Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Парниктік газдың сіңірілуі мен эмиссиясы, декарбонизация технологиялары мәселелерінің мониторингі» атты халықаралық семинар-кеңес өтті. Жиынға Қазақстанның және Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университеті ғалымдары қатысты.
Алдымен сөз алған Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы, ректор Асқар Наметов семинар тақырыбының жаһандық деңгейдегі мәселені қаузайтынын айтып, осы орайда ғалымдардың ортақ тұжырымы маңызды екенін жеткізді.
– Бізге байырғы әріптестеріміз – Уфа университетінің өкілдері келіп, басқосуға қатысып отыр. Уфалық серіктестерімізбен білім-ғылым салаларында бірлесе жұмыстанудамыз. Екі жыл бұрын біздің білім ордасында Уфа университетінің өкілдігі ресми түрде ашылды. Қазіргі кезде аталмыш өкілдік қос ел арасына дәнекер болып, мұнай-газ, геология салалары мен техника ғылымдары бойынша көптеген бағдарламаны, жобаны табысты жүзеге асыруда. Ал бүгінгі парниктік газдардың сіңірілуі мен эмиссиясы, декарбонизация технологиялары мәселелері мониторингімен байланысты кезекті жоспарлы шарамыз Уфа университетінің бастамасымен ұйымдастырылды, – деген Асқар Мырзахметұлы семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Уфа университетінің технологиялар трансферті басқармасының басшысы Сергей Гладких декарбонизация технологиялары және бірлескен жұмыс үшін ұсынылатын тиімді бағыттар туралы баяндады. Башқұртстанда осы бағыттарда арнайы ғылыми жұмыстар жүргізілетін көміртекті полигон алаңы жасақталғанын жеткізді. Аталған ресейлік жоғары оқу орнындағы декарбонизация технологиялары орталығының директоры Лариса Беланның айтуынша, Уфа университеті республика бойынша климаттық тақырыптардың орталығы болып табылады.
– Біздің ғалымдар тобы климаттық зерттеулермен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Зерттеу жұмыстарына еліміздегі өзге де жетекші жоғары оқу орындары мен Ғылым академиясының ғалымдары көмектеседі. Осы жиында жүргізілген зерттеулеріміздің, жұмыстарымыздың нәтижесін көрсеткіміз келеді. Қазақстандық әріптестерімізбен байланыс орнатып, экожүйенің климаттық өзгерістерге әсерін зерттеуде күш біріктіргіміз келеді. Әрине, бұл тақырып біршама даулы болғанымен, климаттық өзгерістер көз алдымызда орын алуда. Біздің міндетіміз – уақтылы әрекет етіп, бүгінгі болып жатқан өзгерістерге бейімделу, – деді Лариса Николаевна.
Жәңгір хан университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев бірлескен жұмыстардың нәтижелі боларына сенімді.
- Ауаға көмірқышқыл газын шығаруды азайту мәселесі бүкіләлемдік деңгейде өзекті. Сондықтан бұл басқосудың маңызы зор. Еуропада 2030 жылға дейін көліктер мен коммуналдық кәсіпорындардан шығарылатын көмірқышқыл газын 40 пайызға азайту туралы заң қабылданып, шектеулер қойылуда. Енді дамып келе жатқан мемлекеттерде бұл мәселе әлі өзекті. Бүгінде елімізде осы бағытта бірқатар шара қабылданды. Біріншіден, жел, күн энергиясын пайдалану жолға қойылуда. Қытай, АҚШ, Еуропа секілді алпауыт мемлекеттерде көмірқышқыл газын көп бөлетін көлік мәселесі шешімін табуда. Еуропа елдерінде көліктердің 60-70 пайызы – электромобильдер. 2030 жылдан бастап әлемге әйгілі «Тойота» компаниясы іштен жану қозғалтқыштарын шығаруды тоқтатады. Мұнай өндірісінде де айтарлықтай өзгерістер болады. Себебі мұнайдың жануы барысында, электр энергиясын өндіру кезінде көмірқышқыл газы бөлінетіні белгілі. Бұл әлемдік жылулыққа әсер етеді.
Жапония елінің Киото қаласында жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге арналған халықаралық құжат қабылданған. Елімізде осы Киото хаттамасына байланысты келісімшарттар жасалды. Енді ғылымды дамытып, арнайы заңнамалар қабылдану керек. Үлкен көлемде ауаға таралатын көмірқышқыл газының шамасын бақылауда ұстау керек. Әлем назарын аударған мәселеге біз де атсалысуымыз қажет. Жер шарында көмірқышқыл газының бөлінуін азайту мақсатында ғылыми жұмыстардың аясында университетімізде өзге әріптестерімізбен бірге жүйелі ғылыми ізденістер қолға алынуда. Ол өз нәтижесін береді деп сенемін, – деді ғалым-ұстаз.
Семинар жұмысы барысында ғалымдар климаттың өзгеруін зерттеу, декарбонизация технологияларын дамытудың жаһандық мәселесі саласында ғылыми ұйымдармен өзара әрекеттесуді кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асыру туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»