19.06.2024, 16:15
Оқылды: 123

Бала қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты

Көптен күткен жаз айы келді. Балалар мен студенттердің барлығы да жаз қызығын тамашалап, өз еріктерінше демалыстарын өткізуде. Біреулері ата-аналарымен бірге алыс-жақын шетел асып саяхаттап жүрге, енді бірі ауылдың өзен-көлін жағалап, балық аулап, суға түсіп асыр салуда. Ал енді бірі – кітапхананың оқу залы мен компьютерден бас ала алмай жүргені. Әсіресе сәбилердің қуаныштарында шек жоқ, бассейінге суға шомылып, ойын алаңдарында ойынның қызғына бөленіп эжүр. Мектеп оқушыларының көпшілігі аусым-аусыммен жазғы демалыс лагерьлеріне жол тартты.

BC76C253-B31A-4974-9C24-2F83DF713390

Фото: pixabay.com 

Иә, бұл кез ата-аналардың да арқаларын кеңге салатын уақыты. Бұрынғыдай таң атысымен жүгіріп жүріп, жұмыспен қоса балабақша, мектеп, түрлі үйірмелерге балаларын тасудан босап, тіпті аз уақытқа болса да үзіліс алған кездері.

Әрине, жаз айының өзіндік қызықтары жетерлік, десе де осы кезеңнің балалар үшін қауіпті тұстары да бар екендігі шындық. Мысалы еліміздегі статистика бойынша балалар арасындағы оқыс жағдайлар осы жазғы демалыс кезеңдерінде болады.

Тіпті бала өмірін қиған оқиғалардың да осы кезеңдерде көбейіп кететінін БАҚ беттері жарыса жазып, қауіпсіздік шаралары туралы тиісті орган, мекемелер дабыл қаға бастайды.

«Әсіресе, балалар өздіктерімен далада, аулада от жағуды қызық көреді. Рұқсат етілмеген жерледі таңдап, суға шомылады, тау-тасты аралайды. Кейде тіпті үлкендердің қарауынсыз қалған көлікті айдағанды батырлық деп санайды. Түптің түбінде бұның барлығы да  балалар мен жасөспірімдердің физикалық зардап шегуіне, тіпті кей кезде өмірлерімен қоштасатын оқиғалармен астасып жатады, өкінішті жағдайлар көптеп тіркеледі, - дейді төтенше жағдайлар жөніндегі маман-қызметкерлер.

Жаман айтпай, жақсы жоқ, тіпті балалар арасындағы буллинг, зорлық-зомбылықтың да осы кезеңдерде күрт өсуі мүмкін. Шыңғырлау ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және жасөспірімдер жөніндегі комиссия отырысында, күн тәртібінен мүлде түспейтін мәселе – әлеуметтік жағынан аз қамтылған немесе ата-анасы ішкілікке салынған, қиын отбасыларда тәрбиеленіп отырған жасөспірімдердің мәселесі, жағдайы. Олар үнемі назардан тыс қалмай, қадағалануы, қажет болғанда көмек берілуі шарт дейді комиссия.

Әйткенімен де қате аяқ астынан, балалардың жүгіріп жүріп, сүрініп құлауы, суға түскенде байқаусызда су жұтып немесе суға тұншығуы, газдан, тағамнан улануы, велосипед, скутер айдап жүріп, жолға құлауы күнделікті болып жатады.

Қабаған итке талану фактілері де болмай қалмайды. Себебі ауданда ит-құстың жылдан жылға көбеймесе, азаймасы анық.

 

«Бұл кездері аудандық білім беру бөлімі мамандарының жұмысы бұдан да күрделене түседі. Себебі есепте тұрған отбасылардың балаларын қадағалау үшін жиі рейдтер ұйымдастырылады. Қажет кезде әлеуметтік психологтар барады. Бақылауда ұстайтын оқушыларымызда болады. Балаларын қадағаламайтын, қайда, кіммен жүр, немен айналысуда екенінен бейхабар ата-аналар да бар. Кешкі уақытта балаларды себепсіз үйден жіберуге немесе біреудің үйіне барып, қонып қалуға болмайтындығын түсіндіріп, үнемі айтып отырамыз», - дейді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Мөлдір Аманғалиева.

 

Аудан орталығындағы ауылішілік жолдардың барлығы түгел дерлік асфальттанған. Былайша айтқанда ауыл абаттандырылып, автокөліктер және жаяу жүргіншілер жүретін жолдар, көшелері мейлінше дұрысталған. Әйтсе де, бұл жерде де мәселе тудырып отырған жайт бар. Айнадай жарқырап жатқан асфальт бетімен енді тек қана үлкенді-кішілі автокөліктер ғана емес, балалар, тіпті үлкендердің өздері де «жүгендеп алған» электромобиль, скутерлер әрі-бері зуылдауда. Ал қорқыныштысы сол, жол шетіне жақындап кетсең немесе жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатсаң да оңмен, солдан келіп қалған осындай «көліктерді» көресің. Дыбыссыз әрі тез, әрі кез-келген қалтарыстан өте шығатын шағын көліктерді байқамай қалсаң, абайсызда соғып өтуі немесе сізге келіп соғылып, өзі құлап жатуы да ықтимал. Ал айналаңа жалтақтап қараймын деп сіздің де жол ережелерін өрескел бұзуыңыз, сөйтіп, жол-көлік оқиғасына себепші болуыңыз да мүмкін.

«Жыл басынан бері балалардың электросамакат, электроскутерлерді ережесіз пайдалануы және жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында 10 жасөспірімнің ата-анасы әкімішілік-құқықтық жауапкершілікке тартылды. Ал осындай бір іс аудандық соттың қарауына жіберілді. Әкімшілік құқық бұзушылықпен жауапкершілікке тартылғандарға 10 МРП көлемінде айыппұл салынды», - дейді Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің ӘПБ бастығы, полиция капитаны Серік Бораншиев.

Оған қоса, түнгі уақытта (23.00 сағатқа дейін) кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдырып, олардың көңіл көтеретін ойын-сауық нысандардың қасында болуына мүмкіндік туғызған ата-аналарға 31 әкімшілік хаттама толтырылып, заңның 442-бабы бойынша   жауапкершілікке тартылыпты.

   

Айта кеткен жөн, биылғы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық және әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық кодекске біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені баршаға аян. Аталмыш құжат кеше ғана – 16 маусымнан бастап өз күшіне енді. Бұл заңның бір тармағы негізінде бұрында заңнан тысқары қалған небір мәселелі тұстар ескерілген. Мысалы қазіргі заң бойынша қалалық транспорттан жол ақысын төлей алмағандығы үшін кәмелетке жасы толмаған баланы кез келген жерден бұрынғыдай түсіріп кетуге болмайды.

Жауапқа тартыласыз. Оған қоса балаңызды келесі бір туысқаныңыздың үйіне жіберу үшін, таныс-тамырдың ,көршінің көлігіне немесе таксиге, тіпті ақшасын төлеген күннің өзінде де, өзіңіз немесе жақыныңсыз көлікке салып жібере алмайсыз.

 

Тағы бір айта кетер жәйт – бала өмірге келгенде оның ең жақын адамы, тірегі, қамқоры, сенері мен сүйенер де ата-анасы. Мейлі ол кәмелеттік жасқа толса да ең жақын жандарының қанатының астынан бірден ұшып кете алмайды. Қанаттары қатайғанша, нық қадам басқанша қамқорлыққа зәру болмақ.

Осындайда бір оқиға еске түседі. Шамасы ауылдан қалаға келген болуы керек, ерлі-зайыптылар екі айлық сәбиді жақын туыстарына бір-екі сағатқа қалдырады. Бас-көз болуды өтініп, өздері шаруаларымен шығып кетеді.

Зейнет жасындағы туыстары болса «Ой, бос отырмыз ғой, әрине бір кішкентайды екеулеп қарап береміз» деп қуана-қуана баланы алып қалады. Біраздан соң ата-анасы үйге келіп, сәбиді қолға алып, үйлеріне қайтады. Жол жүріп келе жатып, баланың жиі құса беретінін байқайды. Туыстарына хабарласып, баламызға не болды дейді. Олар да аң-таң. Сүтінен басқа ештеме бермедік, ойнаттық, күлдірдік деп азар де безер болады.

Сұрастыра келе сәбидің диваннан жерге байқаусызда бір рет құлағанын біледі. Айтуларынша өзіміздің балалар өскенше осылай құлаған диван ғой, одан зақым болмауы керек дегенін естиді. Өкінішке орай, туысына қалған жас сәбидің өміріне қауіп әкелген факт осылай тіркеліпті. Амал нешік. Екі сағаттық көмектің арты қайғыға әкеп соқтырғаны ата-анаға қиын.

Сол себепті баланы, жасөспірімді «көршісінің үйіне қона қойсын», «бір сағатқа ойнап келсін», немесе «Ағасының қасына ұйқтай салсын» дегенді тоқтатқан жөн. Баланың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты екендігін ұмытпайық.

Оған қоса, қазақтың «Ұлды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деген ежелден келе жатқан мақалынының астарында үлкен мән жатыр. Балалар аман болсын.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале