4.06.2024, 13:00
Оқылды: 31

Зулаған мопед мертіктірмесіне кім кепіл?

Көздің жауын алатын, бағасы қарапайым халыққа әлдеқайда қолайлы, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қызығып тұратын электр самокаттар мен скутерлердің саудасы қызып, дәурені жүріп тұр.

Мопед

Жаз басталмай тұрып-ақ Теректі ауданы орталығында сәнге айналған техниканы тұрғындар түрлі түсінен «шертіп» жүріп таңдап әкелген. Олар «Kaspi» қосымшасына да енген сұраныстағы дүниені әп дегеннен тізгіндей жөнелді. Әлбетте, бүгінгі таңда көліксіз аяғыңды аттап басу қиындау. Бұл орайда заман ағымына сай көліктің орнын басқан самокаттың сан түрлі пайдасы бар. Ауылдың арғы шетіндегі дүкенге барғың келсе, онсыз да жөндеуді қажет етіп тұрған сартылдақ көлігіңді қыздырып әуре болмайсың.

Мінесің де керек жерден бір-ақ шығасың. Бұл дүниені әке мен шеше балаларына жарыса сатып алып береді.

Иә, тіпті аталған техникалар құрылымы жағынан айдасаң аяғың талатын велосипедті де шаң қаптырды. Жүргізуге жеңіл, жылдамдығы  көліктен кем түспейді. Пайдасын тізе берсек, жетерлік. Ал одан келер қауіпке тоқталсақ, тіпті жетіп артылады. Ең бірінші қарапайым мысал келтірейік. Әлсін-әлсін қуаттауды қажет ететін құрылғы далада қалдыруы мүмкін. Қуаты таусылса, үйге жетектеп апаруға тура келеді.

Ал былтырғы деректерге сүйенсек, елімізде осының кесірінен 68 оқиға болып, 1 адам қаза тапқан және 70 кісі ауыр жарақат алған. Ауыр көліктің есігіне соғылып, жан тапсырған, қатты жылдамдықпен келіп, бір-біріне түйіскен самокат жүргізушілерінің әрекеті алаңдатпай қоймайды. Мұның қасында қуаты бітіп, далада қалу ештеңе емес. Себебі, үлкен қалаларда адамдардың демі үзіліп жатыр...

Аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Ерлан Қабылов самокат, скутер, мопед сияқты техникаларды жөнге салу жөнінде айтты. Ауданда еліміздегі соңы ажалға апаратын немесе жарақат алу оқиғалары тіркелмеген. Дегенмен Ерлан Жалғасұлы жайбарақат һәм асыр салып ойымызға келгенді жасамау керегін ескертті. Себебі, ондай әрекетке барған адам заң жүзінде қатаң жазаға тартылады және айыппұл арқалайды.

02BA8141-85DA-445B-9C53-3B8E06F527C7

Тінін тарқатсақ, қатері көп техникаларды тізгіндегендердің ең бірінші жүргізушілік куәлігі болуы керек. «Жол қозғалысы туралы» Заңда оның техникалық сипаттамалары мен пайдалану тәртібін құқықтық реттеу және жүргізушілер үшін тыйымдарды белгілей отырып, «шағын электрлі көлік» ұғымы енгізілген. «Жол қозғалысы туралы» Заңы тұжырымдамамен толықтырылған.

Ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын көлік құралы деп танылған электроскутердің және олардың қозғалу орындары белгіленген» деген халық қалаулылары жиілеген өркескел жайттарды байқап, алдын алу керегін ұсынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, белең алған мәселені шешу жолында бірқатар шешім қабылдады. Соның арқасында кеше көлікпен жарысқан скутерлер енді велосипед жолымен жүреді.

Иә, ауылдағы ағайын ондай жолдың жоғын айтып, дабыл қағуы мүмкін. Заңда ол да ескеріліп, велосипед жолы болмаған жағдайда, белгіленген тыйым белгілері мен арнайы шарттарды назарда ұстап, жолдың оң жақ жиегімен жүруге рұқсат беріледі. Жаяу жүргіншілер жолында жүргісі келген жүргізушілер скутер жылдамдығын сағатына алты шақырымнан асырмауы тиіс.

Кәмелеттік жасқа толмаған бүлдіршіндерге аталған техникаларды жүргізуге мүлдем рұқсат етілмейді. Міндетті түрде жүргізушінің жасы 18-ге толған болуы керек. Содан соң ол ережелердің қатарына арнайы бекітілген дулыға, жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігін қосыңыз.

Осы кезде жүргізу тәртібі қалыпқа келіп, көліктер де, тұрғындар да еш алаңсыз өмір сүреді. Сол үшін барын салып жүрген әкімшілік бөлімшесінің бастығы аудан тұрғындарына, мұғалімдер мен оқушыларға түсінік беру жұмыстарын жүргізіп, заң аясында іс-шаралар ұйымдастырып жүргенін жеткізді. Аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Нұрсұлтан Мырзағалиев:

– Жаңа маусымның басталуына байланысты Теректі ауданының аумағында мопед тізгіндегендер үшін және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында бөлім қызметкерлерімен, атқарушы органдар мен азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, Заңнаманың талаптарын оқыту және түсіндіру бойынша ауқымды ақциялар өткізуді бастадық. Бұл акцияда мопедті қауіпсіз жүргізу ережелерін түсіндіру, мопед айдайтын кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен ата-аналары арасында жол қауіпсіздігін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстын жүргізу, мектеп оқушыларына жол ережесін жеткізу қамтылады, - деді.

FB9DF750-F4A0-4A8C-8435-37025AEEC627

Полиция бөлімінің аға лейтенанты Назгүл Саханованың мектепке дейінгі бүлдіршіндермен тығыз байланыста екенін аңғардық. Бағдаршамның қызметін түсіндіруден бастап, скутер, мопед, электр самокаттардың кеселін айтып, заңға жүгінген бөлім қызметкерлері айтудан кенде емес.

Заңға сүйенсек, егер мас күйінде басқарса, жүргізушіні басқарудан шеттетіп, арнайы сараптамалар арқылы мастығын куәландырады. Нақты нәтиже алған соң, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 440-бабы бойынша «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болу» әкімшілік хаттамасын жасап, көлік құралын уақытша сақтау орнына қояды. Ал кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім тізгіндесе, бірден ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылады. Сонымен қатар «Жол қозғалысы туралы» Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес электрлі самокат жүргізушілері екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

ӘҚБтК-нің 593-бабы – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл (17 250 теңге ) қарастырылған. Сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынады. Бұл – 620-бап, бұған қалған барлық құқық бұзушылық кіреді, 5 АЕК айыппұл салынады.

Жасыратыны жоқ, ауданымызда бүгінгі таңда электр самокат пайдаланушылар көбейіп кетті. Алғашында қызығып қарадық. Балаларға сыйлыққа беруге таптырмас дүние деп ойладық. Бірақ бірден ол ойдан бас тарттық. Неге десеңіз, соңғы кезде жаңалықтарда осы құрылғы туралы жиі айтылып кетті. Бір қалада кішкентай бүлдіршін дене жарақатын алса, енді бір қалада олар өмірмен қош айтысып жатыр. Қазақта «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөз бар.

Самокаттарды ересектерден бөлек, балалардың жүргізіп жүргенін көрдік. Ғаламторды ашсақ та, осылардың салдарынан болған апаттарды оқимыз.

Жалпы, аудандық полиция бөлімі бұл істі насырға шаппай тұрғанда қолға алуы керек. Заң қабылданды деп ерте қуанбайық. Өйткені бұларды жүргізетін мектеп оқушысы өріп жүр. Тоқтатып, жөн сұрасуға келмей, зулап өте шығады. Саябақта жүргендерден сұрасақ, «сенің не шаруаң бар?» деген сыңай танытады. Сақшылар сақтық шараларын ұйымдастырғанымен, сап тиылған мопед жүргізушілерін байқай алмадық. Керісінше, міз бақпастан ары да бері өтіп, қауіп төндіріп жүр.

Кеш болмай тұрғанда ата-аналар мен мұғалімдер, полиция бөлімінің қызметкерлері нақты іске кіріссе, жөн болар. Әйтпесе (бетін аулақ қылсын, әрине), осы мопедттен жазым болған оқиға тіркелуі әбден мүмкін. Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, «біз қауіп еткеннен айтамыз».

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале