Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ еліміздегі су тасқыны кезінде көрсеткен ерлігі үшін батысқазақстандық құтқарушы Қуаныш Құмаршиев Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл туралы БҚО ТЖД-ның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Суреттер Ақорда мен БҚО ТЖД-ның баспасөз қызметінен
Азаматтық қорғау аға сержанты Қуаныш Құмаршиев Төтенше жағдайлар қызметінде 2017 жылғы желтоқсаннан, дәл қазір атқаратын лауазымында 2024 жылғы қаңтардан бастап қызмет етеді.
Биыл 26 наурызда су тасқыны салдарын жою барысында авариялық-құтқару жұмысын жүргізу үшін қызметкерлер тобының құрамында аға сержант Қаратөбе ауданына барады.
Құтқарушылар барған кезде ұзақтығы 2,5 км және тереңдігі 1 метр болатын су басқан «Жымпиты-Қаратөбе» автожолымен Орал қаласынан Қаратөбе кентіне жедел медициналық жәрдем көлігіндегі науқасты жеткізу мен гуманитарлық көмек апару үшін инженерлік техника мен көліктің өту қажеттілігіне жағдай жасау жөнінде тапсырма беріледі.
Дәл сол кезде су басқан автожолдың көрінбеуі қиындық туғызады.
Автотехниканың өтуін ұйымдастыру үшін №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры М.Сұлтанов пен азаматтық қорғау аға сержанты Қ.Құмаршиев автожолдың шетінде жаяу жүгіріп, мұзды судың күшті ағынын еңсеріп, жарақат алу қаупіне қарамастан техника жүргізушілеріне қауіпсіз бағыт көрсетіп, күрделі учаскеден өткізеді.
Қызметкерлердің батыл және табанды әрекетінің арқасында науқас аталған орынға жеткізіліп, Қаратөбе ауданы елдімекендерінің тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп, су басқан мекеннен 150 адам эвакуацияланды.
Еске салсақ, осыған дейін бүгін Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өткенін жазған едік.
Гүлмира Саренғали
zhaikpress.kz