16.05.2024, 17:30
Оқылды: 11

Сауын сиыр – табыс арнасы

Күнделікті тұтынатын тағамның бірі – сүт. Ата-бабаларымыз малмен көзін ашып, оның өнімін асқа жаратса, қазір ауылда отырып, қорада сауын сиыр бола тұрып, дүкеннің сөресінен әкелетініміз жасырын емес. Сауда орындарында  бұл бағыттағы отандық өнім түрлері жиі кездесе бермейтіні ақиқат. Ресейден жеткізілген, сақталу мерзімі бәленбай ай болатын сүтке аңсарымыз ауып тұратынын қайтерсің.

жп сиыр акжайык (2)

Ал Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылының 28 жастағы тұрғыны Санат Жақсылықов сүт өнімдерін өндіру саласын мығым қолға алып, кәсібін бастапты. Отандық өндіріске өз үлесін қосуға ниетті жас сиыр өсіріп, сүтінен пайда тауып, ауылдастарына жергілікті өнімді ұсынып отыр. Редакция тілшісіне Санаттың берген сұхбатынан түйгеніміз – жас көнеккеткендік «Ердің еңсесін тек еңбек қана көтереді» деген сөзді өмірлік ұстанымына балайды екен.

Жастарға қай салада да мемлекет тарапынан қолдау орасан. Білім алып, ауылға оралсаң, көтермеақы беріп, тұрғын үймен қамтуда қолтығыңнан демейді, ал кәсіп бастауға талпынса, грант-несие ұсынып, бастапқы капиталға қаражатпен де көмектеседі. Санат біз атаған қос салада да мемлекеттің қолдауына ие болған екен. Сол көмекке қалай қол жеткізгенін тарқата айта кетейік.

С.Жақсылықов – осы Көнеккеткен ауылында туып-өскен, осындағы Ораз Исаев атындағы орта мектепті тәмамдаған. Ата-анасына қолғабыс болып, бала кезден малға күтім жасап, есейген бозбаланың алдында мамандық таңдауда еш сауал туындаған жоқ. ҰБТ қорытындысымен Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық колледжін бағытқа алып, ветеринария мамандығы бойынша оқуға түседі. Үш жылдан соң мал дәрігері атанған жас жігіт «қала, өркенді ауыл» іздеп, бас ауыртпай, маманға зәру боп отырған туған ауылына оралады. Қолындағы малын емдейтін өздері өсіріп қанаттандырған Санатын ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алғанын да айта кету керек. Міне, сол кезде жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен көтермеақы алып, қыз-жігіттерге арналған мемлекеттің қолдауын алғаш сезінеді.

Бастапқыда көрген-білгені мол аға-апалардан үйреніп, біраз тәжірибе жинақтаған Санат бүгінде Көнеккеткен ауылдық округінің телім меңгерушісі болып қызмет етеді.

жп сиыр акжайык (1)

– Қай қазақтың да тамыры ауылдан. Урбанизация заманында жастардың көбі қаланы бетке алып, сонда шоғырлануда. Ал менің әуел бастан мақсатым ол емес болатын. Мамандығымды алған соң, туып-өскен ауылыма келіп еңбектенуді жөн санадым. Бұл менің балалық шақтан бергі арманым десе болады. Өсіп, ер жетіп, мамандық иесі атанып ауылымда жұмыс жасау, дамуына үлес қосу. Көнеккеткенімде бәрі ыстық маған. Қалада оқып жүргенімде де, жүрегім ауылыма бұрып тұратын. Қазір бұрынғыдай емес, кәсіп ашып, өзіме қызмет етемін деген жанға еш кедергі жоқ, керісінше сені демеп, қай бағытта да сүйемелдеп, аяғыңнан тұрғызып жіберуге мүмкіндік орасан. Тек соны оңтайлы пайдалану керек – жеке басты ғана ойлап қоймай, туған мекеніңнің де көркеюіне қосар үлесіңді де ойлаған жөн. Елің саған «ерім» деп тұр, демек сен де еліңнің ертеңіне алаңдауың қажет.

Мал десе, ішкен асын жерге қоятын Санаттың мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, ірі қара шаруашылығын қолға алуды ойластырғанына біраз болыпты. Соның реті былтыр шығыпты. Реті дегенде, кәсіпкерлікке үйір жігіт бүкіл облыс көлемінде пилоттық негізде іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасына құжат тапсырып, 2,5 пайыз үстемемен жеңілдетілген несиені алады. Шаруада есеп жүрмесе, бастаған істің қайыры кететіні рас. Алған қаражатты  бір тиынын да текке жұмсамай, сауынды 10 сиыр сатып алып, қорасына кіргізеді.

Мал бағып, төрт түлікпен айналысу оңай емес, біле-білсек.  Әйткенмен бала кезден шаруашылықта шыңдалған азаматқа бұл сөз бе, әрі мамандығы да ветеринар болғасын, қорасындағы ірі қараны бабын келтіріп, ұстап отыр.  Бүгінде, шүкір, сиырдың бәрі бұзаулап тұр. Осыған дейін де Санаттың иелігінде азын-аулақ уақ жандық болатын. Қолдағы мал көбейгесін жаңа қора салып алыпты.

– Біздің ауыл азаматтарының ынтымағы бөлек қой, шіркін. Қора-жайды ауыл адамдары, достарым, ағайын-тума көмекке келіп, асарлатып лезде тұрғызып алдық, – дейді жас кәсіпкер.

Санат былтыр жылы бұл сиырларды ауылдық округке қарасты шаруа қожалықтарын аралап жүріп сатып алыпты. Алғаш бұзаулаған жас қашарлар екен, бірден көл-көсір сүт бермейтіні аян. Десе де барын сауып, оның сүті мен майын ауылдық ағайынға сатып аздаған қаражат жасауға енді кірісіп жатқанын айтты еңбекқор жігіт. Сиырды сауудың басы-қасында Санаттың анасы жүреді, үйдегі кішкентайдан қолы қалт босаса, жолдасы да көмекке ұмтылады.

Негізі, сиыр сүті қалдықсыз өнімге жатады. Қаймағын шайқап алып, одан май былғасаң, пахтасы да ішсең – жеңсік сусын. Сүзбе, құрт, ірімшік, айран, қатық, қойыртпақ – сүттен жасалатын өнімдердің саны біз тізгеннен де көп-ақ. Әзірге Санат ауыл тұрғындарына тек сүтті ғана ұсынып отыр. Болашақта жаңа үлгідегі сүт тартатын аппарат сатып алып, жоғарыда біз атап кеткен өнімдерді де саттыққа шығарғысы келеді. Бұл жоспарының да жүзеге асар күні алыс емес.

Көріп отырғанымыздай, Санат Жақсылықов – алдына биік мақсаттар қойған жастың бірі. Жасы әлі отызға толмаса да, табандылығы мен іскерлігінің арқасында шаруашылықтың жұмысын ширатып алды. Өзі айтқандай, еркек төлдерді өсіріп, оларды сатып, түскен қаражатпен ірі қара аналығының басын көбейтсе, жанұясының ырыздығы молая түспейді емес пе? Осындай табысқор, мақсаткер азаматты жастарға үлгі қылмасақ, енді кімді?!

– Біздің ауылдың  жастары өте еңбекқор, кез келген кәсіпте табысқа жетуге ұмтылады. Алға қарай ұмтылыс жасап, туған жерлерінің көркеюіне үлестерін қосып жатқандарын да тілге тиек ете кетуім керек.  Солардың бірі Санат әкеден ерте қалса да, жақсы өмірге құлшынып, ауылдың тірлігін түлетуде. Аналары өсіріп-өндірді, әкеден қалған апасы екеуі де білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Көктемнің басында ауылда өткен «Жас келіндер» сайысына да демеушілік жасағанын да айта кетейін. Оның алға қойған мақсат пен жоспары ауқымды, шешімін оңтайлы тауып, іргелі кәсіпкер атанғанын қалаймыз. Шаруасы жандансын, ісі берекелі болсын, – деп тілейді жас кәсіпкердің берекелі тірлігін мақтан еткен округтегі жастар жетекшісі Нұргүл Темірғалиева.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале