1 маусым – балаларды қорғау мерекесі аясында Жаңақала ауданы Көпжасар ауылында мерекелік шара өтті. Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебінің 1989 жылғы түлектері Көпжасар бөбекжайының кіреберіс қақпасын жаңартты.
Шараға ауылдық округ әкімі, ауыл тұрғындары, бөбекжай ұжымы және 1989 жылғы түлектер қатысты. Мектеп бітіргендеріне 35 жыл толуына орай туған ауылдарының көркеюіне өз үлестерін қосты. Талай баланың алғашқы жылы ұясы болып, мектепке қанат қақтырған Көпжасар бөбекжайының ауылымыз үшін орны ерекше. Шара барысында ауылдық округ әкімі Нұрбол Серікұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауылымыздың көркеюіне атсалысқан түлектерге алғысхат табыстады. Көпжасар бөбекжайының меңгерушісі Айман Бекқалиқызы да ұжым артынан шексіз ризашылығын білдірді.
Әрі қарай түлектер балабақшаны аралап, балалық шақтарына саяхат жасады. "Туған жерге туыңды тік" деген аталы сөздің мән-маңызына жеткендей болдық.
Күні кеше 20 жылдық түлектер мектепке 20 домбыра сыйлап ізгі іс бастаса, бүгінгі күні 35жылдық түлектер бөбекжай қақпасын жаңартып келер ұрпаққа өнеге болды. Ел бірлігі ажырамай, ауыл халқының тұтастығын сақтайтын осындай азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейіп, ауылымыз жандана берсін. Мерейлі мереке құтты болсын!
Азамат Бақиев,
Жаңақала ауданы