22.05.2024, 16:15
Оқылды: 97

Ығылмановтар әулеті – ұстаздар династиясы

Бүгінде елімізде бір мамандықты таңдаған отбасылар баршылық. Бірі ата-анасының жолын қуса, енді бірі алдыңғы бауырларының ізін жалғастырады. Бөрлі ауданында да династиялық отбасылар бар. Аудандағы ұстаздар династиясының бірі – Ығылман әулеті. Негізінен әулет Шыңғырлау ауданының тумасы. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – Жанар Ығылман. Ол қазіргі таңда Ақсай қаласының №5 мектебінде бастауыш сынып мұғалімі.

Жанар Ығылман

Ұстаздар отбасында дүниеге келген Жанар Ығылман мектеп бітіргеннен кейін Оралдағы педагогикалық колледжде оқып, кейіннен М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де бастауыш сынып әдістемесі бойынша білім алған. Жанар Рахметоллақызы алғашқы еңбек жолын 1991 жылы Шыңғырлау ауданы Белагор ауылының екінші бес жылдық мектебінде бастапты. Ол 1994 жылы тұрмыс құрып, 2 қыздың анасы атанған. Бала санының аздығына байланысты бес жылдық мектеп 2002 жылы жабылып, Жанар отбасымен Ақсай қаласына көшіп келіпті. Педагог-зерттеушінің 32 жыл еңбек өтілі бар. Ол бірнеше жыл директордың бастауыш сынып бойынша оқу ісі орынбасары қызметінде атқарған.

 сыныбымен

Әулеттің ұстаздық жолы Жанардың әкесі Рахметолла Ығылманнан басталады. Рахметолла ағамыз математика пәнінің мұғалімі, кезінде мектеп директоры да болған. Өмірін ұстаздыққа арнап, зейнеткерлікке де осы саладан шығыпты. Ол 2011 жылы 76 жасында дүниеден озған. Ал кейіпкеріміздің анасы қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұрады екен. Жанардың әкесі өмірін ұстаздыққа арнаса, анасы сатушы болып жұмыс жасаған. Рахметолла Ығылманның өзінен кейінгі 2 қарындасы да ағасының артынан ұстаздық жолды таңдаған. Біреуі бастауыш, екіншісі география пәнінің мұғалімі. Ағамыздың інісінің жолдасы да математика пәнінің мұғалімі екен. Екі ұл, бес қызы бар Рахметолла ағамыздың төрт қызы әке жолын қуған. Олардың үшеуі бастауыш сынып мұғалімі болса, біреуі қызы қазақ сыныптарына орыс тілі әдебиеті пәнінен сабақ береді. Тек үлкен қызы қаржы саласында еңбек еткен екен. Ал үлкен ұлы өмірден озған. Жанар қыздардың ішіндегі кенжесі. Өзінен кейінгі інісі жеке шаруашылықпен айналысады. Анасы қазір осы інісінің қолында тұрады.

Жанардың бір апасы Сырым ауданы Аралтөбе ауылының мектебінде ұстаз болған, қазір зейнеткер. Тағы бір апасы Орал қаласындағы №12 мектепте мұғалім, биыл зейнетке шығады екен. Ал кіші апасы Бәйтерек ауданындағы Махамбет мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Оның қызы да анасының жолын қуып, қазіргі таңда қаладағы №7 мектебінде жұмыс жасайды екен.

- Мен осындай ұстаздар әулетінде өстім. Кішкентай кезімізден ата-анамыз бізді қарапайымдылыққа, адамгершілікке баулыды. Осы қасиеттерді бойымызға сіңіріп өстік. Бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Маған балалармен, соның ішінде бастауыш сыныппен жұмыс жасаған ерекше ұнайды. Жалпы, өзіме кішкентайымнан ұстаздарымның жүріс тұрысы, балалармен қарым-қатынасы қатты ұнайтын. Бәріміз де мамандығымызда әкемізге қарап таңдадық деп ойлаймын. Мен әкемнен бөлек, апаларыма және мектепте сабақ берген ұстаздарыма қарап таңдадым. Өзімді ұстаздықтан басқа салада көрмеймін, жұмыс жасай алмайтын да сияқтымын. Себебі кішкентайымнан айналамдағылардың барлығы осы мамандық иесі болды, - дейді Жанар Ығылман.

Жанар Рахметоллақызының өзінің екі қызы да осы ұстаздық жолды таңдаған. Үлкен қызы Әсем қаладағы №3 мектепте химия мен биологиядан, ал кіші қызы Инабат №8 мектепте ағылшын тілінен мұғалім, қазіргі таңда бала күтімімен үйде екен. Үлкен қызының 7 жыл еңбек өтілі болса, кішісі 2 жыл жұмыс жасаған. Екеуі де педагог-модератор санатында.

- Екі қызым маған қарап таңдады деп ойлаймын. Негізі, кішкентайларынан мұғалімнің қызметі қандай екенін көрді. Басқа саладағы сияқты емес, ұстаз мектептен бөлек үйде де құжат, дәптер, журнал әкеліп, күні-түні толтырып отыратынын көріп, біліп өсті. Бірақ соған қарамастан екеуі де осы мамандықты таңдады. Оқуларын бітіріп, дипломдарын қолдарына алған кезде, екеуіне де тағы басқа мамандық таңдап, оқуға түсерсіңдер деп ұсыныс тастадық. Мұғалімнің жұмысы қиын деп осыншама айтқан болатынмын. Дегенмен өздері осы салада жұмыс жасаймыз деді. Мен оқуға түсерде де апаларым басқа мамандық таңдағанымды қалаған болатын, - дейді қыздары өзінің жолын қуған кезде мақтаныш сезімде болған педагог.

Ығылман отбасы 2022 жылы «Алтын ұя» отбасылық байқауына қатысыпты. Бұл олардың алғашқы отбасылық жарысы. Оған Рахметолла ағамыздың қарындасының қызы, кейіпкеріміздің үлкен апасының қызы, үш апасы және өзі үлкен қызымен қатысқан. Барлығы да ұстаз деген ұлы мамандық бойынша еңбек етіп жүргендер. Негізінен, әулеттің 13 мүшесі ұстаз деген ұлы мамандықты таңдаған. Ығылмановтар отбасы байқауға Бөрлі ауданының атынан шыққан. Байқаудан әулетке «Ұстаздар династиясы» атағы берілген.

- Қазіргі уақытта барлығы бар. Мектептер заманауи техникалармен жабдықталған. Бұрынғы мен қазіргі оқу жүйесі салыстыруға да келмейді. Бұрын бәрін қолдан жазсақ, қазір барлығы да электронды форматта. Бұл әдіс мұғалімге де, оқушыға да ыңғайлы. Электронды жүйенің арқасында біз уақытымызды көбірек балаға арнаймыз. Мен 2019 жылы мұғалімдерді қайта даярлайтын «Өрлеу» онлайн байқауына қатысып, ІІ орын алдым. Осындай жарыстардың арқасында мұғалімдер жаңа білім алып, тәжірибе жинақтайды. Бұл мұғалімдерге берілген үлкен мүмкіндік. Ал оқытқан шәкіртің сеніміңді ақтап, мақтанарлықтай тұлға болып өссе, ұстазға бұдан артық не керек,  - дейді кейіпкеріміз.

АйданаАбдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале