Биылдан бастап облыста жүзеге асып жатқан «Қаладан ауылға» пилоттық жобасына Тасқала ауданы да үлес қосуда. Биыл ауданға 10 отбасы көшіп келуге ниет білдірген. Бұл жағымды жаңалықпен аудан әкімі Талғат Шәкіров Аманкелді ауылының тұрғындарымен өткен есептік кездесуінде бөлісті.
– Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен қолға алынған «Қаладан ауылға» бағдарламасы, әсіресе, шекара маңында орналасқан аудандар үшін маңызды. Біз Ресей Федерациясымен шекаралас аудан болғандықтан, халықты шағын ауылдарға шоғырландыруымыз керек, ауылдан көшірмегеніміз жөн.
Осы мақсатта біздің ауданнан Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ, Достық және Бастау ауылдары іріктеліп алынды. Қазір 10 отбасы осы ауылдарға қоныс аударуға ниет білдіріп отыр. Бұл бағдарлама ауылдық жердегі жұмыс күші тапшылығын жоюға, шағын және орта бизнесті көбейтуге, табыскірісі аз немесе жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсетеді, – деді аудан басшысы Талғат Асқарұлы. Сондай-ақ ол тұрғындардан қалада жұмыссыз, пәтерсіз жүрген таныс, туыстарын ауылға шақыруды ұсынды. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, әкімдік демеушілер көмегімен көшіп келетін отбасыға үйді сатып алып, күрделі жөндеу жасап береді. Үйдің еденінен бастап, шатырына дейін жаңартылады. Қойылатын талап – бұл отбасы ол үйде бес жыл тұруы тиіс. Осы мерзім ішінде ай сайын 6-7 мың теңгедей жалдау ақысын төлейді. Бес жылдан соң, баспана тұрғынныңжеке меншігіне өтеді. Отағасы мен жұбайын жұмысқа орналастырады. Алдарына бір сауынды сиыр немесе 10 қой салып береді. Қазіргі таңда Достық ауылында – 7, Бастауда – 2, Ынтымақта 1 үй бос тұр. Аталған бағдарлама бойынша 2 отбасы (11 адам) Бастау мен Достық ауылдарына көшіп келген. Бүгінгі күнге бес отбасы, яғни 29 адам көшіп келуге дайын отыр екен. Оның 10-ы – ересек адамдар болса, 19-ы – балалар.
Кездесуде аудан әкімі Талғат Шәкіров көктемгі су тасқыны кезінде күш біріктіріп, ұйымшылдық танытқан тасқалалықтарға алғысын білдірді.
«Еріген қардың және арнасынан асқан өзен-көлдің суы өзге аудандар секілді, бізді де біраз әбігерге салғаны мәлім. І Шежін мен ІІ Шежін өзендері көтеріліп, аудан халқының көңіліне алаң кірді. Тілсіз жау қауіп төндірді. Сол кезде азаматтар күндіз-түні жүріп, су тасқынына тосқауыл болды. Кейін ауданда құрылған ерікті топ Орал қаласына барып, өзен суын бөгеу жұмысына атсалысты. Мыңнан астам тасқалалық жұдырықтай жұмылды. Десе де, бау-бақша серіктестіктерінде тұратындардың баспанасы суға кетіп, біраз қиындық көруде. Мен Оралдағы 9 эвакопункттің 8-ін аралап шықтым. Тұрғындармен кездесіп, қандай көмек-қолдау керек екенін сұрадым. Қазір 9 отбасы Тасқала ауылына қоныс аударуға ниет етіп отыр. Олар ауданға келетін болса, жұмысқа орналастырып, баспана салып береміз», – деді аудан әкімі.
Талғат Шәкіровтің айтуынша, қазіргі бір қиындық – құм-қиыршықтас қоспасының (ПГС) тапшылығы. Себебі осы құрылыс материалын алатын жерлерді су басып жатыр. Бұл жайт аудандағы құрылыс жұмысын баяулатып отыр. Десе де, бірнеше ауылдың кіреберіс және ауылішілік жолдары жөнделуде. Биыл ауданда 24 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұл жұмысқа да құм-қиыршықтас қоспасы керек. Аудан басшысы аталған мәселені шешу үшін егер бағасы тиімді болса, қиыршықтасты Ресейдің Саратов қаласынан әкелуді ойластырып отырғандарын айтты. Себебі құрылысты жауын-шашын маусымы басталғанша аяқтаған жөн. Аудандағы күрделі мәселенің бірі – тозығы жеткен электр желісі (90 пайыз). Биыл Тасқала ауылындағы 8 көшеде және Мерей ауылында электр желілері жаңартылады. Ал Ақтау ауылындағы желілердің, Шежін ауылішілік жолдарының қашан жөнделетіні қаражатқа байланысты шешіледі. Келесі жылы Ақтау және Шежін ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеу жоспарда тұр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 159 млн 390 мың теңге қаражат бөлінген.
Аудан әкімі Талғат Шәкіровтің Аманкелді ауылының тұрғындарымен есептік кездесуінде ауылдық округ әкімі Әсет Хайыршақов та атқарылған және жоспардағы жұмыстарды баяндады.
Ауыл халқы бау-бақша өсіруге І Шежін өзенінің суын пайдаланып келеді. Алайда тұрғындар ауылға техникалық су жеткізетін қос құрылғының істен шыққанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Әсет Қозы-Көрпешұлының айтуынша, бір мотордың құны бір миллион теңгеден асады. Сондықтан екі құрылғыны да жөндетіп көрмек. Болмаса, демеушілердің көмегімен болса да сатып алуға тура келеді. Қалай болғанда да, аманкелділіктер өзен суынан қол үзбейді.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»,
Тасқала ауданы