Қазақстанда 193 отандық кәсіпорын дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы шығарумен айналысады. Мұндай деректерді денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Үкімет отырысында фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселесін қарау барысында айтты.
Фото: primeminister.kz
Ведомство өкілі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша отандық өндірісті дамыту туралы, олардың өндірістік қуаттылығының қолда бар әлеуетін ескере отырып, ТОП-10 кәсіпорынды қосымша жүктемемен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылып жатқанын баяндады.
Фармацевтика саласын дамытудың маңызды құрамдас бөлігі инвестициялық белсенділік болып саналады. Инвестициялық штабтың қызметі шеңберінде әртүрлі кезеңдерде шетелдік инвесторлармен Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру бойынша 29 жаңа жобаны локализациялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
2023 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық нарық көлемі 950 млрд теңгені құрады, оның ішінде отандық өндіріс – 144,3 млрд теңге, экспортталатын өнім – 7,9 млрд теңге.
Алайда, осы сектордағы отандық өндірістің үлесі 20%-дан 14%-ға дейін төмендеді. Бұл жыл сайын дәрі-дәрмектерге деген ішкі қажеттіліктің артуына байланысты болып отыр.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының отандық өндірістегі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жөніндегі міндетін еске салды. Ол үшін бірқатар инвестициялық және салықтық преференциялар қарастырылған, мемлекеттік қолдаудың қажетті құралдары бар.
«Фармацевтика өнімдеріне он жылға мемлекеттік тапсырысқа кепілдік беру тетігі арқылы біздің кәсіпорындар жаңа өндірістерді іске қосуға немесе қолданыстағы өндірістерді жаңартуға мүмкіндік алады. Денсаулық сақтау министрлігі технологиялар трансферті және жаңа өндірістерді локализациялау үшін жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен байланыстарды күшейтуі керек. Сонымен қатар биылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалап, олардың тіркеу куәліктерін Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес келтіруі қажет. Нарыққа қатысушылар тарапынан да бұған қатысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселенің байыбын жан-жақты, дұрыс түсіндіріп, реформалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет», — деп атап көрсетті Премьер-Министр.