11.06.2024, 17:45
Оқылды: 461

Облыс олимпиониктері кімдер? Қазір олар қайда?

Бір айдан астам уақыттан соң Франция астанасы Парижде Oлимпиада алауы тұтанады. Төртжылдықтың басты спорт додасынан қазақ елінің атлеттері де шет қалмайды. Париж төрінде еліміздің әнұранын шырқатып, көк туымызды көкте желбіретер спортшылар да жетерлік. Тек бағы мен бабы қатар шапса болғаны. Күллі қазақ жанкүйері боксшылар мен палуандардың жолына үмітпен қарайды. Бізде Асланбек Шымбергенов, Елдос Сметов, Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаевтардың тілеуін тілеп, тақым қысамыз. Ал облыс жанкүйерлері байдарка және каное есу шебері Мария Бровковаға үміт артады.

C59391B1-3F18-4535-9432-DC1749F0DFD0

Бүгінгі мақалада тәуелсіздік жылдарында өңір спортшылары олимпиадада қалай өнер көрсетті, осы кезге дейін Орал спортының қанша өкілі олимпиадада өнер көрсету мәртебесіне ие болды, Жайық жұртының үмітін арқалап барған спортшылардың қайсысы көңілден шығарлық өнер көрсетті деген сауалдарға жауап іздейміз.

Олимпиадада үмітті ақтаған спотшылар туралы айтқанда ойға ең алдымен Данияр Елеусінов оралады. Иә, Данияр алтын алатын кезде Астана қаласының атынан сынға түсіп жүрді. Бірақ, бокс әліппесін Оралда ашқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті күллі қазақты қуанышқа бөлеген Елеусіновті батыс өлкесінің спортшысы дегенімізде ешқандай сөкеттік жоқ.

860653C8-2901-4DA2-9FFC-1B1C7B5BCADB

Тәуелсіздік алған кезден күні бүгінге дейін қазақ елінің спортшылары 7 жазғы және 7 қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Жетістігіміз жаман емес. Біздің спортшылардың олимпиададағы жеңістері туралы тізіп жазудың қажеті жоқ. Өйткені ашық дереккөздерде барлығы бар. Айтпағымыз облыс спортшыларының олимпиададағы жетістігі турасында. Ендеше кеттік. Сөз олимпиада турасында болғандықтан, қысқы ойындарды да айналып өтпейік. 1994 жылдан осы кезге дейін төртжылдықтың басты спорт додасында өңіріміздің 34 спортшысы бақ сынауға мүмкіндік алған. Ол 34-тің екеуі ғана жүлдеге ілікті. Алғашқысы – әйелдер күресінен сынға түскен Екатерина Ларионова. Ол 2016 жылы Бразилияда өткен ойындарда қола еншіледі. Екінші спортшы – Даниял Гаджиев. Ол – 2012 жылы Ұлыбританияда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

A7F2CC75-C58D-44FE-BB91-CF92DE95DB0F

Одан бөлек 2008 жылы Қытай елінде өткен жазғы Олимпиада ойындарында шетелден тартылған Таймураз Тигиев еркін күресте күміс жүлдеге ие болды. Алайда, допинг қолданғаны үшін оның медалі кері қайтарылды.

Көріп отырғанымыздай, облыс спортшылары олимпиадада жүлдеге ілікті. Бұл жақсы көрсеткіш пе әлде біздің облыс үшін төмен бе – оны қалың оқырман өзі шешеді. Бір айтарымыз, олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік.

Жазғы олимпиада басталар күн жақын. Сондықтан осы кезге дейін облыстың атынан неше спортшы жазғы ойындарда бақ сынады, қайсысы жүлдеге жақын болды, облыста бір емес, бірнеше олимпиадаға қатысқан спортшы бар ма? Соған жауап іздеп көрелік.

Австралия мен Грекия

Өңір спортшысы өнер көрсеткен алғашқы жазғы олимпиада – 2000 жылғы Австралияның Сидней қаласындағы дода. Ғасырлар тоғысындағы олимпиадада өңір намысын қорғаған жалғыз спортшы болды. Ол – садақ ату спортынан 1997 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елена Плотникова. Өкінішке қарай, Сиднейде Лена ханым 47-орынға тұрақтады.

Төрт жылдан соң Грекиядағы ойындарға біздің облыс тағы да бір спортшы аттандырды. Тағы да садақ ату. Афина төрінде Ольга Пилипова атты спортшымыз өнер көрсетті. Ол 2003 жылғы Азия чемпионатының жүлдегері еді. 1983 жылы туған Ольга Грекияда сәтсіз өнер көрсетіп, 48-ші нәтиже көрсетті.

Бейжің

2008 жылы облыс атынан олимпиадаға баратын спортшылар саны күрт өсті. Бейжіңдегі бәсекеде 6 жерлесіміз өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Садақ атушылар әдеттегідей бұл сында да болды. Өңірдегі садақ ату мектебінің жоғары деңгейде болғанын осыдан-ақ көруге болады. Өйткені үш цикл бойы облыс садақшылары олимпиадаға жолдама алып отыр. Бейжіңде садақ атушылар сынында Анастасия Баннова өнер көрсетті. Настя қыз Бейжіңде 35-орынға тұрақтады. Бірақ Баннованың жұлдызды шағы алда еді... Ол туралы тағы айтылады.

Қытайдағы олимпиадада облыс атынан Павлодар тумасы Рустам Куватов өнер көрсетті. 2006 және 2007 жылдары Азия чемпионатынан қола еншілеген спорттық жүріс шебері олимпиадада бар болғаны 42-орынға тұрақтады.

Бейжіңде волейболшы қыздарымыз да өнер көрсетті. Тоғызыншы орын иеленген құрама сапында оралдық Сана Жарылғасова болды. Қазір Сана Анақұлова болып, жолдасының тегін алды. Әлі күнге дейін үлкен спорттағы жолын тоқтатпады. Қазір Сана Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» волейбол клубының лидері.

Қытай төрінде ұлттық құрама сапында болған оралдық спортшылардың ішінде байдарка мен каноэ есуші Алексей Дергунов үлкен үміт күттірді. 2011 жылғы Азия чемпионатында күміске қол созған Алексей Бейжіңде жүлдеге таласады дегенімізбен жолы болмады.

Екілік (парная) каноэде Дмитрий Кальтенбергермен жұп құраған Алексей 12-ші орынға табан тіреді.

Осы олимпиадада бабында болған әйелдер күресінің шебері Ольга Жәнібекова да үмітті ақтамады. Оның көрсеткіші – 13-і орын.

Бейжіңдегі басты үмітіміз еркін күрес шебері Таймураз Тегиев еді. Солтүстік Осетияда туғанымен, Тайпаққа бауыр басқан палуан ел үмітін ақтап, күміспен күптелді. Одан кейін де бірнеше ірі халықаралық жарыстар мен Азия чемпионаттарында сәтті өнер көрсетті. Өкінішке қарай, 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті допинг қолданғаны үшін оның күмісін кері тартып алды.

Лондон

Тұманды альбионға ел намысын қорғауға облысымыздан 7 спортшы аттанды. Алғашқысы садақ ату шебері Анастасия Баннова еді. Бейжіңде 19 жаста болған Настя біраз тәжірибе жинады. 2011 жылы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Бірақ Лондондағы додада жолы болмады. 1/32 финалда мексикалық Аида Романға жол берген Анастасия жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Айта кетейік, Настя әлі күнге дейін үлкен спортты тастаған жоқ.

Бейжіңде бір ғана сынға жолдама жеңіп алған ескекші Алексей Дергунов Лондонда екі қашықтықта жарысуға мүмкіндік алды. Алдымен Евгений Алексеевпен жұп құраған Дергунов 1000 метр қашықтықта 11-ші орынға тұрақтаса, 200 метрде 9-шы болды.

Ұлыбритания астанасында жеңіл атлеттеріміз де жарыс жолына шықты. 50 шақырым қашықтықта сынға түскен спорттық жүріс шебері Виталий Аничкин 49-шы нәтиже көрсетсе, 20 шақырым қашықтықты жүріп өткен Георгий Шейко 35-ші нәтиже тіркеді.

Жоғарыда сөз болған Таймураз Тегиевтің қасына сырттан алдырған тағы бір еркін күрес шебері, дағыстандық Абдулхаким Шапиев қосылды. Өкінішке қарай, бұл екі палуан да үмітті ақтай алмады.

Лондонда өткен олимпиадада грек-рим күресінде сынға түскен Даниял Гаджиев қана қолаға қол жеткізді. Дағыстанда туғанымен, қазақ еліне келіп, осы жақтан екінші отанын тапқан Даниял қазір Алматы қаласында тұрады.

Рио

Лондоннан кейін Бразилияда өткен олимпиадаға Батыс Қазақстаннан бес спортшы қатысты. Алғашқысы – байдарка және каноэ есу спортының шебері Андрей Ергучев. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында К-4 санатында алтын медаль иеленді. Одан кейін де түрлі халықаралық сайыстарда сәтті өнер көрсетіп, Бразилияда өтетін төртжылдықтың басты спорт жарысында ел намысын қорғауға мүмкіндік алды. Андрей Егручев Сергей Токарницкий, Илья Голендов және Александр Емельяновпен бірге төрторындық қайықпен 1000 метр қашықтыққа жарысты. Ол сында біздің спортшылар «В» финалында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Қорытындысында қазақстандық төрттік оныншы орынға тұрақтады.

Одан бөлек, Сергей Токарницкиймен жұп құраған Андрей 200 метр қашықтықта бақс ынады. Онда да ақтық сынға шыға алмағанымен, «В» финалында сәтті өнер көрсетті. Риода өзінің үшінші олипиадасына қатысқан Алексей Дергунов үмітті ақтады дей алмаймыз. Евгений Алексеевпен жұп құрап, 1000 метр қашықтыққа жарысқан Леша мен Женя жұбы қорытындысында 11-орынға тұрақтады.

Сондай-ақ 2016 жылы қос бірдей жеңіл атлетіміз олимпиадада бақ сынады. Оның бірі – спорттық жүріс шебері Георгий Шейко. 20 шақырымға жарысқан Гоша 34-ші орынға табан тіреді. Ал осы аталған спорт түрінде бақ сынаған Полина Репина жарыс жолынан шығып қалды.

Риоға аттанған бес оралдық спортшының біреуі ғана қазақ елін қуанта алды. Ол – әйелдер күресінде бақ сынаған Екатерина Ларионова. 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Катя 1/8 финалда Белорусь елінің өкілі Мария Мамощукқа жол беріп қойғанымен, қарсыласы финалға шыққандықтан жұбаныш белдесуінде күш сынасуға мүмкіндік алды. Алғашқы жұбаныш белдесуінде швед қызы Хенна Иохансонды 5:0, одан соң америкалық Елена Пирожкованы 5:0 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Токио

Қазақстан үшін ең сәтсіз олимпиадалардың бірі – Токиодағы ойындарда құрама сапында үш оралдық спортшы болды. Алғашқысы – үшінші ойындарына қатысуға мүмкіндік алған Георгий Шейко. Әдеттегідей 20 шақырым қашықтықты жүріп өткен Гоша жарысты сәтсіз бастап, алғашқы 6 шақырымнан соң 51-ші орынға түсіп қалған болатын. Бірақ уақыт өткен сайын қарқынын үдеткенімен, жүлдеге ілікпеді. Қорытындысында 39-шы орын. Ал су добы командасының құрамында болған Даниил Артюх пен Павел Липилин команданың 6-шы орынға тұрақтауына өз үлесін қосты.

Париж

Биыл өтетін Париж Олимпиадасына әзірге өңірімізден жалғыз спортшы жолдама иеленді. Ол – ескекші Мария Бровкова. Елдегі жанкүйерлер де, спорт мамандары да Маша қызға үлкен үміт артып отыр. Жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері, әлем кубогі кезеңінің жеңімпазы деген атағы бар Бровкованың бабы келіссе, медаль алатындай қауқары бар. Тек жастығы кері әсерін тигізбесе болғаны.

Алдағы уақытта садақ ату шебері Алина Ильясова мен тәжірибелі жеңіл атлет Георгий Шейко жолдамаға таласады.

Алина маусымның 15-16-сы күндері Түркияның Анталия қаласында олимпиадаға іріктеу турнирінде бақ сынайды. Ал Георгий өзінің төртінші олимпиадасына қатысу үшін маусымның 22-сі күні Ирландияда өтетін жарыста қажетті ұпайды жинауы керек. Егер Георгий Шейко жолдама иеленсе, тәжірибелі спортшы олимпиадада барын салады деуге негіз бар. Бірақ алдымен жолдаманы ұтып алу керек.

Көріп отырғаныңыздай, әзір Парижде өңір спортының намысын жалғыз Мария қорғайды. Қалай болғанда да, олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік. Ендеше, Парижде жолыққанша!

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале