Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы «Мектепке қауіпсіз жол» тақырыбында республикалық әлеуметтік байқауға жоба дайындап жатыр. Бүгінде «Begin it: Leadership for Social Justice» («Әлеуметтік әділеттілік жолында көшбасшылықты қолға ал!») атты сайыстың іріктеу кезеңінен өтіп, финалға жолдама алған ару қарқынды жұмысқа кірісті. Білім ордаларына барар жолды замандастары үшін қауіпсіз қылып, жол-көлік оқиғаларының мүлде болмауы жолында өңірдегі жауапты органдармен байланыс жасауды бастап кетті.
– Нұрдана, аталмыш жоба және сенің мақсатын туралы айта өтсең.
– Алдымен, өзімнің бастапқы ниетімнен бастасам деймін. Бүгінде елімізде болып жатқан жан түршігерлік жол апаттары мен жағымсыз жайттар біз секілді, кіші буынның да көңіліне қаяу салады. Ал осындай жағдайлардың басым бөлігі жол ережесін сақтамаудың және қажетті жерлерде қажетті белгі мен жолақтардың болмауының салдары деп түсінемін.
Жол мәселесі әсіресе оқушылар үшін аса маңызды. Әрбіріміз мектепке алаңсыз барып-келгіміз келеді. Шыны керек, кейде асыққан жүргізушілер мен олардың жылдамдықтары үркітпей қоймайды. Міне, осындай мәселелер маған маза бермеді. Алысқа бармай-ақ, өңірімізде де жол тәртібін бұзушылықтар болады. Сондықтан осы жобаға қатысып, өз ойымды білдіргім келді. Ал бұл жобаның мақсаты – жол қауіпсіздік дәрежесін талдау, тұрғындардың сөзін ескеріп, әкімшілікпен бірлесе Vision Zero () концепциясы бойынша ұсыныстарды дайындау және оны іске асыру.
– Бұл жобаның шарты қандай және оның негізінде қандай істер атқарып жатсың?
– Бізге арнайы тапсырма берді. Қауіпсіз аумақты көрсететін шешім табуымыз тиіс. Алдымен, проблемаларды анықтау үшін көршілерден сауалнама алдым, учаскелік полиция қызметкерімен кездестім, түрлі далалық зерттеу жүргіздім. Одан соң «Аманат» партиясының өкілі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов және мектебіміздің ата-аналар комитетінің төрағасы Алтай Абайұлына жобамды жеткіздім. Қолдау білдіретіндерін айтты. Мәселен, біздің мектебіміздің айналасында көлік жүретін жолдар болғанмен, екі жанында жаяу жүргіншілерге арналған жолақ нақты белгіленбеген. Сондай-ақ әр мектептің алдында «30» деген белгі болуы керек. Осындай сынды түрлі шешім әзірлеп қойдым, әкімшілікке барып шешім ұсынамын.
– Болашақтағы мамандығың осы бағытпен ұштаса ма?
– Иә, әлеуметтік саланың көшбасшысы болғым келеді. Жалпы адамзат баласының қауіпсіз ортада өмір сүргеніне не жетсін! Осыған титтей де болса, үлес қосқым келеді. «Тамшыдан теңіз құралады» демекші, елімнің игілігіне қызмет ету осындай байқауларға қатысудан басталады деп есептеймін.
– Ендеше, іске сәт, Нұрдана! Ойлағандарың орындалып кетсін!
– Рахмет!
Сұхбаттасқан: Мөлдір Латифова,
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы