13.06.2024, 16:45
Оқылды: 77

Түркі дегеніміз кімдер? Олар қалай пайда болды?

Шыққан тегін, түп-тұқиянын тануға біздің халық ерекше ықыласты  жұрт. Бүгін  назарларыңызға ұсынылып отырған мына тарихи сипаттағы көлемді мақаланың ауторы Нұрлыбек Бірманов та аталмыш бағытта біраздан бері ізденіп жүрген азамат. Ол өзінің пікір-пайымдарын бірнеше тарихшы ғалымдардың тарихи еңбектеріне сілтеме жасай отырып негіздейді. Оқып, ой түйіп, пікір білдіремін десеңіз, әрине, мархаббат!

Редакция алқасы

E691BEF3-37F3-4072-B4B6-13DF6411521D

Нұрлыбек Бірманов, зерттеуші

Бірінші мыңжылдықтың орта шамасында Алтай тауынан Каспий теңізіне дейінгі аралықта көне түркі тайпаларының одағы құрылып, мемлекеттің іргетасы қаланды. Түркілер кімдер және олар қайдан келді? Осындай сұрақтарға осы зерттеу материалымызда жауап беруге тырыстық.

VI ғасырда қытайлық тарихшылар қағазға түсірген түрік аңызы бойынша түркілердің ата-бабаларын көршілес тайпа жауынгерлері қырған. Олар батпақты аймақта тұрған. Он жасар бала ғана тірі қалған. Оның қол-аяғын жау шапқан. Баланы қасқыр асыраған. Кейін сол қасқыр оның әйеліне айналған. Дұшпан ақыры баланы өлтіреді. Ал қасқыр Тұрфанның солтүстігіндегі тауларға (Шығыс Тянь-Шань) қарай қашады. Сол маңайдағы үңгір ішінде қасқыр он ұл туады. Қасқырдың ұлдары тұрфандық әйелдерге үйленеді. Оның бір немересі Ашина жаңа рудың көсеміне айналады және сол руды өзінің есімімен атайды. Кейін Ашина руының көсемдері өз туыстарын Алтайға бастап барады. Сол жердегі жергілікті тайпаларды басқарып, түркі атауын алады.

Негізінде бұл – аңыз. Сөйте тұра, «Аңыз түбі – ақиқат» деген де бар ғой. Тарихи деректер мен археологиялық зерттеулерге сүйенсек, түркі тілдес тайпалар ықылым заманнан өмір сүрген. Ортақ тілі болған. Тайпалар шыққан тегі және қоныстанған аймағына байланысты аталған. Бұл азиялықтарға ғана емес, еуропалықтарға да тән құбылыс.

Халық көбейген сайын олар ортақ шешімге келіп, тайпа мүшелерінің бәріне ұнайтын ортақ атау таңдаған. Азия мен Қытай және Орталық Азияның жоғары жағын мекендеп, сол аймақтардан шыққан түркі тілдес рулар мен тайпалардың алғашқы даму аумақтарын нақтылай отырып, біраз шегініс жасайық.

Археологиялық зерттеулер мен көптеген саяхатшылардың, тарихшылар мен жазушылардың алдыңғы мыңжылдықтардағы және жаңа дәуірдегі жазба деректерінде түркі тілдес халықтардың арғы тегі мекендеген жердің белгілі шекарасы бар. Олар Орал тауының батысының төменгі жағынан сәл жоғары, Сырт тауынан Еділге дейін, Еділден Каспий теңізіне дейін, одан әрі оның шығыс бөлігін бойлай Копетдаг жотасына дейін, Тұран ойпатын, соның ішінде Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысын басып алады. Одан әрі шығысқа қарай Тянь-Шаньның солтүстік бөлігін бойлап, Жетісуды алып, Сасықкөл, Алакөл, Ебі-Нұр көлдерінен өтіп, Үрімжі шөліне кіріп, Тұрфан алқабын, Моңғол Алтайын, жотасын басып алды. Хангай, Ұланбатыр қаласының батысына қарай жоғары көтеріліп, Байкалға жетеді. Содан кейін Лена өзенінің сол жағымен Орталық Сібір үстіртіне тіреледі. Оны Батыс Сібір жазығы арқылы шектейді. Орал тауларының ортасына дейін жетеді. Жоғарыда айтылғандардан көрініп тұрғандай, батыс бөлігінен басталып, үлкен сақина құрайтын орасан зор аумақ Орал тауының шығыс бөлігімен аяқталады және ол түркі тілдес халықтардың атақонысы болып табылады.

Орта ғасырлардағы кейбір еуропа және орыс тарихшыларының, сондай-ақ бүгінгі бірен-саран зерттеушілердің Еділден бастап, қазіргі Батыс Қазақстанға дейінгі аумақты иран тілдес көшпенділер мекендегені туралы саясиландырылған және жарамсыз мәліметтері бар. Археологиялық және шежірелік зерттеулер бұл аумақтарды мекендеген ежелгі скифтер, сақтар, сарматтар, массагеттер түркі тілдес болғанын және иран тілдес халыққа жатпайтынын көрсетті. Жоғарыдағы аңызда айтылғандай, түріктердің шығу тегі Шығыс Тянь-Шаньмен байланысты.

Қытайдың тарихи шежірелерінде де солай баяндалады. Онда III ғасырдың соңы, IV ғасырдың басында Нань-Шаньның солтүстігіндегі аймаққа қоныс аударған бір топ ғұн тайпалары IV ғасырдың аяғында Тұрфан өңіріне қуылады. Ол жерде ғұндар 460 жылға дейін шыдап, тұрады. Сол жылы моңғол тілді жуань-жуаньдардың (аварлар) шабуылына ұшырап, дүние-мүліктерінен айырылады. Ал қолға түсіп, берілген ғұндар Алтайға қоныстандырылды. Қоныс аударушылардың ішінде Ашин тайпасы болып аталған, шамамен біздің заманымыздан бұрын ІІІ-V ғасырларда Алтайдан Турфанға дейін орналасқан батыстан келген рулар болған.

Көптеген тіл мамандары мен тарихшылар «ашина» сөзінің шығу тегін көп нәрсемен байланыстырады. Кейбір адамдар аңызды зерттей отырып, оны моңғол тілінің «қасқыр» дегенді білдіретін шоногино сөзінен шыққан дейді. Онда неге қысқартылған «Ашина» емес, «Ашоногино» деп атамасқа. Алдындағы «А» әрпі қытай тіліндегі префикс ретінде көрсетілген, яғни «асыл қасқыр» деген сөзге қатысты дейді. Мұның бәрі түркі тілдерінің негіздерін білмеуден туындайды. Түркі халықтары, оның ішінде қазақтар да есім қоярда оның шығу тегіне, өмір салты мен тұрмыс-тіршілігіне мән береді. Сондай-ақ олар сол есімді қою арқылы адамның, халықтың болашақ тағдырын, әрекеттерін алдын ала болжап, ырымдап қоюға тырысады. «Ашина» сөзінің негізі түркі тілдеріне ортақ, қазақтың «Алшын» сөзінде жатыр. Екі мың жыл артта қалса да, кейбір қазақтар өздерін әлі күнге солай атайды. Ауызекі тілде «алшын» сөзі айтылса, «л» әрпі көпшілікке, әсіресе, өзге тілде сөйлейтін халықтарға қиын естіледі.

Негізінде «Алшын» сөзі – ал – алу, қол жеткізу; шын – шың, биіктік, ең жоғарғы жетістік деген сөздерден тұрады. Жалпы, бұл «ең жоғары жетістіктерге қол жеткізетін» адам немесе халық дегенді білдіреді. Осылай болған жоқ па? Алшындардың (Ашинов) ұрпақтары көптеген халықтар мен мемлекеттердің басшысы болды. Қалибек Данияров өзінің кітабында («Отан тарихы». Алматы: Иль-Дан, 2000 ж.) былай деп жазады: «Алшындардың шығу тегінің көнелігі туралы мағлұматты біз көрнекті ғалым С. Плетневаның «Хазарлар» кітабынан табамыз: «VI ғасырдың екінші жартысында Азия құрлығында түркілердің ең қуатты әулеттерінің бірі Алшина (Ашина – Қ.Д.) бастаған ұлы держава – Түрік қағанатының құрылуымен ерекшеленді».

...VI ғасырда құрылған Түрік қағанатында қазақтың Алшын мен Дулат (Дулу) рулары жетекші рөл атқарғанын білеміз. Ел астанасында тұратын Алшындар Жошы ұлысы мен Қазақ хандығында үлкен рөл атқарды. Шындығында, «Алшын» сөзі 460 жылдан кейін жуань-жуаньдардың қысымымен Шығыс Тянь-Шаньнан Алтайға ығыстырылған, өздерін қазақпыз деп санайтын, біріне-бірі туыс бірнеше рудың ортақ атауы. Жаңа жерде өздеріне ұқсас жергілікті (біртілді) рулар мен тайпалардан ерекшелену үшін «Алшын» атауын алған.

Алшын руының қасқыр анадан шыққаны туралы әсерлі аңыз, меніңше, қайсарлық, ерекшелік, Табиғат-анамен байланыс және әртүрлі қиыншылыққа төзуге шақыру бағытында құрылған. Шығыс Тянь-Шань мен Алтай түркі тілдес тайпалардың атақонысы екенін археологтар да нақты дәлелдермен, археологиялық заттай айғақтармен растайды. Біздің заманымыздың VI ғасырында түрік атауын таңдаған, тілдері ортақ тайпалар мен халықтар түркі тілдес халыққа айналды. Кононов Андрей Николаевич (1906-1986) – түркітанушы, КСРО Ғылым академиясының академигі (1974), түркітану, соның ішінде көне түркі тілдері, шығыстану тарихы туралы еңбектерінде бұл бастапқыда саяси термин болғанын айтады. Үстем рулық Ашина тайпасын құрайтын дала ақсүйектерінің отбасы мүшелері, содан кейін ғана Түрік қағанына бағынатын барлық тайпалардың атауы болды. Және ол бұл туралы дұрыс айтады. Қазақтарда басқа да көшпелі халықтар сияқты ертеде тайпа, ру аттары көбінесе олардың тұрмыс-тіршілігінің, өмір салтының, әскери стратегиясы мен тактикасының ерекшелік белгілеріне қарай анықтауыш сөздер арқылы берілген.

Қазақтың «төркін» сөзі этникалық әкенің әулеті дегенді білдіреді. Қазақ белгілі бір адамның ұрпағын түгелдей төркіндер дейді. Демек, біз туыспыз. Әрине, шығу тегі, тілі ортақ тайпалар мен рулар төркін (туыс) болып табылады. «Төркін» сөзі бұрын да, қазір де халықтың ынтымағын жарастырып келеді. Уақыт өте «Төркін» сөзі төрк (түрік) сөзіне айналды. «Түрік» этнонимінің алғаш рет айтылуы қытай жылнамаларында ұшырасады және ол 542 жылдан басталады. Еуропа жылнамаларында түркілер туралы алғаш рет 568 жылы Түрік қағаны Сильзибул (Истеми) Юстинаға елшілік жіберген кезде Византия тарихшылары Менандр мен Феофан баяндаған. Демек, осы уақытқа дейін түрік сөзі тарихи шежірелерде ұшыраспағанға ұқсайды. Ол қазіргі Қазақстанның батысынан шыққан тайпалардың саяси одағы ретінде V ғасырда пайда болған Алшын сөзінен кейін қолданысқа енді.

Алшындар өз ортасына, шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі, тілі ортақ тайпалар мен руларға қатыстыра отырып, анағұрлым маңызды біріктіруші төркіндер (туыс) сөзін табады. Бұл сөз барлығына өте жақын болып шықты. Сол кезеңде әр тайпа, ру өз атымен қала алатын. Сол себепті «түркі» сөзі түбірі, тұрмыс-тіршілігі, тілі ортақ көптеген түркі тілдес халықтарды біріктіретін атау болды. Тұрфаннан Алтайға өздерін «алшындар» деп атаған қоныс аударушылар келген кезде бұл аймақта бұрын ғұн қоныстануы кезеңінен қалған көптеген түркі тілдес тайпалар өмір сүрген.

«Алшындар», соның ішінде шеркештер (черкестер) жаңа аумақтарды қарқынды түрде игеріп, кен өндіру мен металл өңдеуді қолға ала бастады. Оған дәлел Қатунның оң жақ саласы Черкеш өзені және сол маңдағы Қойыс ауылы. Шеркештерден тараған бес рудың бірі – Қойыс деп аталады және ол күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Қазір Алтайда черкестер тұрмаса да, Черкеш (Чечкеш) өзені мен Қойыс ауылының аты әлі күнге дейін сақталған.

Жергілікті түркітілдес тайпалармен шығу тегі мен ті-лі ортақ Алшын ұрпақтары оларды өз құрамына көбірек тарта отырып, «түркі» деген атаумен үлкен тайпалар бірлестігін құрады. Кейінірек түркі тілдерінде сөйлейтін тайпалардың ең ірі бірлестігі – оғыз тайпалық одағы. Олардың негізгі аумағы Жоңғария мен Ханғай таулары болды. Алшындар кейбір оғыз тайпаларын өзіне бағындырып, солардың есебінен күшейіп, өздерінің жуань-жуаньдық билеушілеріне қарсы көтеріліс жасады. Жуань-жуаньдардың соңғы қағаны Ана-хуань шайқаста жеңіліп, өзін-өзі өлтірді. Оның соңғы сөзі Бумынға арналды: «Сен менің қолбасшым едің». 551 жылы Бумын (Момын) жужандарды жеңіп, «Илхан» (халықтардың билеушісі), содан кейін қаған атағын алды. Бұл Түрік қағанатының басталуы еді. Келесі кезекте «Ұлттардың ұлы энциклопедиясы» (Мәскеу 2007, «Ольма Медиа Групп» ЖАҚ) кітабындағы қазақтар туралы мақаладан үзінді келтіргім келеді:

«Қазақтар» (өз аты қазақ) – негізінен Қазақстан Республикасы мен көршілес елдерде (Ресей Федерациясы, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Тәжікстан) тұратын халық. Дінді ұстанушылар – сүннеттік мұсылмандар. Қазақтардың шығу тегі Орта Азия мен Қазақстанның ежелгі иран тілдес халқы мен көшпелі түркі тілдес тайпалар – гундар, жуань-жуаньдар, телелер, түргештер, азгештер, т. б. Түргештер мен оларға туысқан азгештермен (түркі тілінде: Азкиштер) ерте орта ғасырлардағы араб ауторларының пікірінше, Қап тауларына еніп, абхаздармен бірге қоныстанған. Олардың қалыптасуында қыпшақ-қимақ тайпалары жетекші рөл атқарды. ІХ-Х ғасырларда Қимақ хандары қыпшақтардың жерін басып алып, Қимақ қағанатын құрады. Дәл осы кезеңде қыпшақтар құмандар және печенегтер жерін басып алды. Құман тайпалары Сиру-Калпей, боро және басқаларды Шығыс Еуропаға, соның ішінде Солтүстік Кавказ далаларына қоныс аударды.

Х ғасырда печенегтер мен кундердің көшпелі жерлеріне қоныс аударуға мәжбүр болған оғыз тайпалары Оралдан ығыстырылды. Оғыз (немесе уз) тайпаларының кундармен және печенегтермен араласуы оңтүстік орыс даласында түркі тілдес тайпалардың – берендейлердің, қара клобуктардың және түркілердің қалыптасуына әкелді. Олар ежелгі орыс тарихында үлкен әскери-саяси рөл атқарды. Бұл тайпалардың кейбіреулері соңғы орта ғасырдың басында черкастар, бурчевичтер және басқа да атаулармен белгілі болды.

Қазақ даласында қалған қимақ, қыпшақтар, кундар, оғыздар және басқа да тайпалар ежелгі қазақ халқының бастауы болды. Қазақ халқының түпкілікті қалыптасуы XV ғасырға сәйкес келеді. Оның құрамына үш көшпелі бірлестік (жүз) – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз кірді. Мемлекет болып қалыптасқанына қарамастан, қазақ халқы өздерінің қай рудан шыққандығын жақсы біледі. Бұл қазақтардың тарихын зерттеуге, олардың қалыптасуына қатысқан халықтарды анықтауға айтарлықтай көмек көрсетеді».

Менің ойымша, бұлай қысқа да нұсқа жазу кез келгеннің қолынан келмейді. Мақалада бастапқыда қазіргі Қазақстан шекарасын мекендеген тайпалармен қоса, көне дәуірде, яғни Х ғасырға дейін оңтүстік орыс даласын мекендеп, өздерін қазақтар деп атаған черкес және бурчевич тайпалары – ежелгі қазақ халқының түп негізі болғаны айтылады. Белгілі академик ғалымдар, профессорлар, тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары бірлесе жазған «Ұлы халық энциклопедиясы» қазақ халқының көңілінен шығу үшін емес, біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында сақталған нақты деректер негізінде жазылған.

«Қазақ» және «шеркеш» сөздерінің шығу тегі тақырыбын жалғастыра отырып, айта кету керек: «Қазақ» сөзі біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықтың ортасында пайда болып, қолданылған. «Қазақ» сөзі – халықтың табиғи, төл атауы. Қыпшақ-араб сөздігінің (1245 ж.) семантикалық аудармасында былай дейді: «Мұрадан өз еншісін алып, бөлек отау (ру, тайпа, халық) иесіне айналған нағыз «қазақ» – «нан табушы». «Қаз» (қазу) сөзі «Табу» (табушы) сөзінің синонимі. «Ақ», «Нағыз» және «Қас» сөздері синоним сөздер. Олардың орыс тіліндегі мағынасы «шын», «шынайы», жалпы алғанда «нағыз асыраушы», яғни отбасын, руын асырауға дайындалған, өсірілген еркек дегенді білдіреді. Бұл туралы Николай Ульянов өзінің «Украин сепаратизмінің шығу тегі» кітабында жақсы жаз-ған:

«Замандастардың көзқарасында жеке казактар да, олардың бүкіл бірлестіктері де «табушы» сипатына ие болды. Олар әйел ұстамайды, жер жыртпайды, мал шаруашылығымен, аңшылықпен және балық аулаумен шұғылданады. Одан ертеде көрші халықтардан алған олжамен күн көрген». Казактарша қарақшылық ету – күн көрудің ерекше әдісі болды, қылыш егіншіліктен көп пайда әкел-ді. Меніңше, осы тұста «табушы» сөзінің мағынасы ашыла түсіп, «қазақ» атауының шығу тегі туралы сөзіме дә-лел  болған  сыңайлы.

Әлі күнге дейін ел арасында ісі сүйсіндірген ерлерге «Нағыз қазақ екенсің!» деген мақтау лебіз жиі айтылады. Нағыз қазақ (нағыз асыраушы) отбасына, руына, халқына күнкөріс пен жақсы жағдай жасаумен айналысады. Бұл жаңа жерлерді игеру (жайылымдар мен шабындықтар), аңшылық пен балық аулау, жаугершілік соғыстар, қарақшылық пен адамдарды тұтқындау болуы мүмкін. Оларға мұны бала кезінен үйреткен. Қытай, Парсы (Иран), Араб, Еуропа  елдерінің, соның ішінде Ресейдің де көптеген саяхатшылары, шежірешілері мен тарихшылары қазақтардың күнделікті жұмысты (егіншілік, қолөнер, т.б.) ұнатпайтыны және айналыса алмайтыны жазылған. Олар тек қару асынып аңға немесе жауға аттанғанды құп көреді делінген.

Алғашқы түркі тілдес дала көшпенділері өздерінің тайпаларын әкесінің, ата-бабасының, олар тұратын немесе өмір сүрген аймақ атымен атай берген.

Сондай-ақ жекелеген рулар, тайпалар мен халықтарға достық қарым-қатынастағы немесе жауласушы тайпа-рулар атау беретін болған. Қарым-қатынастарына қарай бірі жақсы атпен, бірі жаман атпен атап кеткен. Алайда Алтайдан Дон мен Днепрге дейін өмір сүрген түркі тілдес көшпенділердің барлығы өздерінің қай әлеуметтік топқа жататынын, ортақ мүдделері, құндылықтары мен «қазақтарға» ғана тән мінез-құлық қалыптары  (нормалары) бар екенін ешқашан ұмытқан емес.

Мен орыс тарихының атасы Н. Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» (Мәскеу, «Ольма-пресс», 2003) кітабында былай деп атап көрсеткен мәлімдемесімен ойымды жинақтағым келеді: «Келесі кезеңдердің тарихында біз Орданың, Азовтың, Ноғайдың және басқа да аймақтардың казактарын көретін боламыз: бұл атау кейін түрік лексикасына сілтеме жасап айтқандай, қарақшы дегенді емес, азат, шабандоз, батыл дегенді білдіреді. Еркіндік үшін, Отан үшін, сенім үшін жанын қиған батырларды осылай атаған».

Бұл сөздерді келесі деректер дәлелдей түспек. 1887 жылы Алтайдағы Тұран қаласының жанындағы Тұран-Ұйық ойпатынан VII-VIII ғасырларға жататын 6 жолды мәтіні бар тас бағана табылды. Ондағы жазудың мәнін  қазақтың ұлы лингвисі Алтай Сәрсенұлы Аманжолов ашты: «Қазқағым оғылым» менің табушы-ұлдарым дегенді білдіреді. «Қазғақ» – табу, асырау, «оғлым» – ұлдарым. 1974 жылы сол Алтайдағы Ұйық өзенінің түбіндегі «Оозақ» шатқалында көне түркі жазулары бар тағы бір тақта тас табылды. Онда «Қазғақты» жай сөз емес, халық деп атайды. Ал түркі халықтарының ішінде ол сөзге ең жақыны – «қазақ».

Енді «черкеш» этнонимі туралы айтайық. Көптеген тарихи деректерде Х ғасырдан бастап черкастар туралы жазғанда оларды қазақтар деп, ал қазақтар туралы жазғанда керісінше көрсеткен.
Х ғасырға дейін де, одан кейін де қазіргі Ресей мен Украинаның оңтүстігінде тұратын барлық түркі тілдес тайпалар үшін жалпы атау girgaz – «черкес» этнонимі болды. Ежелгі заманнан бері осы тайпаның танымалдығына байланысты, олардың қолбасшыларының (батырлар мен билердің) арқасында олар черкастар деп аталды және олар қай жерде өмір сүрсе де биікке шығып, билік басына көп көтерілді. Олардың арасында Мысыр сұлтандары мен Алтын орданың ханы (Черкес қажы) да бар.

Орыс казактарының құрылуына негіз болған – черкес қазақтары. Адыгей-абаздардың (бесленейлердің) бір бөлігі негізгі құрамынан бөлі-ніп, князьдері қазақ-черкес этникалық тобына жататындықтан черкес деп атала бастады. «Черкеш», «шеркеш» сөзінің түп негізі «жеркез» сөзінен шыққан. Яғни, іздеуші (аңшы), нақтырақ айтқанда, жер іздеуші. Ел кезіп жүріп, өмір сүруге және дамуға ыңғайлы мекен іздейді. Көшпелі мал шар-уашылығымен айналысқан жанның алдындағы басты міндет – мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы, шұрайлы жер іздеу. Оған дәлел, Алтайдан Еуразия арқылы Африка Мысырына дейінгі черкес деп аталатын аймақтың, өзендердің, т. б. топонимдері. Бұл туралы Е. Бекмұхамедовтің кітабында (Мұхамеджан Бекмохоммедов; Алматы, 2018 «Заман Принт») жақсы айтылған.

«Егер Алтайда Беріш, Кете, Алтын, Шөмекей, Кердері және басқа рулардың атауларына сәйкес келетін көне топонимдер кездессе, М. Тынышпаевтың «Қазақ халқының тарихы» (Алматы, «Санат», 1998 ж.) кітабында атап өткен Катун-Черкиштің саласы черкестердің (шеркештердің) ежелгі мекені деп болжауға тиіспіз. Беріштер сияқты черкестердің шығыстан батысқа қарай ілгерілеу жолы географиялық тұрғыдан өте анық жазылған: Шерегеш (Кемерово облысы), Чаркеса (Ферғана аңғары, Өзбекстан), Черкасское, Черкесовский (Саратов облысы), Сердекс (Киров облысы), Сергач (Горький облысы), Черкассы, Новочеркасск (Украина), Черкесск (Қарачай-Черкес автономиялық облысы, Ставрополь), Шеркеш (Түркиядағы қала). Тағы қанша топонимдердің атауы өзгертіліп, естен шығып, географиялық карталардан өшірілді?

Бұл топонимдердің барлығы бір нәрсені меңзейді: черкестер – түркілердің түрікмен, қынық, қайқы және басқа да тайпаларымен бірге Алтайдан Мысыр мен Түркияға ұзақ және алыс сапарға шыққан ежелгі тайпа. Түркі тілінен аударғанда Черкеш «чер» және «кеш» сөзінен тұратын сөз тіркесі. Мұнда Чер (шер, жер, кир) жер деп аударылады, ал кеш сөзі «айналып өту», «өту» дегенді білдіреді. Сонымен, «черкеш» сөзі тура мағынасында – «жерді айналып өту» дегенді білдірсе, ауыспалы мағынада «жер барлаушы» дегенді білдіреді».

Қазақтардың шежіресінде Шеркештің (Черкес) әкесі Қыдырсыйық болғаны көрсетілген. «Қыдыр» сөзі аралау, айналып өту, іздеу салу дегенді білдіреді, бұл жоғарыда айтылғандарды растайды.

«Шеркеш» сөзінің тура мағынасы туралы айтқан сөздерім негізсіз емес. Шеркештер ру атауының мағынасынан хабардар болған. Көкейде «Онда неліктен тарихшылар мен тіл мамандары бұған назар аудармады?» деген сауал туындайды. Түсінікті болу үшін мен Черкес тайпасының ескі өлеңін мысалға келтірейін:

Шеркештің жайығы емес Жайқысымыз,

Қылыштың түзуі емес қайқысымыз.

Алашқа қазақ атын таратқан біз,

Келіспес дұшпандармен айтысамыз.

Ал енді АҚШ-тағы Йель университеті тарих кафедрасының оқытушысы Н. Ульяновтың «Сары-көк тұмандағы украин сепаратизмі» атты кітабына назар аударайық. Кітапта ол былай деп жазады: «Олардың жаугершілігіне байланысты «черкес» деп те атады; «чири киши» немесе «чирикиси», түркі тілінен – «жауынгер халық». Черкес этнонимінің шығу тегі осыдан. Түркі тілдес тайпалардың ықпалымен Солтүстік Кавказдағы адыге халықтарына тарады; Скифтер, ғұндар, татарлар, черкестер этнонимдері белгілі бір уақыт аралығында айналасындағы халықтарға үстемдік етуіне байланысты кейде туыс емес халықтарға да тарады. Уақыт өте келе казак және черкес терминдері синонимге айналып, қазіргі казактардың ата-бабалары саналатын болды!».

Қазақ және черкес сөздерінің синонимге айналғаны тек Н. Ульяновтың емес, көптеген тарихшы-зерттеушінің еңбегінде аталады. Рудың, тайпаның, халықтың белгілі бір әлеуметтік мәнін білдіруде қазақ және черкес сөздерінің бір-бірін алмастыратынын көптеген тарихшылар мен ғалымдар әлдеқашан байқаған. Қазақ, черкес сөздері арғы бабаның нақты есімі емес, қоғамдық болмысы. Бұл түрік, алшын сөздеріне де қатысты. Іздеген адам табады, табатын адам іздейді. Яғни, қазақ пен черкес сөздері мағынасы жағынан біріне-бірі байланысты сөздер болып табылады. Жоғарыда келтірілген материалдардан көріп отырғанымыздай қазақ, казак, черкес терминдері біздің заманымыздың Х ғасырына дейін де, одан кейін де тарихта кезігеді.

Бұған дейін келтірілген сілтемелер мен еуропалық және ресейлік ғалымдар мен тарихшылардың еңбектерінен көрініп тұрғандай, түркі-қазақ-шеркеш тіркестері көбінесе бірге жүреді. Мен шеркеш руына жататын қазақ халқының өкілі, біздің тарихшылардың бұл мәселені әлі күнге дейін жақсы зерттеп, жоғарыда келтірілген көптеген материалдарға сүйене отырып, «казак» сөзінің басқалардан емес, қазақтардан алынғанын кесіп айта алмайтынына қатты қынжыламын. Екіншіден, тіліміздегі халқымыздың (этникалық топтың) атауы «казах» деп емес, қазақ сөзімен жазылуы керек екенін нақты айту керек. 1930 жылдары бұл кеңес басшылығы республикамыздың жергілікті билігінен бұл мәселені қайта қарауды шұғыл түрде өтінді. Осыған байланысты тиісті қаулы пайда болды. Бұл жарлықтың күшін жойып, халықтың «қазақ» атын қайтаратын уақыт жетті деп ойлаймын.

ХІІІ ғасырда Дон мен Запорожьенің төменгі ағысында орыс казактары табының қалыптасуы, олардың атауы – шын мәнінде қазақ халқынан алынғанын нақты жеткізу керек. Сақтар, массагеттер, қассақтар, ғұндар, қаңлылар, үйсіндер, түріктер, қыпшақтар, половецтер, алшындар, черкештер (серкесұттар), арғындар, наймандар өркениет-тік даму барысында біртұтас, ірі, елеулі мемлекеттілікке ие болмады.

Дейтұрғанмен, басқа мықты мемлекеттер-дің құрамында бола отырып, 1465-1466 жылдары Қазақ хандығы құрылғанға дейін бүкіл Еуразия кеңістігінде өзінің болмысын жоғалтпады. Өзінің аты мен мәртебесін мықты жауынгер, ру және ұлт ретінде сақтап қалды. Қазақ тарихынан сыр шертетін осы және өзге де мәселелер Орал қаласындағы «Полиграфсервис» ЖШС-ның баспаханасында 2021 жылы жарық көрген «Даңқты халықтың ұлы жолы» атты кітабымда жазылған.

ҚАЗАҚ КСР ОРТАЛЫҚ АТҚАРУ КОМИТЕТІ

ҚАЗАҚ КСР ХАЛЫҚ КОМИССАРЛАРЫ КЕҢЕСІ

РҰҚСАТ

1936 жылы 5 ақпанда

ОРЫС ТІЛІНІҢ АЙТЫЛУЫ ЖӘНЕ ЖАЗЫЛУЫ ТУРАЛЫ

«КАЗАК» СӨЗІНІҢ АНЫҚТАУЫ

Кеңестер Орталық Атқару Комитетiнiң Президиумы және КазАК АКСР Халық Комиссарлар Кеңесi қаулы етсiн:

1. «Qazaq» сөзін орыс тілінде дұрыс айту және дұрыс жазу үшін «казак» сөзінің соңғы «к» әрпі «х» әрпіне алмастырылсын. «Казак» емес, «казах», «Казакстан» емес, «Казахстан» және т.б.

2. Барлық кеңес, шаруашылық және қоғамдық ұйымдар осы қаулыны мүлтіксіз орындауға шақырылсын.

ҚАЗАҚ КСР Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары А. Джангельдин.

Орыс тілінен аударған Марлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале