21.05.2024, 14:45
Оқылды: 169

Ұстаз аманаты орындалды

Алматыға арман қуып барған кезім көз алдымда. 1971 жылы онжылдық мектепті  тәмамдап, әнші болсам деген арманым  алға жетелеп, Алматы қаласынан бір-ақ шығарды. Алматы түгілі, ол уақытта мына тұрған Оралға жетудің  өзі бір арман еді. Қайда барарымды да білмеймін, сөйтіп жүріп  Абай атындағы опера және балет театрына барыппын ғой. Қолымда домбыра, емтихан тапсырушылар  фортепианиномен қосылып ән салып жатса, мен домбырамен ән салдым. Жюрилер жақсы көзбен қарап, әнімді ықыласпен тыңдады. Емтихан бітіп, оқуға түскендердің есімі аталып жатыр.

IMG-20240511-WA0092

Тағатсыздана  күтіп тұрғанымда комиссия мені шақырып алып: «Таңертең эстрада студиясына, Ғарифолла Құрманғалиев деген ағаңа барып жолығасың, Красин көшесі, №75 үй», – деді. Жүрегім алып-ұшып ертемен эстрадалық  студияға  келсем, директоры Гүлжахан Ғалиева деген апай орнында жоқ екен. «Министрлікке кетті» деген соң, сонда барып күтіп тұр едім, есіктен толықша келген, қара торы, бұйра шашты апай шыға келді.

–  Сәлеметсіз бе,  мені сізге жіберіп еді, – дедім асыға.

– Батыстан келген әнші қыз,  кел, отыр машинаға, – деді.

Эстрадалық студияға келдік. Кабинетіне кіргізіп, өзі ұзын столдың бас жағына жайғасты, қасына мені шақырып алып,  сұрақтар қоя бастады. Шамам келгенше бірдеңелерді  айтқан  болдым.

Бір уақытта иығыма түсіп тұрған шашымды сипап: – Міне, былай жинап қойсаң да саған үйлеседі екен, ертең «брючный костюм» тіккіземіз, «Гүлдер» ансамблінде ән салатын боласың, – деді. Сол уақытта шапшаң басып, алпыстардағы бір кісі кіріп келді. Ол Ғарифолла Құрманғалиев еді.

IMG-20240511-WA0093

– Ал, Ғареке, Оралдың қызын қабылда, жерлесің келді. Ал, қане, Баян, ағаңа өнеріңді көрсетші, – деді Гүлжахан апай. Менің білетін әнім тек үш ән еді, соның бірі Ғ.  Құрманғалиевтің күйтабағынан үйренген халық әні «Әдемі қыз» болатын, соны барымша орындап бердім.

– Е, бәрекелді, домбыраның құлағын әлі көтеру керек, даусың маған ұнады, қабылдандың, – деді Ғарекең. Бұл кезде емтиханның бәрі бітіп, «Халық әндері» бөліміне студенттерді қабылдап қойған екен. Мен емтихансыз  осылай  оқуға  түстім.

Сол жылдары студияда дәстүрлі әндерді үйрететін екі адам болды. Бірі Ғарекең болса, екіншісі, Арқаның әндерінен дәріс беретін Жүсіпбек Елебеков ағамыз еді.

Жүсіпбек ағамыз «Осы томпақ қызды маған бер, Арқаның әндерін үйретейін»  деп Ғарекеңе талай қолқа салған болатын.

– Қой, шырағым, өзіңмен-өзің бол, аулақ жүр! – деп екі қарт әзілдесіп жүретін. Ғарекең студияның ұзын дәлізінде тыным таппай, әрлі-берлі жүретіні, бірде сабақта қалғып кеткенімде өзінің сырт киімін бүктеп, басыма салғаны, «Қарның ашып жүр ме?» деп берген ақшасы – бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда.

Әнді үйреткенде әннің сөзіне мән беріп, жеткізе орындамасаң, тоқтатып тастайтын. С. Сейфуллиннің  «Тау ішінде» әнін үйреткені есімде. «Ымырт кезі, мүлгіген тыныштық, айнала орман, ақ боз атқа мініп, ән салып келесің, жанында сүйген жарың, ал, қане, әнді орындашы!» – деді.

Бірде «әннің сөзін жаттамадың» деп сабақтан шығарып жіберді, тығылып жылап тұрғанымда тауып алып, құшақтап, бетімнен сүйіп, орныма қайтадан әкеліп  отырғызды да, сабақты әрі қарай жалғастыра берді. Бір қызығы, бізге қанша ренжісе де, ән айтқанда бәрін ұмытып, көздері жарқырап, жайнап, шабыттанып кететін.

Алматыдағы оқу орындарына кездесуге баратын едік. Рейхстагқа ту тіккен қаһарман Р. Қошқарбаевтың қасына ән салатын екі әнші керек болды, оның бірі сол кездегі студент мен болсам, екіншісі, «Гүлдер» ансамблінің әншісі Қапаш Құлышева еді.  Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Құшақ-құшақ гүлдер, қошемет, ондайды көрмеген балауса қыздың қандай әсерде болғанын көз алдарыңызға елестетіп көріңізші...

Бірге оқыған Базаркүл Көмекбаева, Тұрсын Қыстаубаева, Бақыт Шұлғаубаева, Гүлшат Нұрлыбаева, Махамбет Балпейісов, Қарлығаш Омарова сияқты әншілеріміз – республикамыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, бұл күнде зейнеткерліктің рахатына бөленіп жүрген өнердің ардагерлері. Арамызда Қаламқас Орашева ғана жоқ. Қаламқас екеуміз бір кереуетте жатып, жарты құртты жарып жеген достар едік және ең кішісі де, еркесі де біз болдық.

Сабаққа Ғарекеңнің бір топ шәкірті,  соның ішінде Ж. Сәрсенғалиев, Қ. Байбосынов, Қ. Рахимова, Қ. Құлышева, Қ. Бекболсынов, Ж. Кәрменов сияқты әншілер жиі келіп, ән салып тұратын. Өмірден өтсе де, артына өшпестей із қалдырған өнер адамдарын ұмыту мүмкін емес.

Содан бері арада 53 жыл өткен екен. Алматыда қалып әртіс болмасам да, өмірге ешқандай өкпем жоқ.

Облыста 1990 жылы тұңғыш рет Жалпақтал балалар мектебінің жанынан «Терме» сыныбы ашылып,  ауданның әкімшілігі мен аудандық оқу бөлімінің  шешімімен алғаш рет өз бағдарламамды жасап,  сабақ  бере  бастадым.

Өнерлі өрендерге халық әні мен термелерін үйрете жүріп, өзім үйрендім, білімімді шыңдадым. Ж. Болтанова, Н. Жұбатова, А. Досқалиев, Н. Шындәулетова, Қ. Еренбаева, Ж. Әмірғалиева, Е. Өмірәлі, Ж. Ғайниденов, А. Бултанов, А. Жалмұқанов, Н. Рысқалиев, Г. Рысмағамбетова, А. Дүйсенбаева, Н. Қабиева, А. Ғайнетдинова, Б. Шерниязова, В. Асқарова, М. Еролла, Едрес Әмина, Сұлтан Алина сынды шәкірттерім облыс, республикалық додаларда оза шауып бәйге алды. Көршілес Ресей елінің Саратов, Астрахан облыстарында, Чехия, Болгария, Германия, Венгрия және Түркия мемлекетінің Измир қаласында шәкірттерім өз өнерлерін көрсетіп, бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтты.

2022 жылы Түркия мемлекетінің Сакарья қаласында үлгілі «Қыз Жібек» ансамблі жеке концертін де берген болатын.

Өз балаларымды өнерге үйреттім, әулетіміздің беріктігін сақтау мақсатында 1988 жылы  жанұялық ансамбль құрдым.

«Қабиевтер жанұялық ансамблі» бұл күнде халықтық деген атаққа ие. «Шапағат» әжелер ансамблі, республикада тұңғыш  құрылған үлгілі «Қыз Жібек» ансамблі – үшеуі де өзімнің төл туындыларым.

Өмірімнің бар мәні ұстаздық ғұмырым екен. Сол ғұмырымда алдыма қойған мақсаттарым да, армандарым да орындалды. Тек жалғасын тауып, менің асыл ұстазым – Ғарифолла Құрманғалиевтен жеткізген аманатымды кейінгі ұрпақ өздерімен бірге алға апара берсе екен.

Баян Қабиева,

ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері,

Қазақстан Республикасы Мәдениет  саласының үздігі, «Ерен еңбегі» медалінің иегері,

Казталов ауданының құрметті азаматы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале