғанымен, оларға жұмыс істеуге бірен-саран ғана бала барады. Бәлкім, жалақысы аз болған соң шығар. Жалпы жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығы төмен. Қаңтар айынан бастап біз, ұстаздар, облыстағы елу мектепті аралап, кәсіптік бағдар беру бағытында жұмыс жүргіземіз. Мамыр айының басында мектеп оқушылары үшін «Ашық есік» күнін ұйымдастырамыз. Колледж даярлайтын мамандықтармен жан-жақты таныстырамыз. Биыл бұл іс-шараға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бірінші рет ата-аналарды да қатыстырғалы отырмыз. Шыны керек, ата-аналардың көпшілігі балаларының жоғары білім алғанын қалайды. Біздің елдегі жұмысшы мамандарының жетіспеуіне бұл да бір себеп болса керек. Мысалы, Германияда бала 9-сынып бітірген соң, міндетті түрде колледжде оқиды. Соны бітірген соң, қалаған оқу орнына түседі. Еңбек нарығында дәнекерлеушілер мен электриктер де тапшы. Байланысшы мамандығын бітірген түлектер бірден жұмысқа орналасады. Олар, әсіресе, «Қазақтелеком» компаниясына ауадай қажет. Тіпті үшінші курста оқитын кейбір балалар жұмыс істеп жүр. Кейде ІІ-ІІІ курста оқитын студенттеріміз «Ұстаздар өндірістік тәжірибені дұрыс жүргізген жоқ, тиісінше үйреткен жоқ» деп басшылыққа  шағымданады. Біз бұған риза болмасақ, ренжімейміз. Себебі балалардың үйренуге құштарлығы, білуге талпынысы қуантады. Осы орайда дуалды оқытудың тиімділігін айтқан жөн. Колледж өңірдегі 30 шақты өндіріс орнымен келісімшартқа отырды. Мысалы, бүгінде әр түрлі мамандықта оқитын 25 бала «Орал» трансформатор зауытында жұмыс істеп жүр. Оларға жалақы төлейді, тегін тамақ пен арнайы киім береді. Оған қоса ай сайын шәкіртақы алады. Бірақ осындай барлық жағдайды жасайтын жұмысқа да шыдамайтын жастар бар. Облыста жыл сайын төрт мың бала колледж бітіргенмен, бәрі бірдей сол салада жұмыс істемейді. Жеңіл жұмыстарды жөн көреді. Кафересторандарда бармен, даяшы болады, кинотеатрларда билет сатып отырады. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды кең насихаттау керек. Осы мақсатта мектептерде кәсіптік бағдар беретін кабинеттер ашылды. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы маман бар. Бірақ олардың бәрі бірдей жүйелі жұмыс істемейді. Мәселен, кәсіби бағдар берушілер колледждер жөніндегі ақпараттарды өздері жинауы керек. Олар балаларға оқу орындарын аралатып, көрсетулері қажет. Алайда кейбір мамандар колледж ұсынған ақпараттарды ғана таныстырып, тек соған малданып отырады. Өздері ізденбейді. Сосын кәсіби бағдар берумен айналысатындардың көбі жастар. Олардың арасында  жұмысшы мамандықтың не екенін түсінбейтіндер де бар. Өңірдегі «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бұл бағыттағы жұмысты жақсы жолға қойған.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті еңбек нарығының талаптарына және ел экономикасына қажетті кадрларды даярлайды. Сондықтан ең басты мәселе, материалдық-техникалық әлеуетті жандандыру керек. Өндірісте қолданылатын токарьлық станоктар немесе дәнекерлеу аппараттары колледждерде де болуы керек деп санаймын. Себебі біз өндіріс орындарына маман даярлайтын болғандықтан, солардың талабына сай болғанымыз жөн. Балалардың оқып жүріп-ақ, сол аппараттармен жұмыс істеп үйренгендері дұрыс. Қазір елімізде «Жас маман» жобасы бойынша колледждердің материалдық-техникалық әлеуеті жаңартылуда. Мысалы, бір колледжге 260 млн теңгедей қаражат берілді. Біздің колледж де осындай қолдаудан үмітті. Егер қаражатқа ие болсақ, өндірісте қолданылатын құрал-саймандар алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы ҚР Оқу-ағарту министрлігі, білім басқармасы тарапынан колледждерге көп көңіл бөлінуде, – деді колледж директоры Серік Хайырұлы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале