Бәйтерек ауданына қарасты Құрманғазы, Дариян, Рубежин ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттілік мерзімінің аяқталуына орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясында отырыс өтті.
Онда Құрманғазы, Дариян, Рубежин сайлау округтерін құру және осы ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын 7 шілдеге тағайындау туралы комиссия шешімдері қабылданды. Сол шешімге сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Жиын барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Радик Ихласов атап өткендей, 30 мамырдан бастап 11 маусым сағат 18.00-ге дейін ауылдық округ әкіміне кандидаттардың құжаттарын қабылдайды. Ауыл әкіміне үміткерлерді тіркеуі 16 маусым күні сағат 18.00-де аяқталады.
Тіркеу біткен бойда кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті басталып, ол 6 шілдеде 00.00 сағатқа дейін созылады.
Бұл сайлауды ұйымдастыру мен өткізу 6 сайлау учаскесінде жүзеге асырылады. Яғни сайлау учаскелерінің екеуі Құрманғазы, үшеуі Дариян және бреуі Рубежин ауылдық округтарында орналасқан.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы