Баспасөзге жазылу науқаны барысында Батыс Қазақстан облысының айнасы, тарихи басылым – «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, белгілі жазушы-журналист, Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бойынша филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин, аталмыш газеттің тілшсі Аманжол Исламғали Теректі ауданына арнайы келді.
Аудандық «Достық» үйінде өткен басқосуға ұстаздар, кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Еліміздің Атырау, Түркістан қалаларында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерінің алдына үлкен міндет қойды. Ол – қазақстандықтарды қайтадан оқитын халыққа айналдыру. Ел-жұртқа соны жеткізуді аманаттады. Неге біз оқитын халыққа айналуымыз керек? Жалпы, оқығаннан ешкім зиян шекпейді. Оқыған-тоқыған адам кім болса, соның сөзіне еріп кетпейді. Әр нәрсеге байланысты, әр құбылысқа сәйкес өзінің тұрақты көзқарас-пікірі болады. Мәселен, Қаңтар оқиғасында қазақ жастары неге араңдап қалды? Қазір емес, бірнеше жылдан бері кітап, газет-журналдарды оқуды қойды, көзқарас жоқ, өзіндік дүниетанымдық пікір көп адамда әлі күнге дейін қалыптаспаған, кім не айтса соған еріп кетеді. Бәріміз де дені дұрыс адал, парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді.
Ал парасатты қоғамды қалыптастыратын мына – біз бен сіз. Сол себепті өзімізден бастап бала-шағамыздың да көзі ашық, көкірегі ояу болуы қажет. Ой-танымымыз терең болу үшін көркем әдебиет, газет-журнал оқуымыз керек. Мінекей, осы мақсатта газет бетіне түрлі мақаланы жылдар бойы береміз, алайда көп жағдайда еңбегіміз еш кетіп жатады. Біз жазамыз, халық оқымайды. Облыстағы газеттер арасынан 10 935 ең көп таралымы бар, ол – біздің «Орал өңірі» газеті. Бүгінгі таңда қалада 700 000 мың тұрғын бар. Есептеп көрсек, соның 50-60 мың адамы ғана газет оқиды екен. Бұл – аз. Идеологиялық майданда сіз бізбен бірге болсын деген оймен келдім, – деген Бауыржан Файзоллаұлы балалардың да телефонға көп телміретінін тілге тиек етіп «терең дүние телефонда емес, газетте», - деп сөзін түйіндеді.
Жүздесу соңында Теректі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиханов қоғамдағы кейбір мәселелерді сөз етсе, ал Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің бұқаралық бөлім меңгерушісі Үміткер Орынғалиев «Орал өңірінде» жарық көретін түрлі айдарлардың берері мол екенін жеткізіп, балаларға арналған «Айналайын» қосымшасы жиі шығып тұрса деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар «Теректі жаңалығы» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Әділет Орынбасаров сөз алып аудандағы өзекті жәйттерді жіпке тізіп, осындай басқосулардың маңызы зор екенін айтты.
Ұсыныс-пікірлерге құлақ түрген Бауыржан Ғұбайдуллин кері байланыс жасап, жиынды қорытты.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz