11.06.2024, 15:45
Оқылды: 79

Еңбек шыңына шыққан тұлғалар ескерусіз қалмайды

Мереке ауылында Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, ауыл экономикасының дамуына өзіндік үлестерін қосқан Тасқала ауданының «Құрметті азаматтары» Теміреш Жанжігітов, Семғали Ақжігітов пен Сұлуқия Сарқұлованы еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті.

835684E1-2ED3-456B-82E2-B5377A8428F9

Аталмыш шара марқұмдардың 100 жылдығына арналған болатын.

Оған аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, ауылшаруапшылық ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі Табылғали Сапаров, ҚР жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Тасқала ауданының «Құрметті азаматы» Айтқали Нәріков пен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Хамида Қожабергенова арнайы қатысты.

Алдымен қонақтар мектеп мұражайында болып, тарихи деректермен танысты. Содан соң мектептің акт залында өткен дөңгелек үстелде бас қосты. Жиында алғаш болып сөз алған  аудандық мәслихат төрағасы Жанар Нұрболатқызы жиналғандарға қош келдіңіздер айтып, шараның маңыздылығына тоқталды. Ел үшін еңбек еткен осындай тұлғаларды еске алып, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау парыз екенін тілге тиек етті.  

Содан соң ауыл әкімі Мэлс Нәріков Мереке ауылының тарихына тоқталып, елдің өсіп өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері мен әр жылдары сол ауылға басшылық еткен тұлғаларды атап өтті. Айта кетейік, Семғали Ақжігітов 1962 жылдан бастап Крупский атындағы кеңшарды басқарады. Семғали Жұлдызұлы ел басқарған кезде кеңшардың экономикасы аяғанан нық тұрып, ауылшаруашылығы саласының өнімділігі артады. Құрылыс қарқынды дамыды.

9512505B-B825-43ED-82AF-E7F5C7FFBCB5

Тұрғындардың әл-ауқаты жақсарды. Ауылда бой көтерген мектеп, мәдениет үйі, бала бақша мен ФАП, және көптеген тұрғын үй Семғали Ақжігітов басшылық жасаған кездері іске асты.

Ал мал шаруашылығының дамуында майдангер атамыз Жанжігітов Теміреш Телғараұлының еңбегі өте зор болды. Теміреш атамыз 1957 жылдан бастап кеңшардың бас зоотехнигі болып қызметке тағайындалып, зейнетке шыққанша осы шаруашылықта еңбек етеді. 1960 жылдардың аяғында КПСС Орталық Комитеті мен Кеңес Үкіметі алдағы жылдары Қазақстанда қой мен ешкі санын кемінде 50 миллионға жеткізу міндетін қойды. Ол жөнінде Л.И.Брежнев Алматыда Қазақ КСР-не Халықтар достығы орденін тапсыру кезінде «бұл міндеттің мемлекеттік маңызы зор, деді ол үшін бір кездері тың игеруді қолға алғанымыздай, кідіріссіз, табандылықпен күресуіміз керек» деген болатын.

Соның аяғын ала Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1967 жылғы 4 тамыздағы N 560 бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысындағы етті-жүнді қой отарларын құрудың жалпы нұсқамасы шығып, ол тапсырманы орындау Қазақ ғылыми-зерттеу институтына жүктелді. Осы бұйрық бойынша 1968 жылдан бастап кеңшарда қой түрлерін будандастыру арқылы типтендіруге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстың басы-қасында шаруашылықтың бас зоотехнигі Теміреш Телғараұлы жүрді, - дейді Мэлс Жасанғалиұлы өз баяндамасында.

27BA20F1-60CD-4400-82EA-E1CB59DD285B

Бұл екі тұлға туралы аудандық «Екпін» газетінде арнайы мақала да жарық көрген болатын.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар кезекпен сөз алып, марқұмдар жөнінде жақсы әңгіме өрбітті. Олардың білікті басшы, керемет маман болғанын тілге тиек етіп өз естеліктерімен бөлісті. Мектептің акт залында аталмыш тұлғалар жөнінде көрме ұйымдастырылды. Содан соң, дөңгелек үстелге жиналғандар зират басына барып, марқұмдардың рухына құран бағыштады. Ас берілді. 

Шараның екінші бөлімі ауылдық саябақта ауылшаруашылығы қызметкерлерінің арасында шағын футболдан ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтантымен жалғасты. Турнирге Ақтау, Оян, Тасқала, Мереке мен көршілес Казталов ауданының Көпкүтір ауылының командалары қатысты. Спорттық шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Еске алып жатқан марқұмның ұрпақтары Табылғали Сапаров, Айтқали Нәріков пен Хамида Қожабергенованың  иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жарыс нәтижесінде мерекелік футболшылар намысты қолдан бермей, жүлделі 1 орынды жеңіп алса, Оян ауылының командасы ІІ орын, Көпкүтір ауылының командасы ІІІ орынға жайғасты. Ойын барысында 7 голдың авторы атанған Көпкүтірлік Нұрдәулет Бисенғалиев «Үздік шабуылшы», мерекелік «Жәңгірхан» шаруа қожалығының басшысы Жарқын Альмурзин үздік қақпашы атанды.

Ойынға қатысқандары үшін Ақтау, Мерей командаларына 5 000 теңгеден ақшалай сыйлық ұсынылса, төртінші орынға табан тіреген Тасқала командасына қаржылай 15 000 теңге сыйлық берілді. Ал І,ІІ,ІІІ орын алған командалар Тасқала аудандық спорт клубының медаль-кубоктарымен және демеушілер есебінен қаржылай сыйақымен марапатталды.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале