18.06.2024, 21:00
Оқылды: 268

Ескі затқа екінші өмір сыйлаған

«Шебердің қолы алтын» дейді дана қазақ. Халқымыздың мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтың бірі – қолөнер. Қай елдің болмасын, ұлттық дәстүріне қарап, әрқайсысының кешегісі мен бүгінінен сыр шертуге болады. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен қолөнерді қадірлеу, оны дамыту және келер күнге қалдыру – басты міндетіміз. Мінекей, осынау ұлттық өнерді өлтірмей жүрген жандардың бірі – Ғұмар Жакиев.

InShot_20240618_205234410

Ол – қолының ебі бар балаларды ағаш пен темірден һәм басқа да қалдық заттардан түрлі бұйым жасауға баулып жүрген ұстаз. Хош, сонымен ...

– Кіндігімнің тамған жері – Үлкен Еңбек ауылы. 1971 жылы дүние есігін аштым. Мектеп табалдырығын аттап, ойдағыдай тәмамдадым. Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы. Кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол - патриот емес» деген керемет сөзі бар. Соны ең басты ұстанымым етіп, 1989 жылы әскер қатарына қабылдандым. Отан алдындағы борышымды 1991 жылы өтеп, елге оралдым. Ал 1992 жылы Ақсоғым ауылындағы Восход жалпы білім беретін мектебіне жұмысқа орналасып, дәл қазіргі уақытта осы жерде қызметтемін. Әу баста сурет салып, мектептегі безендіру жұмыстарын қолға алдым. Кейін 1999-2004 жылдар аралығында Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқып, сәндік өнер мамандығы бойынша диплом алдым. Сонымен қатар 2016-2018 жылдары БҚИТУ-дан қосымша денешынықтыру және спорт мамандығын алып шықтым, - дейді отыз жылдан астам еңбек өтілі бар Ғұмар Мағазұлы.

InShot_20240618_205430667

Шебердің ұшқыр қиялынан туындаған дүниелер қарапайым болғанымен, тамыры терең салт-дәстүрімізді насихаттауымен айрықша.

- Ұлан-ғайыр ұлы даланың иесі - Қазақ елі. Өзге ұлттар мен ұлыстардан айшықтайтын ең бірінші кезекте қазақтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрлері екені бесенеден белгілі. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, құрметтеу арқылы біз Қазақстанымызды күллі әлемге таныстыра аламыз. Ата-бабадан келе жатқан ұлттық өнерімізді құрметтеп, насихаттау бүгінде әр қазақтың міндеті десек, артық айтқанымыз болмас. Осы орайда оқушылармен бірлесе отырып торсық, қамшы секілді басқа да ұлттық бұйымдарды жасаймыз. Сонымен қатар әр ұлттық бұйымның атауына тоқталып, қолдану жолдарын кеңінен түсіндіріп мәлімет те беремін, - деген шебер өз тәжірибесімен бөлісті.

Әмбеге аян, бүгінгі таңдағы жаһандық проблемалардың бірі — экология. Адамдардың қолдан жасаған әрекеттерінен жалпы қоғам зардап шегуде. Осы мәселенің алдын алудың бірден-бір жолы - қалдықтарды қайтадан өңдеу. Заман дамыған сайын бұл жұмыстар қолға алынып, түрлі инновациялық технологиялар мен арнайы аппараттар пайдаланылуда. Жалпы, кез келген заттарды кәдеге жарату, яғни олардан екінші бұйым жасау - адамзат үшін қиын емес. Өйткені біздің заманымызға дейін де темірден түйін түйген қолөнершілердің болғаны белгілі. Бүгінде мұндай өнердің мүмкіндіктері де артып келеді.

IMG-20240618-WA0067

Ғұмар Мағазұлы - инновациялық технологиясыз-ақ тұрмыстық қалдықтарды пайдаға жаратуға болатынын дәлелдеп жүрген жан. Оның жасаған заттарын көргенде, құдды бір өндіріс орнында арнайы әзірлеген тұрмыстық бұйым дерсіз. Алайда бұл заттардың барлығы - қарапайым технология пәні мұғалімінің қиялынан туған дүниелер.

Оның айтуынша, тұрмыстық қалдықты кәдеге жаратып, жоқтан бар жасау - жас кезінен қалыптасқан қасиет. Он саусағынан өнер тамған ұстаздың бар арманы - оқушыларға сапалы білім беріп, еңбекке баулу. Ол білім алушыларға қалдық заттарға екінші өмір сыйлауды үйретеді.

Ғұмар Мағазұлы жастардың болашақта өмір жолына қажетті түрлі істерді үйретуден шаршаған емес. Жоқтан бар жасап, ескі заттарға екінші өмір сыйлайтын ұстаздың ісі - көпке үлгі.

Айтпақшы, кейіпкеріміздің жан-жары Розлана апай да ұстаз. Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Шаттыққа толы шаңырақта екі қыз тәрбиеленген. Тұрмысқа шыққан тұңғышы ата-анасының жолын қуып, химия пәнінен дәріс беріп жүр.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале