Шыңғырлаулық қыз-келіншектердің қол өнерге, кәсіпкерлікке деген ынталары ерекше.
Айта кету жөн, бес саусағынан бал тамған кондитер қыздар да, саусақтары ине мен жіптен өрнек өретін шебер келіншектер де Шыңғырлауда. Үйде айтарлықтай өнім өндіріп отырған жерлесіміз Динара Хасенованы жұрт жақсы тани бастады. Аудандағы «ХоумКредит» филиалының менеджері болып жұмыс жасап жүрген келіншек, негізгі жұмысымен қоса өз ісімен де айналысып жүр. Кәсібі дөңгеленіп, нәтижесін де молынан көріп отыр. Оның қолынан шықққан шұжық өнімдері бүгіндері жер-жерге тарай бастады. Әзірлеген өнімдерінен кейде, бір адам 1,5 келіден алса, тіпті біреулері бірден 2-3 келі сатып алады. Сөйтіп күніне 7-8 келі ет өнімі өтіп кетеді. Күннен күнге сұраныс көбейіп, тіпті той-садақа дастарханына қою үшін алдын ала тапсырыс қабылдайтын кездері де бар.
Отбасылық бюджеті де күніне 70 000-80 000 мың теңгеге еселеніп, Динара бұл жұмысын тағы да жетілдірмекке ұмтылуда. Жақында Орал қаласына барып жылқы етінен жасалатын өнімдерден тауар шығарып, оны халыққа ұсыну жоспарында бар.
Динара төрт баланың анасы, жолдасы шекарашы. Күн сайын ол үшін жұмыстан кейін тағы бір жұмыс басталады. Шұжықтың етін әзірлеп, пешке салып, келесі өнімнің де қоспаларын дайындап, ыждағаттылықпен өндіре бастайды. Әрине, оның көмекшілері - отбасы, әсіресе жолдасы мен қызының көмегі айрықша.
- Ауылда тұратын ініміздің көмегімен ірі қара малымыз бағылады. Шүйгін шөп, таза сумен қоң жинаған малдың еті, әрине дәмді болады. Әрі әркез балғын ет. Оның етін тікелей өндіруге де болады ғой. Әйтсе де шұжық түрінде және әр түрлі өнім ретінде сатылса, сонымен қатар оның табиғи орағышпен, әдемі жапсырмалармен ұсынсаң, жасалған шұжық тұтынушыға екі есе ұнамды болар сөзсіз, - дейді Динара Қуанышқалиқызы.
Айта өткен дұрыс, шұжық ерекше дәмді болуы үшін, оның дәмдеуіштерінен басқа, мысалы құйрық майын, ірімшік қосып та жасап жүр. Жеңіл деликатес түрі - құс етінен жасалып, бағасы ірі қара етінен төменгі бағамен сатылып жатыр. Шебердің шұжық өнімінің оннан аса түрі бар. «Халал-шұжық», «Финский», «Краковский», «Салями», «Сырный», «Докторский» тағы басқалай түрлері бүгіндері өз тұтынушыларына жеткізіліп келеді.
Бұндай идеяны кім ұсынды деген сұраққа іскер жанның жауабы біреу-ақ болды.
- Шұжықты үйден шығаруды көптен ойлап жүрдім. Істің барлық «оң», «терісін» алдын ала бағамдап, зерделедім. Жолдасыммен ақылдасып, Ресейден керек-жарағымды, дәмдеуіштерімді, шприц-қаптауыш, тіпті жіпке дейін сатып алдым. Ет турағыштарыммен электро пешімді реттедім. Сөйтіп, барлығын жоспарлап, іске кірістім, - дейді.
Айсұлу Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz