Казталов ауданы – облыс бойынша аумағы ең үлкен аудандардың бірі. Қазіргі уақытта ауданда игі істер жүзеге асуда. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов былтыр жүзеге асқан құрылыс нысандары және алдағы жоба-жоспар жөнінде баяндады.
– Асланбек Ахметоллаұлы, аудан тұрғындары мал шаруашылығымен айналысатыны мәлім. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларында қандай жобалар атқарылды?
– 2023 жылмен салыстырғанда биыл ірі қара малы 18,5 %-ға, қой мен ешкі 7,0 %-ға, жылқы 17,2 %-ға, құс 2,5 %-ға өсім байқалады. Былтыр 532 мың гектар жер көлемі шабылып, одан 249 мың тонна шөп жиналды.
Биыл 11 шаруа қожалығы 1757 гектар аумаққа судан, жоңышқа, еркек шөп (житняк) екпелі шөптерін егуде.
2023 жылы 71,61 гектар жерге бау-бақша дақылдары отырғызылды. Казталов, Тереңкөл, Қараөзен және Бірік ауылдық округтерінде ұжымдық бау-бақша егу жұмысы қолға алынды. Қараөзен ауылында 2 гектар жерге жеке тұрғын жеміс, көкөніс дақылдарын екті. Жергілікті атқарушы құрылымдарының қызметкерлері ұжымдық бау-бақша егіп, өнім алды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда.
Казталовта «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Былтыр аудан бойынша 105 несие алушыға 655,5 млн теңге қаражат берілді. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға арналған. Осы ретте кәсіпкерлік саласын дамытуға мейлінше көңіл бөлуде. Жалпы құны 447,3 млн теңгені құрайтын 19 жоба іске асып, 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік субъектілерінен негізгі капиталға салынған жеке инвестиция көлемі – 1 млрд 342,9 млн теңге.
Әлеуметтік сала бойынша игі істер жүзеге асуда. Ауданда 1860 адам жұмысқа орналасты. Мемлекет басшысының «10 мың адамға жаңа 100 жұмыс орны» тапсырмасын іске асыру шеңберінде 227 жұмыс орны құрылды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 65 адам өз бизнесін бастауға 56 млн 580 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды.
– Мемлекет халықты баспанамен қамтуға мүдделі екені мәлім. Көгілдір отын, су құбырын тарту, электр желісін жөндеу мәселесі тағы бар...
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», – деген болатын. Осыған сәйкес белгілі бар санатқа жататын тұрғындардың қамын ойлауға басымдық берудеміз. 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 22 тұрғын үй сатып алынды. Осы 22 үйдің ішінде төртеуі жаңадан салынды. 6 дәрігер тұрғын үймен қамтылды.
Биыл кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда 115 үй салынуда. Жалпы 27 елді мекенде жаңа баспана бой көтереді. Үйлерді салуға кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары және жекелей азаматтар қатысуда.
Газдандыру бойынша екі жоба іске асты. Талдықұдық, Бейстерек, Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз – барлығы алты ауылдағы 21 әлеуметтік нысанға газ құбыры жеткізілді. Ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесі біртіндеп шешілуде. Жас, Аққурай, Оразғали елді мекендеріне облыстық бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылды. Қараоба ауылын Сарыөзеннен келетін техникалық сумен жабдықтау үшін құрылыс жұмысы жүргізілді. Болашақ және Сарықұдық ауылдарына бөгет қазылды.
Нұрсай, Әжібай, Әбіш, Жас елді мекендерінде 277 бағана, 19 шақырым электр сымдары ауыстырылды. Қазіргі таңда Ақпәтер ауылының электр желілері жаңалануда. Ауданымызда интернет сапасын арттыру мәселесі өте өзекті. Саралжын және Қособа елді мекендерінде мобильді интернет жылдамдығын арттыру құрылғысы қондырылып, іске қосылу үстінде.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Қаладан ауылға» бағдарламасы іске қосылды. Осыған байланысты нақты қадамдар жасап жатырсыздар ма?
– «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында жыл басында Орал қаласының тұрғындары Сисеновтер отбасы Болашақ ауылдық округінің Жаңатаң елді мекеніне көшіріліп, баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтылып, 10 ұсақ мал және 1 бұзаулы сиыр ауыл азаматтары қолдауымен табысталды.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша Орал қаласында және қала маңындағы аудандарда тұрып жатқан жерлестерімізді ауылға қайтару бағытында жұмыс тобы құрылып, жұмыстар жүргізуде. Оқу жылы аяқталғаннан кейін көшіп келуге ниетті отбасылар да бар. Осы бағдарлама аясында 8 елді мекенге көшіп келетін тұрғындарды жаңа үйлермен қамтамасыз ететін боламыз.
– Казталов ауданында білім нысандары бойынша мәселе туындағанын білеміз. Құрылысы ұзап кеткен мектептер пайдалануға берілді ме?
– Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Казталов мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтті. 2021 жылы бастау алған 108 орындық Ахмедияр Құсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылды. 2020 жылдан бері құрылысы жүргізілген 600 орындық Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі пайдалануға берілді.
Күні бүгін Саралжын ауылындағы 60 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Қоныс елді мекенінде 60 орындық мектеп құрылысы басталады. Сонымен қатар Көктерек мектебі интернатының ғимараты, Жалпақтал ауылындағы «Балдәурен» бөбекжайының кәріз жүйесі жөнделді. Жаңажол ауылындағы балабақшада қосымша топ ашылды.
– Ауыл-аймақта мәдени нысандарды түлетудің маңызы зор. Талай талант дүниеге келген ауданда бұл бағытта жаңа жобалар жүзеге асып жатқан болар?
– Аудан орталығында қуғын-сүргінге ұшыраған жерлесіміз Мансұр Ғатауллинге арнап «Бесеудің хаты» обелискісі ашылды. Көпкүтір ауылында тұрғындардың күшімен ауылдық клуб ғимараты салынып, қолданысқа берілді, коммуналдық меншікке алынды.
Бұқаралық спортты дамытуды назардан тыс қалдырмаймыз. Спорт клубының материалдық-базасы 3 млн 600 мың теңгеге жаңа инвентарьлармен толықты. Жергілікті бюджет есебінен аудан орталығындағы және Қошанкөл ауылындағы футбол алаңдарының газон жабындары, қоршау сымдары, түнгі шамдары жаңартылды. Биыл Қараоба, Қараөзен, Қайынды, Бостандық ауылдарындағы шағын футбол алаңдарын жаңарту жұмысы жүргізілуде.
2020 жылы басталған аудан орталығындағы 320 орындық дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы жанданып, жоспарға сәйкес жүруде. Айта кетейін, былтыр ауданда ІІІ кезеңнен тұратын «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясы керемет танымдық материалдар жинады. 16 ауылдық округті қамтыған экспедиция барысында 200-ден аса құлпытас, ерте темір дәуіріне жататын 100-ге жуық оба, ортағасырлық қалалардың орындары анықталды. Құнды жәдігерлер және кеңестік дәуірдегі ескерткіштер де табылды. Сонымен қатар бірқатар ортағасырлық тұрақтар анықталып, жәдігерлер жинақталды. Экспедиция қорытындысы танымы мол конференциямен аяқталды.
Ауданымызда алғаш рет «Мен оқыған 30 кітап» аудандық байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – оқу мәдениетін дамыту, оқырмандар қатарын көбейту, жас буынға кітап оқуды насихаттау. Жергілікті мәслихат депутаттары қолдауымен жүлде қоры 1 млн теңгені құрады. Осы жылы да бұл бастаманы облыс көлемінде жалғастыру жоспарда бар.
Ұлт руханиятын жаңғырту мақсатында ҚР 16 ауылдық округі орталығында «Қазақ радиосы» дауыс зорайтқыш арқылы «сөйлеп тұр».
Ауданымызда ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісінің, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Казталов ауданының құрметті азаматы, ақын Дариға Ғазезқызының құрметіне «Дариға оқулары» байқауы және «Үкілі көктем» аймақтық-республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист Қыдыр Харесұлының өлең жырларын дәріптеу мақсатында «Қыдыр оқулары» өткізілді. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жас ақын Райымбек Саматовтың «Қаңғыбас көңіл» атты кітабы жарық көріп, тұсауы кесілді.
Ағымдағы жылы туған жерге деген құрметі шексіз мектеп түлектері мен меценаттардың демеушілігімен ауылдық округтерде 84 млн 100 мың теңге қаражатқа 28 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
– Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бағытында қандай жұмыс атқарылуда?
– Жалпы ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын Жаңатаң және Болашақ ауылдарына кіреберіс жолдарын орташа жөндеу жұмысы басталды. Бұл жобалар биыл аяқталады. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша Бостандық округінде 3,1 шақырым ауылішілік жолдар қайта жаңартылуда. Қараоба ауылішілік жолдары да жаңғыртылуда.
Талдыапан ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар 11 шақырым жолды орташа жөндеу, Беспішен-ҚошанкөлҚараоба бағыты бойынша 34 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмысы басталды.
Қайыңды ауылы көшелерінің жолдарын реконструкциялау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы анықталды, құрылыс жұмысы жақын арада басталады.
– Денсаулық саласы бойынша жаңа нысандар салынды ма?
– 2023 жылы Қараоба дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті. Қараөзен ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бостандық ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, халық игілігіне табысталды.
Қараоба дәрігерлік амбулаториясы
№2 аудандық аурухананың ауласы абаттандырылды. Екі ауруханаға жалпы құны 761 млн теңгені құрайтын 51 медициналық қондырғы мен жабдық алынды. Ауданға сегіз «Жедел жәрдем» автокөлігі табысталды. Аудан орталығында алты дәрігер қызметтік үймен қамтылды. Қайшақұдық ауылында жаңа модульді медициналық пункт жақын арада пайдалануға беріледі.
– Асланбек Ахметоллаұлы, мемлекет жас мамандарды қолдауға мән береді. Жастарды ауыл-аймаққа тарту, оларға қолдау-көмек көрсету жайын ұдайы назарыңызда ұстайтын боларсыз?
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 63 маманға 21 млн теңге көтерме жәрдемақы берілді. 29 маманға 143 млн теңге көлемінде бюджеттік несие беріліп, тұрғын үйлермен қамтылды. «Жасыл ел» және студенттік құрылыс жасақтарына 80 адам маусымдық жұмысқа тартылды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында 29 жас кәсіпкерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 25 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді.
Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, мемлекеттік басқару ісіне тарту, жастар саясатын жетілдіру мақсатында «Казталов ауданының жастар кадрлық резерві» жобасы іске қосылды. Бұл жобаға әр түрлі салада жұмыс істейтін жас мамандар қатысты. Соның нәтижесінде 5 маман жоғары нәтиже көрсетіп резервке қойылды. Қазіргі уақытта ауданымыздың жастар кадрлық резервінің мүшесі Асылбек Нәсіпқалиұлы Байғазиев аудан әкімінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Ал резервтегі 4 жас маманды алдағы уақытта қызметке қабылдаймыз.
– Биыл су тасқынынан көптеген елді мекен зардап шекті. Су тасқынының алдын алуда тұрғындар ерекше үлес қосқанын естіп, біліп жатырмыз. Бұл бағытта әкімдік тарапынан қандай шаралар атқарылды? Қараөзен мен Сарыөзен ауданның қос күретамыры секілді. Мол су қоры жиналған шығар.
– Тасқынның алдын алуға 1500 адам, 46 техника, 5 қайық, 2 тіркемелі мотопомпа және 10 мотопомпа жұмылдырылды. 26 900 қапшық төселді. Су тасқыны кезеңінде жағдайды назарда ұстадық. Аудан бойынша суға кеткен үйлер мен зардап шеккендер болған жоқ.
Әрине, тасқын кезеңінде қиындық та туындады. Бірқатар ауыл мен елді мекенге таза ауыз су жеткізу қиындады. Осыған байланысты мемлекеттік материалдық резервтен су тазалайтын сүзгісі бар екі «КамАЗ», бір «ГАЗель» автокөлігі (жылжымалы «Таза су» фильтрлі қондырғысы) және екі су тасымалдаушы (водовоз) көлік алынды. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны салдарынан облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жыруға тура келді. Осы автожолдарды қалпына келтіруге ауданымызға мемлекеттік материалдық резервтен қажетті бір ауыр автогрейдер бөлініп, пайдалануға беріліп отыр.
Әр қиындықтың өз қайыры бар. Көктемде Қараөзен мен Сарыөзенге 430 миллион текше метр су жиналды. Көп жылдан бері шықпаған көлдіктерге және клеткаларға су молынан жіберілді. Кеуіп кеткен Балықты көлі және «Сокрыл» суға толды. Сондай-ақ биыл сан жылда бір қайталар құбылыстың куәсі болдық. Ол Қараөзеннен Жұлдыз елді мекені тұсындағы «Үш күтір» каналы арқылы Сарыөзенге су құйылуы.
«Қазсушар» РМК облыстық филиалының мәліметі бойынша, қос өзенге 20 мамырдан бастап секундына 2 текше метрден су жіберіле бастайды. Биыл шөп шығымы мол болып, төрт түлік өрісі кеңейеді деген сенімдеміз.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»