Бөкей ордасындағы «Достық» үйінде Орал қалалық «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанованың жетекшілігімен ауылдық округ аумақтарының бюджеті мен даму жоспарын талқылауға арналған арнайы жиын өтті.
Оған аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, түрлі саланың мамандары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов меймандарға "қош келдіңіз!" айтып, аталмыш кездесудің мән-маңызына тоқталды.
Жергілікті жердің экономикалық әлеуетін қайтсек көтереміз? Қандай ілкімді жобаларды жүзеге асыра аламыз? Осы және өзге де сауалдар бойынша Халықаралық «Десента» қорының «Бірлескен басқару – ортақ жауапкершілік» атты жобасы аясында ұйымдастырушылар мен қатысушылар бірге ой бөлісіп, пікір алмасты.
– Халықаралық «Десента» даму агенттігінің «Бірлескен басқару – ортақ жауапкершілік» атты жобасы жергілікті мемлекеттік басқару, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Ауылдық жердегі сұранысқа назар аудару жергілікті қажеттіліктер мен проблемаларды ескеру және ортақ мақсаттарға жету үшін мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге ұмтылады. Сіз тұратын ауылға не жетіспейді, қандай кәсіпті бастағыңыз келеді? Жалпы, алдағы уақытта нендей іс-шаралардың жүргізілгенін қалайсыздар? Ауыл тұрғындарының белсенділігі қоғамның дамуына да жақсы әсерін тигізеді. Елдік мәселелер көтерілгенде ауылдағы ағайын да үнсіз қалмай ойларын қосып, ашық айта білгені дұрыс. Әсіресе, ауылдың мәселесін шешуге атсалысып жүрген белсенді жастар, азаматтар өз жобаларын ұсыну арқылы түрлі гранттарға ие бола алады. Осы орайда жергілікті жердегі ішкі саясат бөлімі, ресурстық орталығы әлеуметтік жобалар жөнінде толығырақ ақпарат таратуға мүдделі болғаны дұрыс, - деп сөз бастаған «Жайық таңы» ҚБ төрайымы Гүлбаршын Мұштанова халық арасында шағын және орта бизнесті дамытуға арналған түрлі әлеуметтік-экономикалық жобалар туралы кеңінен айтылып, насихатталуы тиіс деді.
Бұдан соң шараға қатысушылар төрт топқа бөлініп, ауылдың жақсы тұстары мен кемшіліктерін жазып, алдағы бес жылда ауылдың тыныс-тіршілігін қалай елестететіндіктерін, қандай нысандар бой көтергенін қалайтындықтарын суретпен бейнелеуге тырысты. Ауылдың жайы мен болашағына қатысты жиында ешкім де үнсіз қалмады. Артықшылығын мақтан етіп, жетіспейтін тұстарын да сөз етті. Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева шекаралық бағдарламалар ауылдағы адам санына қарамай қабылдануы тиіс, елдің шетінде қоныс тепкен аудандар ерекше қолдау қажет етеді десе, Тілеген Керейұлы өзіміздің жерімізден өтетін теміржолдың игілігін көруіміз керек деген маңызды мәселелерді көтерді. Жарық әрі кең сауда үйлері, сұлулық салондары, зейнеткерлерге арналған орталықтар салынса деген ұсыныстар да айтылды. Кейбір анализ сынамаларын тапсыру үшін қалаға жөнелтпей, ауылда тапсыруға мүмкіндік туса, заманауи медициналық құрылғылар келсе деген тілектерін де жасырмады.
Шараның соңғы бөлімінде облыс бойынша қаржы кеңесшісі Әлия Салиева да сөз алып, жергілікті жердің кіріс көлемін арттыру бойынша стратегиялық мақсат-міндеттерге тоқталып, салық базасын ұлғайтудың түрлі жолдарын түсіндірді.
Арайлым Есмағұл
Бөкей ордасы ауданы