Ақиқаты сол, өмірге келген нәресте әр қылығымен тәтті-ақ. Баланың енді ғана тілі шығып былдырлап сөйлей бастауы да ең керемет кезеңнің бірі ғой, шіркін! Әйтпесе, «Бала тілі – бал» деп халқымыз тегіннен тегін айтпаса керек.
Фото: pixabay.com
Дейтұрғанмен, соңғы кездері бала тілінің кеш шығуы жиілеп жатқаны жасырын емес. Бұл хақында денсаулық сақтау саласының мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығу пайда болуы сынды жайттар бар.
Бұрын саяхатшы А.Янушкевич «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деген екен. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы болған ақын Мағжан Жұмабаев атамыздың тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Неге? Не себеп?
Мәселен, Подстепный ауылының тұрғыны Н. Қуанышқалиева төрт жастағы ұлының сөйлем құрастыра алмайтынын айтты.
– Балам тек жеке дара сөздерді айтады да, ал сөйлемді толық құрастырып, сөйлей алмайды. Ең әуелі аса қатты мән бермедім. Кейін баламның тілі сайрап тұрған қатарластарын көріп, алаңдай бастадым. Содан қаладан логопед тауып, қаралдық. Логопед мамандар түрлі жаттығулар жасап, тапсырма береді екен. Әлі екі ай логопедпен жұмыстанамыз. Нәтижесі содан кейін білінетін болар деп үміт күтудемін, - дейді ол.
Мақала жазу барысында тәжірибелі логопед мамандардың пікіріне де құлақ түрдік. Олардың айтуынша, бала негізінде 1 жаста 10 сөзден артық сөз айтуы керек екен. Бірақ өкінішке орай қазіргі балалар дамуы жағынан кешеуілдеп жатыр. Оған себеп жеткілікті. Бала тілінің кешеуілдеуі тек ата-аналарды ғана алаңдатып қоймай, дәрігерлер мен арнайы педагог мамандардың жүйелі жұмысындағы өзекті мәселе болып тұр. Бүгінгі таңда теледидар жаңалықтары мен ғаламтордағы ақпараттардан ата-аналардың бала тілінің кешігіп шығуы жайындағы шағымы жиі айтылады. Тіпті күнделікті өмір тұрмысында балалардың сөйлеу тіліне мән бермей, уақыты келгенде өзінен-өзі шығады деген сөздерді жиі еститін болдық. Бұл – ата-аналар тарапынан қате пікір. Бала тілінің дамуын жетік білмеген адамзат осындай теріс пікірлерге бой алдырады.
– Рас, қазіргі ата-аналар баласының сөйлеу тілінің кешеуілдеп жатқанын білсе де, 4-5 жасқа дейін немқұрайлық танытады. Сөйтіп мамандардың көмегіне кеш жүгініп жатады. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайлар да кері әсерін тигізеді. Мысалы, нәрестелі болған ата-аналар нәрестенің өз уақытындағы даму кезеңдеріне мән бермеуі салдарынан, сөйлеу тілінің дамымауына жол ашады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің екі тілде сөйлесуі, ата-ананың балаға сөздерді бұзып айтуы, тілі шықпай жатқан бала тілінің дамуын шектейді.
Ата-аналар баласының үш жасқа дейін тілі шықпаса, дабыл қағып, бірден арнайы мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Алдын ала шешім қабылдап, істі құрдымға тастамау керек. Тіл кемістігі бар балаларды дәрігердің назарында ұстағаныңыз жөн. Мамандар ұсынған ем-шараладың қатаң сақталуы негізінде ғана мақсатқа жетуге болады, - дейді Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалім-логопеді Әлия Жұбаниязова.
Айта кетейік, аталмыш мектепте инклюзив кабинеті жабдықталып, арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Кабинет бірнеше алаңға бөлінген. Тінін тарқатсақ, психологиялық алаңда оқушылардың ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған тапсырмаларды орындау үшін құмда сурет салу, саусақ жаттығулары және пішіндерді ажырата білу, түрлі пішіндерді құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Бүлдіршіндер үлгі бойынша ермексаздан бұйымдар жасап, есту қабілетін дамыту үшін аудио нұсқадағы ертегілер тындаса, ал логопедиялық алаңда дыбыстарды қоюға, артикуляциялық жаттығулар жасауға арналған жабдықтарды пайдаланады.
Дефектологиялық бұрышта жыл мезгілдерін, пішіндерді, түстерді ажыратуға бейімделген көрнекі құралдармен жұмыстанады. Әлеуметтік педагог аймағында оқушылардың дамуын, тәрбиесін, білім алуын әлеуметтік тұрғыдан қолдау бар. Сонымен қатар оқушылардың сөздік қорларын дамыту, зейінін тұрақтандыру, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында қуыршақ театры да құрылған.
Әңгіме арасында мұғалім-логопед маман бала тілін дамытудағы түзету жұмысында ұсақ моторикасына әр түрлі қимылдарды орындауды,тыныс алу жаттығулары мен нүктелік уқалау түрлерін жасауды ұсынды.
– Баланың әрбір қимылын қадағалаңыз. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет. Оның денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп. Сөйлеу тілін қалыптастыру жағдайына ата-аналар тарапынан қолдау болса, логопед пен баланың жұмысына оң әсер етеді. Ата-аналар дабыл қағып, үнемі ізденісте болған жағдайда ғана нәтиже шығатыны белгілі, - деген Әлия Жұбаниязова дәрігерлік көмекті ала отырып, логопедтің ұсыныстарын, берілген инструкцияларын бұлжытпай орындау керек екенін тілге тиек етті.
Ал психолог маман не дейді? Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологі Мерхат Әбдірахманов:
– Тілдің кеш шығуы баланың айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын қиындатады. Танымдық процестердің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді. Егер баламен сөйлеспесе, баланың сөйлеуге құлқы болмаса, оның тілінің шығуы да кешеуілдейді. Яғни, баланың сөйлемеуіне ата-аналардың өздері әсер етеді. Тағы бір себеп – жарақат, ауру және мидың зақымдануы немесе баланың анасының құрсағында, болмаса өмірінің бірінші жылында болған жұқпалы аурулар. Есту қабілеті нашар балалардың да тілдері кеш шығады. Өйткені ол басқалардан естігенін нақты қайталай алмайды. Бала психикасының дамуында сөйлеу тілінің орны ерекеше. Ол зейін, ойлау, еске сақтау сияқты психикалық процестермен етене байланысты. Егер сөйлеу тілінің кешеуілдеуі байқалса, баланың ақыл ойының дамуы жасына сай болмайды. Сондықтан бала дамуында барлық психикалық үрдістердің жасына сай дамуы тілінің шығуына өте маңызды, - деп бала тілінің кеш шығуы оның психикасының қалыптасуына әсер ететінін бірден кесіп айтты.
Психолог маман бүлдіршіндер күніне сағаттап теледидардың алдынан шықпай, ал ата-анасы өз жұмысымен әуре болып жүргенде, баланың санасы қажетсіз ақпаратқа толып, ойын қарапайым сөзбен жеткізе алмайтынын да айтып өтті.
– Баланың миы 2-3 жаста пісіп-жетіледі. Ал бұл жастағы балаға соншама ақпарат ағыны тым көп. Егер балаңызды қажетсіз ақпараттан алыс ұстасаңыз, ол соғұрлым ерте сөйлейтін болады. Артық күш-қуатының бәрі тілге, сөйлеуге жұмсалады. Сондықтан баламен мейлінше көп сөйлесу қажет, - деп Мерхат мырза сөзін түйіндеді.
Қазақта «Ырымға сенсең қырын кетпейсің»деген сөз бар. Қазақ халқы баланың тілі шықпай кешеуілдеген жағдайда нағашы жұрты қой сойып, Құран оқытып, сол қойдың тоқ ішегімен баланы қылғындыратын болған. Осындай жоралғы жасалғанан кейін барып баланың тілі шығады екен. Бұл жоралғыны әлі күнге дейін жасап жүргендер де баршылық.
Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады деп бір сәтке ойланып көрдіңіз бе? Біздің бүлдіршіндер су, сүт ішетін бөтелкені, емізікті ұзақ пайдаланғандықтан, кеш сөйлейтін болды. Аузында екі тісі пайда болған сәттен бастап сәби қосымша қою, құнарлы тағамды жеуі керек. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді. «Бұрын балалардың тілі ерте шығушы еді» деп айтып жатады. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені ол кезде құрт жеді, сүйек мүжіді. Қазіргі балаларымыз жеп жүрген тамақтың дені жұмсақ. Қатты тамақты тістеп, мүжіп жемеген соң тістің түбі мен қызыл еті бекімейді. Оның үстіне кей ата-ананың тамақты шайнап беретіні бар. Кішкентай бөбектің ауыз қуысы, бетінің бұлшық еті қозғалып, артикуляция болуы керек. Осындай проблемасы бар отбасыларға логопед маман үйде тек бір тілде сөйлеуге кеңес береді. Қос тіл қатар қолданылатын отбасылардың балаларына көп жағдайда логопедтің көмегі керек-ақ.
Сәбиге бесік жырын айтыңыз, үлкейген соң, көп әңгімелесіңіз. Бұл баланың есту қабілетін, түйсігін дамытады. Бесік жырын айтқан кезде, бала естіген дыбысына еліктеп, соны қайталайды. Бесік жырларының басты ерекшелігі – онда жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қатаң-ұяң-үнді дыбыстардың барлық түрі қамтылған.
Тиісінше, әрбір дыбыс түрін есту арқылы бала анық сөйлеуге бейімделеді. Бұл баланың кейін кей дыбыс түрлерін дұрыс айта алмауының алдын алады.
Ендеше, балаңызға «Ем қонып, тілі тас жарсын десеңіз, арнайы мамандарға, дәрігерлерге қаралып, қала берді жоғарыда айтқан ырымдарды жасап көріңіз, ата-ана!
Айшабибі Мәмет
Теректі ауданы