5.06.2024, 17:15
Оқылды: 84

Бөрлілік Арыстанбек Қуатов Ресейде өткен аңшылыққа шығатын иттер көрмесіне қатысты

Аңшылық-саятшылық – қазақтың байырғы да қосалқы кәсібінің, сондай-ақ көшпелілер үшін күнкөрістің әрі көңіл көтерудің бір саласы болған.

7060AE0C-6A6C-444F-A612-719759468B92

Жалпы ата-бабамыздың көшпелі өмірінің ажырамас бөлшегіндей дүние. Кейінгі уақытта аңшылықты кәсіп қылғандардың қарасы азаймағанымен, кәсіптің ежелден келе жатқан дәстүрлері өзгеріске ұшырады. Бұл да заманның озығы не тозығы шығар. Бүгінде мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс салатын аңшылық пен саятшылық кәсіптен гөрі спорттық мағынаға ауысқандай.

Әлеуметтік желіден ит жарыстырып, төбелестіріп немесе қыран құсты аңға салудан жарысқан жаңалықтар бірен-саран болса да ұшырасып жатады. Енді бірі дала аңын қызық үшін баудай қырып, онымен бірге суретке түсіп жатады. Табыс үшін ақбөкендерді аяусыз атып жатқандар қаншама? Иә, бұл бөлек әңгіме. Біздің жазбағымыз аңшылықты ата жолымен ұстап келе жатқан азаматтар туралы болмақ.

Ауылдан шыққан қазақтың қара домалағы Арыстанбек Қуатовтың бала арманы – күшік асырап, аңшылыққа шығу болатын. Мезгіл-мезгіл әкесімен үйрек-қоянға шығатын бозбала ер-жігітке жарасар істің мән-жайын ересектерден артық болмаса, кем білмейтін дәрежеге жетті.

31C664B0-C4B4-4749-94F5-9D93D3E3B957

Айналадағы орман, даланың небір құс пен жануарларының мінез-құлқын, түр-түсін таныған бала сабақтан кейін солардың бейнелерін альбомға түсіретін. Ауыл мектебі, қалалық музыкалық училище, әскер, Қарабах тауларындағы қақтығыстар, жастайынан әкесінен айырылу – өмір сатыларының бірі де бала арманын жоққа шығармады, есесіне бойына ерекше рух беріп, алға сүйреді.

Соңғы жылдары аңшылыққа шығатын иттердің түрі – лайкамен кәсіби деңгейде айналысып жүрген Қуатовтың есімі жергілікті, шет жерлердегі: Башқұртстан, Татарстан, Ресей, Ұдмұртия, Беларусь елдеріндегі лайка асыраушылар, аңшыларға жақсы таныс. Ісі ортақ, мұраты айқын түрлі ұлт пен ұлыстан шыққан батыл жігіттердің ортақ арманы – өздерінің еңбегі сіңген лайка тұқымын шығару, рәсімдеу, өз орталарында етене таныс Тарасюк қорына енгізу. Ол мақсатқа жету үшін, сөз жоқ, көп еңбек атқару керек. Осы орайда, отандық қосалқы аңшылық бағыттары, инфрақұрылымы әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымағанын айта кеткен жөн.

Сол себепті, қазақтан шыққан асыл тұқымды иттерді баптау, сынақтан өткізу, дайындау, одан да басқа бірқатар жұмыс түрлерін тек шет жерлерде өткізу мүмкін.

Арыстанбек Пірмұхамбетұлының ойынша қазіргі кезде аңшылық үлкен бәсеке, саудаға айналып жатыр. «Мылтық ұстағанның бәрі аңшы болмасы анық. Аңшы тек аң атушы ғана емес, ол жан-жануарды суық қолдардан қорғаушы да болуы керек. Шынымен де даланың сұлу және өр жануарларын әр кез қорғап жүру – әрқайсымыздың парызымыз».

Өзінің сүйікті кәсібін жетілдіріп жүрген жерлесіміз тынымсыз еңбек жасауда. Жуырда Ресей Федерациясының Саратов облысында өткен 90-шы мерейтолық аңшылыққа шығатын иттердің көрмесіне қатысып келді. Баптап шығарған қос серігі – батыс-сібір лайкалары Хонда және Кай алтын және күміс алқаларын иеленіп, сарапшылар тарапынан бірауыздан «өте жақсы» деген баға алды.

Жалпы, көрмеге 400-ге жуық асыл тұқымды иттердің оннан астам түрі, соның ішінде яктерьер, пойнтер, спаниель, лабрадор – ретривер, эстондық тазы, құмай тазы, ауған тазысы, дратхаар, кокер спаниель, курцхаар, фокстерьер, орыс тазысы, лайканың бірнеше түрі шығарылды.

Қазақ елінің мәртебесін асырып, ұлттық кәсіпті жаңғыртып жүрген Арыстанбек ағамызды жеңісімен құттықтаймыз! Қолға алған бастамасы дами берсін.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале